Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қант диабетіне шалдыққандар саны көп

Қант диабетіне шалдыққандар саны көп

Айқын-ақпарат
1361
Қант диабетіне шалдыққандар саны көп «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Назар аударыңыз: Диабет жаныңызда» жобасының ұйымдастыруымен және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша дөңгелек үстел өтті.

Елімізде 290 мыңнан астам адамға диабет диагнозы қойылған. Олардың саны жыл сайын 12 пайыз­ға өсіп келеді. Ресми дерек­тер бойынша өткен жылы тағы да 30 мың 346 адамға диагноз қойыл­са, биылғы жылдың тоғыз айында олардың саны 26 мың 524 адамды құраған. Оның 90%-ы – екінші типті диабет. Бұл ауру көбіне тамақтану режимін сақтамау мен қозғалысы аз өмір салтын ұстау нәтижесінде пайда болады.
«Нұр Отан» партиясы сай­лауал­ды бағдарламасының «Ден­саулық сақтау» бағыты бойынша комиссия жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың айтуынша, адамға диабет диагнозы қойылса, ол өмір бойына және айналасын­дағыларға ол адамдармен тұруды үйренуі керек.
– Қазіргі таңда Қазақстанда өлімге алып келетін аурулардың көш басында 5 ауру түрі тұр. Соның ішінде қант диабеті жүрек-қан тамыры аурулары мен он­ко­логиялық аурулардан кейінгі үшінші орында тұр. Біздің қант диабеті ауруын бөлек қарап отыр­ған себебіміз, ол әлемдік ауруға айналып кетті. Өкінішке қарай, аурудың алғашқы типі байқалмай өтетіндіктен, көбіне екінші типке келгенде диагноз анықталып жатады, – деді депутат.
З.Аманжолова қант диабетінің алдын алуға болатынын айтып оқырмандарға медицина қызмет­кері ретінде кеңестер де беріп өтті. Қазірде бала дүниеге келген­нінен бастап оның осы аурудан сақтаудың жолдары қарас­ты­рыл­ған. Егер сәби туылған кезде сал­мағы әдеттегіден көп болса, онда бірден денсаулығын тексереді. Өйткені толықтық та диабеттің бір нышаны болуы мүмкін. Мек­теп жасындағы оқуышының не­мен тамақтанып, қандай спортпен айналысып жүргеніне ерекше назар аударған жөн. Қант диабе­тіне шалдықпау үшін ылғи қоз­ғалыста жүріп, спортпен айналысу керек. Сонымен қатар жылына бір рет қант диабетінен тексе­рістен өту қажет. 
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Наталья Годунованың айтуынша, қант диабеті асқынуы­нан емделуден гөрі, ауру белгілері енді басталып кеткен науқасқа емделу 12 есе арзанға түседі.
– Қант диабеті мүгедектік емес. Алайда диабет кезіндегі мүгедектік – оның қатты шие­ленісіп кетуінен туындайды. Ол инфаркт, инсульт, бүйректің жұ­мыс істемей қалуы, көздің көрмей қалуы және ампутация. Ха­лықара­лық диабеттік ассоциа­цияның ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 700 мың адам қант диабетімен ауырады. Тек көптеген науқастар өзінің қант көрсеткі­шінің жоғарылап кеткенін білмейді, – деді Н.Годунова.
Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігінің бас штаттан тыс эндекринологы Лаура Даниярованың мәліметін­ше, 2040 жылға қарай әлемде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны 642 млн болуы мүмкін.
– Халықаралық диабет фе­дерациясына 415 млн адам тір­келген. 2005-2015 жылдар ара­лығында қант диабетімен ауы­ратын науқастардың саны 130 пайызға өскен. Ағымдағы жыл­дың алғашқы алты айы бойынша үлкендердің бірінші типтегі ау­руға шалдығуы 3,1 пайыз өсуін қамтыса, балалар мен жасөспірім­дерде ол 4,5 пайызға өскен. Ал екінші типте жалпы ортақ өсу көрсеткіші 3,1%-ды құрап отыр. Бізді екінші типтің балалар мен жасөспірімдерде кең етек алып жатқаны қобалжытады. Аймақ­тық аурудың таралуына келсек, Алматы облысы, ШҚО және ОҚО науқастардың саны жөнінен алғашқы орындарда тұр, – деп атап өтті Л.Даниярова.
ҚР Диабеттік ассоциация пре­зиденті Лейла Жұбандықова 2015-2016 жылдардағы ҚРДА (ҚР диабеттік ассоциациясы) монито­рингі қорытындысымен бөлісті.
– Диабеттік ассоциация 2014 жылдан бері қант диабетіне мо­ниторинг жүргізіп келеді. Соңғы екі жылда біз 15 аймақты аралап шықтық. Негізгі проблемаларға тоқталсақ, бірінші кезекте бала­лар эндекринологы сияқты қыз­меткерлердің жетіспеушілігі, онан соң диабеттік табан кабинет­терінің аздығы, педиатр деген мамандықтың жоқтығы, мемле­кеттік бюджеттен диабеттік табан қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қаржы бөлінбегендігі. Сонымен қатар диабеттік орта­лықтардың тек облыстық ауру­ханаларда ғана бар екенін атап өткім келеді. Ең басты проблема – білімді мамандардың тапшы­лығы, – деп негізгі мәселелерді ті­зіп шықты Л.Жұбандықова.

Көркем ӨМІРӘЛІ