Негізгі бет  /  мақалалар  /  NURINTECH – идеялар қолдаушысы

NURINTECH – идеялар қолдаушысы

Айқын-ақпарат
1073
NURINTECH –  идеялар қолдаушысы Нұржан ЕСМАҒАМБЕТ, Е.Бөкетов атындағы ҚМУ Robatics and Intelligent Machines лабораториясының жетекшісі, NURINTECH байқауының Гран-при иегері:

– «Нұр Отан» партиясы жастарға арналған NURINTECH республика­лық байқауы халықаралық инновациялық байқауларға қатысуға жол ашты. Мұндай ғылыми бәйгелердің рес­публикалық деңгейде өткіз­ілуі жас ғалымдардың ғылыммен айналысуына үлкен серпін береді. Байқауға ұсынған жобам – «Ұшқышсыз ұшу аппараты» (ҰҰА) жиынтығы. Оны қысқаша дрондар немесе коптерлер деп атаймыз. Олар мәлі­меттерді бақылау, жинақтау және қорыту қызметтерін атқарады. Жиынтық 6 жабдықтан тұрады, оның бесеуі – «коптер» түріндегі тікұшақ ҰҰА және біреуі – «ұшқыш қанат» үлгісіндегі ұшқышсыз аппарат. Әрқайсысы өзіне тән техникалық мүмкіндіктері мен көлеміне байланысты кластарға жіктеледі. Яғни, бұл жиынтықта әр кластан бір түрді жасап шығуға тырыстым. Жиынтыққа, оны тестілеуге 3,5 ай уақыт кетті. Жоба қашықтықтан басқарылатын және жартылай автоматты басқарылатын түрлі дрондар класын біріктіреді. Олар инженерлік зерттеу жұмыстары мен агроөнеркәсіп кешендерінде, архео­логияда қолданбалы міндеттерді шешуде түрлі тех­никалық мүмкіндіктерге ие. Коптерлерді қашық­тықтан жерді бақылауда, үлкен аймақтарда адамдар мен жоғалған жануарларды іздеуде пайдалануға болады. Бұлар «жасыл» технологияға жатады. Олай дейтінім, коптерлердің қызметінен зиянды қалдықтар қалмайды. Мұндай дрондар АҚШ-та, Израиль мен Ресейде жинақталады. Мобильді ұшу аппаратының техникалық мүмкіндігі жоғары, оны кез келген жоғары оқу орындары мен колледждерде қолдағы бар құрал-саймандармен құрастыруға болады. 
Коптерлер ғаламторда видеоны тікелей трансля­циялаудан бастап, жеке тұлғалардың нақты бейнесі мен автокөліктердің қозғалысын бақылай алады. Сонымен қатар аталмыш құрылғыларды ауыл шаруа­шылығында да пайдалануға болады. Яғни, коптер­лердің жер қыртыстары мен топырақтың құнарлығын, ылғалын және жалпы құрамын анықтауға мүмкіндігі бар. Ұшу уақыты – 14-20 минут. 1 сағатқа дейін қуатын сақтай алады. Құрылғының жұмыс тәртібін жеке және автоматты түрде реттеуге болады. Ғаламтор же­лілерінде видео трансляциялауға болатын және түсірілімді сапалы жүргізуді реттейтін бағдарламалар мен арнайы камералар орнатылады. Заманауи смартфондардағы iOS пен Android жүйелерін қабылдайды. Салмағы 1,72 келі болатын құрылғылар 2 келіге дейінгі затты көтере алады. Бағасына келер болсақ, 300 мың теңгеден басталып, 1,5 миллион теңгеге дейін барады.

Никита НОСКОВ,  химия-биология бағытындағы Назарбаев мектебінің оқушысы, «Перспектива» аталымының I орын иегері:
– Данил Прохоренко екеуміз жетекшіміз Нұр­болат Досболовтың басшы­лығымен осы жобаны бірлесіп қолға алдық.  Пре­­зидентіміздің ұйытқы болуымен өткізілген бай­қауға ұсынған жобамыз «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе» (ЖҚҚЖ) деп аталады. Бұл жоба заманауи мегаполистердегі ең өткір мәселелердің бірі – жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған. Бәріміз білетіндей жол апатта­рының көбеюі транспорт легінің қарқынды өсуіне тікелей байланысты болып отыр. Ұсынылып отырған техникалық шешім көлік жүргізушілерге жолда болуы мүмкін апатты жағдайларды жеткізеді. Жобаның даму стратегиясы ЖҚҚЖ компоненттерін кезең бойынша дамуын болжап отыр. «П-Сигналы» сол компонент­тердің біріне жатады. Ол жолдың екі шетіне орна­ласады, жолда жүру жолағын детекторлап, барлық жақындап келе жатқан көліктерге қауіп-қатер дабылын жібереді. Сонда автомобиль тоқтап үлгереді де, жол-көлік оқиғасының алдын алады. Бұл жоба жүзеге асса, жаяу жүргіншілер жолағындағы, авто­мобиль жолдарындағы, әсіресе, түнде және жолдың нашар көрілуі жағдайларында жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Өзге де «ақылды жол» тұжырымдамаларынан айыр­машылығы аталмыш жоба қазірдің өзінде маңызды және бастапқы кезеңде қомақты инвестицияны қажет етпейді. 
Біздің ойымызша, жобамыздың болашағы зор. Оны барлық бағытта дамытуға болатынын ескерсек, жүзеге асуға тиісті жоба екенін түсінеміз. Google, Apple, Tesla және өзге де көптеген алып компаниялардың жол тақырыбындағы көліктегі автоұшқыштар өнімдері жобаларымен сәйкес келеді. Бұл дегеніміз қазіргі заманға сай, дәл қазір қажеттіні ойлағандық болып тұр. Бірақ ең бастысы жобаның мақсаты адам өмірін сақтауға бағытталған. NURINTECH жаңа инно­вациялар жобасында біз адам өмірін құтқара алатын идеямызды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. «Тек өзі үшін ғана жұмыс істейтін емес, өзгелер үшін еңбек ететіндер жетістікке жетеді» дегендей, біздің жоба бәріміз үшін маңызды деп ойлаймыз. Алдағы уақытта жобамызды патенттеу жұмыстарын қарас­тырып жатырмыз.