Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әртараптандыру мен жаңа нарыққа бағытталады

Әртараптандыру мен жаңа нарыққа бағытталады

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
980
Әртараптандыру мен жаңа нарыққа бағытталады

Индустриалды даму бағыты бойынша партиялық куратор, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың бас болуымен әйнек зауытында өткен комиссия отырысында отандық тауарөндірушілердің жеткен жетістігі мен бағындырар белесі және қазіргі проблемалары күн тәртібіне қойылды.

Отырыста Инвестициялар және даму министрлігі Өнер­кәсіптік қауіпсіздік және индус­триялық даму комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов баяндама жасады. Ол үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарла­масының алғашқы бесжылды­ғында құны 3 трлн теңгелік 770 жоба жүзеге асқанын, оның 65-не шетелдік инвесторлар атса­лысқанын атап көрсетті.
– Құны 4 трлн теңгеден аса­тын өнім өндірілді. Оның 23 пайы­зы экспортқа бағытталды. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашыл­ды, – деді Комитет төра­ғасы.
Бұдан кейін А.Ержанов индустрияландыру және инновациялық технология­ларды дамыту тұрғысында жүзе­ге асқан мемлекеттік бағдарлама өте сәтті болғанын баяндап: «Жалпы алғанда алғашқы бес­жылдық табысты тәмамдалды. Алайда келесі бес жыл ішінде жетілдіруге сұранып тұрған бағыттар бар. Біз сол салаларды дамыту арқылы Қазақстан экономикасын қазіргіден биік көрсеткіштерге жеткізуді көздеп отырмыз», деді.
Сөз арасында ол ҮИИДМБ-нің екінші бесжылдығы әрта­раптандыру мен жаңа нарыққа бағытталып отырғанын жет­кізді.
– Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекет­тік бағдарламасының екінші бесжылдығы алғашқы бес жыл­ға арналған бағдарламадан айтарлықтай ерекшеленеді. Мұн­да экономика құрылымын әртараптандыру, сонымен қа­тар, нақты салаларды анықтап, оларға салықтық және басқа да жеңілдіктер жасау қарастырыл­ған, – деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, әйнек зауыты тәулігіне 1000 шаршы метрге жуық өнім өндіреді. Отандық өнімге қажетті материалдың бар­лығы осы зауытта дайын­далады.
2006 жылы ашылған зауыт еліміздегі үздік инновациялық жобаның бірі болып саналады. Қазіргі таңда ол еліміздегі басқа кәсіпорындардан оқ бойы озық тұр.