Негізгі бет  /  мақалалар  /  Армандар орындалады

Армандар орындалады

Айқын-ақпарат
1038
Армандар орындалады Тәуелсіздіктің 25 жылы талай жасқа қанат бітіріп, ел үшін мәртебелі мақсаттарға жетуге жетеледі.

 Сондай жастың бірі – қарағандылық студент Айнұр Неталиева. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның болашағынан мол үміт күттіретін жаңа заман азаматы. Ол өзінің армандары туралы «Нұр Отан» партиясына жазған хатында бөліскен екен.

– Айнұр, өзің туралы әңгімелеп берсең?
– Өзім Қостанай облысы, Арқалық қаласында дүниеге келдім. Бала кезден дәрігер бо­луды армандадым. Алайда «ақ халатты абзал жан болсам» деген аққанат қиялым анам сырқат­танып қалғанда мүмкін еместей көрінді. Анамның ұсынысымен 9-сыныпты бітірген соң жер­гілікті колледжге түсіп, заңгер мамандығын меңгердім. Оқу бітірген соң, Астана қала­сында екі жылдай әскери сотта, Тө­тенше жағдайлар жөніндегі министрлікте құжат жүргізуші болып жұмыс істедім. Дегенмен дәрігер болсам деген арман са­нама бекіп қалғаны сонша, ба­ғымды сынап көрмекке бел бу­дым. Биыл Қарағанды қаласын­дағы Медициналық универси­тетіне қабылданып, «Денсаулық сақтау қоғамы» мамандығының 1-курс студенті атандым. Адам өз арманынан қол үзбеуі керек. Армандар орындалады. 
– «Нұр Отан» партиясына хат жазып, тың ұсыныс жасаған екенсің. Оған не түрткі болды?
– «Отан оттан ыстық» деген ұғымға жас кезімнен қанығып өстім. Мен Отансүйгіш азамат­пын. Отанға деген махаббат сый­ластықпен ұласса, ол адамның рухани деңгейін биіктетеді. Қа­зақстандай елім болғанын мақтан етемін. Жалпы, болашақ­та қан­дай елдерде, мемлекеттерде жүр­сем де Қазақстанды мақтан ететін боламын. Қазақстан соңғы он жылда қарыштап дамып, эконо­микасы мен сыртқы саясатын дұрыс жолға қойды. Тәуелсіз ел атанғанына 25 жыл болды. Өзім Тәуелсіздіктің құрдасы емеспін. Дегенмен бұл мерекені жүрегім­мен сезініп, шат-шадыман қуа­нышқа кенелдім. Тәуелсіздіктің тірегі – Ата заң. Биыл баспасөздің бетінде тәуелсіздіктің құрдастары сөз алып, өз ойларын бөлісіп жа­тыр. Мен Ата заңның құрдасы­мын. Ендеше, біз де шет қал­майық. Ата заңымыздың ел та­рихындағы маңызды құжат екен­дігін жастарға осылай наси­хаттайық. Тәуелсіздік пен Конс­титуция – егіз ұғымдар. 1995 жылы туғандар жігерлі, әділетті болып келеді. 
– Конституцияның құрдасы ретінде замандастарыңа не ай­тасың?
– Оқу орнында «Самұрық» атты жастардың қоғамдық ұйымы бар. Соның белсенді мүшесімін. Студенттерді қоғамда болып жатқан шаруаларға тартып, түрлі шара өткізуге мұрындық болып жүрмін. Жарты жылдың ішінде екі мақтау қағазына ие болдым. Ректор мен декан менің белсен­ділігімді оң бағалап, жұрт ал­дында марапаттады. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Біз Қазақстанда болып жатқан оқи­ғаларға бей-жай қарай алмаймыз. Сол себепті, елімізді өркендетуге өз үлесімді қосуға тиіспін. Осы­мен тоқтап қалмаймын. Ме­ди­цина қызметкері мамандығын иеленген соң, заңгерліктің жо­ғары білімін аламын. Қазақстанға пайдалы маман болғым келеді. Бізге осындай мүмкіндік беріп отырған, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сали­қалы саясаты. 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы