Негізгі бет  /  мақалалар  /  Маңызды жобаларға жол ашық

Маңызды жобаларға жол ашық

Айқын-ақпарат
993
Маңызды жобаларға  жол ашық Сергей Швец, химия-биология бағытындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің оқушысы, «Арнайы жүлде» иегері:

– Менің байқауға ұсынған жобам экологиялық қауіпсіз қаптама жасауға бағытталған. «Крахмал және глицерин не­гізінде биологиялық ыдырат­қыш полимер синтезі, берілген материалға тән боя­ғыш­тың, эфир майының және поливинил спиртінің әсерін зерттеу» деп аталады. Яғни, крахмал мен глицерин негізінде кең қолданысқа түсетін жаңа материал жасаймыз. Бұл материалдан топырақта ыдырауға қабілеті бар, жоғарыда айтқандай, экологиялық кауіпсіз қаптама жасалынбақ. Бұл химиялық реакциямен және микроорганизмдермен де ыдырамайтын полиэтиленді қаптаманы алмастырады. Осылайша, Қазақстандағы экологиялық жағдайдың жақсаруына әсер етеді. 
Биологиялық ыдыратқыш қабықшаларды сүт өнім­дерінің сақтау мерзімі қысқа болғандықтан, оларды орауға қолдануға болады. Бұл полимерлерді бір реттік ыдыс, пакеттерді өндіру үшін, азық-түлік орау материалы ретінде пайдаланады. Сонымен қатар әуе тасымалда­рында орам контейнері ретінде де қолдана аламыз. 
Жұмыстың басты мақсаты – пайдалану мерзіміне байланысты қысқа уақыт ішінде топырақ микроор­ганизмдері әсерінен ыдырауға қабілетті биологиялық полимерлер қасиеттерін зерттеу және оларды құру. Нәтижесінде, алынған биологиялық ыдыратқыш по­лимерлер ары қарайғы полимер өндірісі үшін орау ма­териалы ретінде анағұрлым перспективті болып есеп­теледі. Оларда уландырғыш заттар болмағандықтан тамақ өнімдерін қаптауға пайдаланады.
Биополимерлер (толық атауы – биологиялық ыды­ратқыш полимерлер) өзге пластмассалардан химиялық немесе физикалық жолмен әсер ету арқылы микро­компоненттерге ыдырау мүмкіндігімен ерекшеленеді. Жаңа материалдың дәл осы түрі қоқыс мәселесін шеше алады. Қазіргі таңда биологиялық ыдыратқыш полимер пластмассаларының нарықтағы саны аз болғанына қарамастан, ол нарықтың әлеуеті үлкен. Бүгінде IТ технологиясы саласында, машина, ойыншық жасауда, т.б. салаларда биополимерлердің қолданылатыны бел­гілі. Бұл полимер белгілі бір жұмыс мерзіміне есептелген, сонан соң полимердегі бұйым одан экологиялық қауіпсіз компоненттерді қоршаған ортаға зиянын тигізбей ыдыратады. 
Қазіргі күні пластмассалық қоқысты қайта өңдеу әлемдік экологиялық мәселелерге арналған. Мамандар­дың пікірінше, полимер қоқыстарының түбегейлі шешімі – қоршаған ортаға зияны жоқ компоненттерге ыдырататын биополимерлерді жасап шығару. 
Жобамның таныстырылуы үшін аса маңызды болған NURINTECH байқауына қатысып, «Арнайы жүлдеге» ие болғаныма өте қуаныштымын. Бізге қолдау білдірген «Нұр Отан» партиясына алғысым­ды білдіремін. 

Мәулен БЕКТҰРҒАНОВ,  Халықаралық ақпараттық технологиялар универси­тетінің студенті, «Әлеуметтік маңызды жобалар» аталымының I орын иегері:
– Жас ғалымдарға арнал­ған NURINTECH республи­калық байқауында топ жар­ғаныма өте қуаныштымын. Біздің жетістігімізді көре білген және көрсете білген «Нұр Отан» партиясына ризамын. 
Байқауға «Бионикалық жасанды қол» жобасымен қатыстым. Заманауи технологиялар жоғары технология­лы протездер жасауда үлкен жетістіктерге жетті. Алайда бұл инженерлік өнертабыстың кемшілігі қымбатты­лығында болып отыр. Қазақстанда механикалық және электромеханикалық протездер шығарылмайды деуге болады. Ал жасалғандары өте қымбат әрі сапасы айтар­лық­тай жақсы емес. Мен жасаған протездің артықшы­лығы бағасының қолжетімділігінде, салмағының жеңілдігі мен бөлшектерінің оңай ауысатынында және смартфонды синхрондығында. Яғни, адам протездің негізгі бөліктерін өзінше алып тастап я өзгерте алады. Протез 3Д – басып шығару технологиясының көмегімен жасалғандықан ол оның бағасын әдеттегі протездермен салыстырғанда арзандатады, өндірісін жылдамдатып, сыртқы түрін жақсартады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды өмір сүру жағдайын қайтару үшін протез адам қолының функцияларын максималды қайталайды. Протездің маңызды элементі – бас бармақ жетегінің өңделген жүйесі. Ол қимылға табиғилық береді, сондай-ақ қолды толықтай алмастыра алады. Бұл өнертабыс III топтағы мүгедек жандарға арналған. Оның ерекшелігі – толығымен Қазақстанда жасалмақ. Жобаның жұмыс тобына осы тақырыпқа қатысы бар және жағдайды толықтай білетін арнайы мамандар қатысты. Танысқан адам үшін жобаның маңыздылығы айқын. Егер Алматы облысы мен Алматы қаласында жобаны жүзеге асыру үшін өндіріс орны іске қосылса, әлеуметтік ахуалға оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Медицина саласындағы өнеркәсіптік материалдық инвестиция Қазақстанның денсаулық сақтау инфрақұрылымының дамуына ықпал етіп, мемлекеттік экономиканың көптеген салаларында көрініс таппақ. Жобаның жүзеге асыруы барысында қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. 3Д басып шығаруды қолдануда экологиялық таза пластик пайдаланылады. Электромеханикалық протездің қолданылу мерзімі бар (шамамен 20 жыл). Пайдалану мерзімі өткеннен кейін қайта қолдану мүмкіндігі де қарастырылған. 
Жобаны жасауға 1,5 жыл уақыт кетті, протездің үш прототипін жасадым.