Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мейіргүл ата-анасымен қауышады

Мейіргүл ата-анасымен қауышады

Айқын-ақпарат
1082
Мейіргүл  ата-анасымен қауышады Ішкі істер министріне Қытайдағы әке-шешесін елге қайтару, оларға рақымшылық жасау туралы өтініш айтқан Мейіргүл Ұларбекқызының өтініші орындалды.

Газетіміздің өткен санында 7 желтоқсанда «Нұр Отан» пар­тия­сының республикалық қо­ғамдық қабылдау бөлме­сінде Ішкі істер министрі Қ.Қасы­мовпен өткен қабылдауы туралы жазғанбыз. Сол қа­был­дауда 9 жасар Мейіргүл Ұларбекқызы Алматыдан ке­ліп, министрдің қабылдауында болды. 

Мейіргүл – әке-шешесі­мен бірге Қытай Халық Рес­публи­касынан көшіп келген оралман. Жасы тоғызда. Қазір Алматы қаласындағы №93 мектептің 3 «Ә» сыныбында оқып жатыр. Мейіргүлдің әкесі Ұларбек Са­мет пен шешесі Тұрсын Оралхан 2016 жылғы 8 тамызда Алматы қаласының маманданды­рылған ауданаралық әкім­шілік сотының қаулысымен ҚР Әкімшілік құ­қықбұзу­шылық туралы ко­дексінің 517-бабы 4-бөліміне сәйкес (белгіленген мерзімде елден шығудан жалтару) әкім­шілік жауапкершілікке тарты­лып, сот шешімімен әкесі бір тәулікке қамауға алынған, ше­шесі айыппұл төлеген.  
2016 жылғы 14 тамызда олар Қазақ­станнан «Қорғас» ба­қы­лау-өткізу пункті арқылы шы­ғып кеткен. Заң бойынша енді олар­дың Қазақстанға 5 жыл бойы кіруіне рұқсат жоқ. Қар­ғадай қыз Мейіргүл та­ныс­та­рының қолында Ал­матыда жал­ғыз қалған. Пар­тияның қоғам­дық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер ми­нистріне өтінішін ай­тып, ата-анасының тезірек Қазақстанға оралуына рақым­шы­лық жа­сауын сұраған еді.
Ішкі істер министрі Мейір­гүлдің өтініші бойын­ша, Сырт­қы істер министр­лігінің Кон­сулдық департа­ментіне хат жа­зып, Үрімжідегі консулдықтан Ұларбек Самет пен шешесі Тұрсын Оралханға елімізге кіру визасын беруді сұрапты.
«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Үрімжідегі Мейіргүлдің ана­сынан телефон арқылы қуа­ныш­ты хабар келді. Олар еліміз консулдығынан Қазақ­станға келу визасын алды. Енді са­наулы күндерден соң, Алматыда қалған қызымен аман-есен қауышады.

 

 Таңшолпан ТӨЛЕГЕН