Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қарлы боранда құтқарушылардың көмегі зор

Қарлы боранда құтқарушылардың көмегі зор

Айқын-ақпарат
848
Қарлы боранда құтқарушылардың көмегі зор Аязы қытымыр, қары борап, жол жүрудің өзі қиынға айналып кететін шығыс өңірде әсіресе, қыста жұмыс ауырлайды. Жолда тұрып қалған көліктерді тиісті жеріне жеткізіп, елдің алғысын алып жүрген азаматтардың бұл орайда жөні бөлек.

Іңкәрбек Жангелдіұлы Атабаев «Қазавтодор» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның, Шығыс Қазақстан облыстық филиалдың директоры қызметіне тағайындалғаннан бері облыс жолындағы күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп, жүргізушілер мен жолаушылардың көңілінен шығып отыр. Ол осы қызметке дейін Жарма ауданында, жол пайдалану учаскісінде басшылық қызметте істеген. Іңкәрбек Жангелдіұлы қарапайым жұмысшылардың әлеу­меттік жағдайын жақсы түсінетін мейірімді азамат. Ол сол аймақтағы барлық жол пайдалану учаскілерінің жағдайымен та­нысып, олармен жеке кездесулер өткізеді. Әсіресе, қыс айындағы механизатор трактористердің еңбек ақысына көп көңіл бөлді. Соның нәтижесінде, облыстың барлық бағытына қатынайтын жолдардың жағдайы жақсы деуге болады. Боранды күндері барлық жол қардан тазартылып, аялдамалар, көпірлер, жолдың шетіндегі темір қорғандар жұ­мысшылардың қол жұмысы арқылы жүзеге асады. 18 жыл бойы жол саласында еңбек еткен Мұрат Құсманұлы Макиев басқаратын мекеме Өскемен – Риддер, Өскемен – Шемонайха және Ресеймен шекаралас ай­мақтардың 270 шақырым жол учаскілерін күтіп тазалайды. Биыл Шығыста қыс қаһарлы болып тұр, қар да әдеттегіден ерте жауып, жолдарды жауып тастады. Міне, осындай қиын сәтте жолшылар, байырғы механизаторлар, жүргізушілер күн демей, түн демей, ұйқысыз, күлкісіз, күндіз-түні еңбек етті. Шемонайха ау­данына қарасты Уба кеден бекеті маңында қатты бұрқасын болып тұрады. Осындай да бригадир Рашид Тюлюповтің көмегімен механизаторлар боранда қалған талай жолаушыларды құтқарған. Нақтырақ айтсақ, 60-70 жеңіл көлік машинасы жолдан шы­ғарылып, 1050 адам құтқарылған. 
Шығысқазақстандық жол­шылардың еңбегі ерен. Сонымен бірге, Белоусовка, Черемшанка кентінің халқы Мұрат Құсманұлы басқаратын жол пайдалану учаскі ұжымының жұмысына шексіз риза. Аталмыш мекеменің ма­шина-трактор стансалары, жылы гараждары механизаторлар үшін өте қолайлы әрі жылы. Қыста техникалар қатпайды. Жұмыс­шылардың айтуына қарағанда ұжымда тәртіп бар, ұйымдастыру жұмыстары да жолға жақсы қойылған, адамдары да өте ұйым­шыл. Жылы киіммен жабдық­талған, корпоративті байланыс және әрбір жұмысшының қолында ұялы телефоны бар. Сол арқылы олар орталықпен байланыс жасап барлық жол бағытындағы жағ­дайды біліп, толық ақпарат алып отырады. 
Ауыл ақсақалдардың айтуына қарағанда, қар тазалаушыларда тыным жоқ. Ең ауыр жолдар да осы. Шемонайха ауданы әкімшілігі «Қазавтодор» жолшыларына техникамен көмектесіп тұрады. Облыс әкімі Даниял Ахметов жол саласына инвестиция тарту жө­нінде көп еңбек сіңіргеннің бірі. Болашақта ескі техникаларды жаңартуға, жол бойындағы бекеттерді бүгінгі заман талабына сай жөндеуге ерекше көңіл бөлуде. Қазірдің өзінде Шемонайха аудан орталығында бір бригада, ал Предгорный ауылында тағы бір бригада үзіліссіз жұмыс істеуде. Риддердегі жағдай да жіті ба­қылауда, мұнда да екі бригада тұр. Біріншісі – Белоусовка ауылында, екіншісі Черемшанка да қар тазалау үстінде. Черемшанканың өзінде биыл бір метрге таяу қар түсті, осы өңірде аса қауіпті «Казлушка» асуы бар. Ол өте қатерлі, үнемі осы жолды қар басып, қатты боран соғып тұрады. Ал күз бен көктем айларында көктайғақ болады. Тауға шығуға қауіпті биіктік жүргізушілерге қиындық туғызады. Қар түскенде сол жолдар тазартылады. Көк­тайғақ болмас үшін техниканың көмегімен құм шашылады. Күз мезгілінде жолдардың бойына, яғни шетіне алдын-ала құм төгіліп апарып қойылады, кестелер ілінеді. Ал жаз мезгілінде шұң­қырларды жөндейді, ағымдық және күрделі жұмыстар атқа­рылады. Жол бағытындағы бел­гілер жөнделіп ауыстырылады, боялады, шөптер шабылады. 
Мұрат Құсманұлының айтуына қарағанда, жұмысшы күші бұрыннан қалыптасқан. Ұжымда 10-15 және 20 жыл жұмыс істеген адамдар бар. Оларға еңбекақысына қосымша ақы төленеді. Егер жолда жолаушылардың көлігі сынса, жол пайдалану учаскісінің гаражына әкеліп жөнделеді. Жалпы, бүгінге дейін жолда қалған адам да, үсік шалғандар да жоқ. Қалың қар дер кезінде тазаланып, жол уақтылы ашылып тұр. Үкімет жылдан жылға жол саласына уақтылы қаржы бөліп тұр. 
Негізі жол пайдалану учас­кесінің бастығы Мұрат Құсманұлы Макиевтің мекемесінде әр ұлттың өкілдері еңбек етеді. «Қазақстанда тыныштық, тұрақтылық, ауыз­бірлік бар. Тек ерінбей еңбек еткен адамға елде барлық жағдай жасалған» дейді жергілікті жұ­мысшылар. 
«Казавтодор» республикалық мемлекеттік кәсіпорын Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Іңкәрбек Жангелдіұлы Атабаев жол саласының ой-шұңқыры мен қауіпті жерлерін жақ­сы біледі. Сондықтан бұл күн­дері жол үстінде жолшылармен қоян-қолтық бірге араласып, олар­ға дұрыс бағыт-бағдар беріп жүр. 
– Болашақта біздің жолдар да шетелден еш кем болмайды. Егер біз жол ережесін сақтап, тәртіп пен тазалықты сақтасақ, төтенше жағдай орын алмайды, – дейді тәжірибелі, іскер азамат Мұрат Құсманұлы Макиев.