Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бұл – тәуелсіз елдің поэзиясы

Бұл – тәуелсіз елдің поэзиясы

Гүлзина БЕКТАС
1025
Бұл – тәуелсіз елдің поэзиясы Тәуелсіздік тойы қарсаңында рухани әлеміміз тағы бір ерекше дүниемен толыққан. Мұның ерекше болатын жөні бар: мәңгілік елдің мақсат-мұратын жырлайтын жыр шумақтарынан жинақталғаны. «Мәңгілік елім менің» антологиясы осындай негізбен дүниеге келіп отыр.

Поэзия антологиясының тұсаукесері елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылды. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, кітапты шығаруға атсалысқан зиялы қауым өкілдері жиылды.
«Мәңгілік елім менің» ан­тология­сының ерекшелігі неде? Мұнда қазақ, орыс тіл­дерінде жыр жазатын отандық ақындардың шы­ғармашылығынан бөлек, еліміздегі өзге де түрлі этнос өкіл­­­дерінің төл тілінде жазған өлең­дерінің топтасқандығы. Қазақша және өзге тілде жазылған өлеңдер түп­нұс­қамен бірге орыс тіліне аударылып отыр. 
Антологияның бірінші бөлімі – қазақ ақындарының өлеңдерінен тұрады. Бұған он төрт қазақ ақы­нының жырлары топтастырылған. Екінші бөлімге неміс, кәріс, күрд, ұйғыр, белорус, өзбек, түрік, татар, дүнген, шешен әдебиет өкілдерінің шығармалары енсе, үшінші бөлімге орыстілді ақындардың жырлары жинақталған екен. 
Тұсаукесер рәсімін Қа­зақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, белгілі ақын Нұрлан Оразалин жүр­гізді. Бұл жинақтың жарық көруіне Жазушылар одағының тікелей қатысы бар. Одан бөлек, Қазақстан халқы ассамблеясы да тікелей қолдау көрсеткен. Ал қаржылық жағынан демеушілік жасаған «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры. 
«Әлі күнге есімде. 1991 жылдың 16-17 жел­тоқсаны болатын. Сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы орталық алаңға жүз мыңға жуық ха­лық жиылды. Жаңбыр аралас қар жауып тұрған. Сол күні тәуелсіздігіміз туралы алғаш рет жария етілді. Сол митингіде халықтың қалай шаттанғаны, қалай қуанғаны да әлі күнге көз алдымда. Тәуелсіздік дей­­тін киелі, қасиетті ұғым бүкіл халыққа қажет екен­дігін аңғартқан болатын. Сонда еліміздің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мем­лекеттердің бірі – Түркия болатын. Одан кейінгісі – АҚШ. Осылайша, барлық мемлекеттер ел тәуелсіздігін бірте-бірте мойындай бас­тады» деді Жазушылар одағы басқарма төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин.  
Шара барысында сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдрахманов бұл істі тікелей қолға алып, жүзеге асырғаны үшін меценат, қор басшысы Исламбек Салжановқа ал­ғысын білдіріп, «әдебиет пен өнер халықтың жаны» екендігіне тоқталды. Өнер мен мәдениет халықты бір арнаға тоғыстырады. Бір ортақ мүд­деге жұмылдырады. Рухани әлемге жетелейді. 
Осы орайда Мәжіліс де­путаты Сауытбек Әбдрах­мановтың: «Мәңгілік елім менің» антологиясы арқылы қазақстандықтардың бір-бірін бұ­рынғыдан да жақын тарта түсуіне жағдай жасалады. Өйткені, жүректерге ең жақын жол сол жырлар арқылы салынады», – деген сөзін тілге тиек етсек те болады.


 

Антологияның жарыққа шығуы­на мұрындық болған «Алтын қыран» қайырымдылық қорының президенті Ис­ламбек Салжанов мырза: «Қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы» деп еді Елбасы өзінің халыққа жариялаған Жолдауында. Президентіміз айтпақшы, ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған, қаншамасы сол үшін құрбан болған, Мәңгілік ел идеясының түпқазығы, бастауы – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына да куә болар сәт туды, мінеки. Бұл тарих үшін көзді ашып-жұмғандай бір ғана сәт болғанымен, қазақ елі үшін ең маңызды, ең жауапты және ең шешуші тарихи кезең екені ақиқат. Осындай сындарлы сәтте тарихтың асау толқынындағы Қазақстан атты кемені небір дүлей дауылға ұрындырмай, оны асқан еп­тілікпен басқару жүректі һәм шынайы Көшбасшының ғана қолынан келетін дүние еді. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Президент Н.Назарбаевқа әлі талай рақмет айтары күмәнсіз. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді Абай. «Үлкен ел – Үлкен отбасымыз» дейді Мәңгілік ел патриоттық актісі. Үндестік пе? Үндестік. Және ғасырлар бойы жал­ғасып келе жатқан әдемі үндестік. Тұғыры биік тәуелсіздік мерекесіне тарту-таралғы есебінде шығып отырған бұл кітаптың басқа кітаптардан жөні де, жолы да бөлек. Бөлек болатын себебі, мұнда қазақ топырағында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің ең үздік шығармалары топтастырылған. Қай оқырманға да оқуға ыңғайлы антология екі тілде қатар берілгенімен де құнды деп есептеймін. Мәні бөлек, маңызы зор осы бір жобаны жүзеге асырғаны үшін қа­ламгер қауымның қасиетті қара шаңырағы саналатын Қазақстан Жазушылар одағына өз ризашылығымды білдіремін» деді. 


Осы орайда Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдрахмановтың: «Мәңгілік елім менің» антологиясы арқылы қазақстандықтардың бір-бірін бұ­рынғыдан да жақын тарта түсуіне жағдай жасалады. Өйткені, жүректерге ең жақын жол сол жырлар арқылы салынады», – деген сөзін тілге тиек етсек те болады.


Десе дегендей-ақ, қазақтың мұнайы ғана емес, рухани мәдениетінің де экспортқа шығатын уақыты жетті. Оның дәлелі – «Мәңгілік елім менің» антологиясы. «Бұл жинақтың басқа кітаптардан жөні де, жолы да бөлек. Себебі, мұнда Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің ең үздік шығармалары топтасқан. Қай оқырманға да оқуға ыңғайлы антология екі тілде қатар берілгенімен құнды» деп есептейді жинақ авторлары.
Бұл антологияның лейт­мотиві қандай дегенде де, айтары осы болса керек: яғни, «бірлік болмай – тірлік болмайды». 

Өнері мықты елдің өрісі де кең болары белгілі. «Көркемсөз дейтін арманымызға қанат бітірер текті өнердің мерейін үстем етер биіктен көрінген ел мәңгілігін қамтамасыз етер басты атрибуттарымыздың бірі. Тілі әртекті болғанымен ділі біртұтас көпұлтты Қа­зақстан әдебиетінің өткені де, бүгіні де, болашағы да 
Мәңгілік ел  дейтін ұғымнан бастау алары қалай ақиқат болса, сол ұғымға қызмет етері де солай шындық. Бұл – Тәуелсіз Қазақ елінің өмір сүру үлгісінің көрінісі» дейді ақын Нұрлан Оразалин.
Бұл сөзге біздің де алып-қосарымыз аз. Ұлтымыз үшін қасиетті, еліміз үшін киелі, мемлекеттік мәртебеміздің баяндылығын әлем алдында айғақ­тар осынау айтулы мереке – ширек ғасырлық мерейтой тұсында оқыр­мандар қолына тиген  аталмыш жинақ авторлары Майқы бидің «Береке түбі – бірлік!» деген сөзімен бекер түйіндемесе керек. 
Расында да, бірлік бол­ған жер­де тірлік болады. Антологияны ұйым­дас­тырушылар да осыны мең­зесе керек. Антологияға қаржылық көмек көрсетіп, демеушілік жасаған Исламбек Салжановтың рухани әлемге қолұшын беруі алғаш рет емес. Бұған дейін де оның есімі  қазақ мәдениетіне, түрлі мәдени шараға, айтыс өнеріне демеушілік жасаумен танылып келеді. Оның жас­тарға да қамқорлығы ерекше. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жаужүрек мың бала» фильмі жарыққа шыққан кезде отаншылдық рухты шынайы көрсеткені үшін Асылхан Төлепов бастаған актерлерге 1 миллион теңге сыйақы бергені де азаматтық болатын.