Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қанат Исламның келесі жекпе-жегі АҚШ-та өтеді

Қанат Исламның келесі жекпе-жегі АҚШ-та өтеді

Айқын-ақпарат
1045
Қанат Исламның келесі жекпе-жегі АҚШ-та өтеді   Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам жарақаты жайлы, сондай-ақ алдағы жоспарлары туралы мәлімдеді, деп жазады dodasport.kz.

«Кәсіби рингке екі қарсылас та тек жеңіс үшін шығады. Шаршы алаңға шыққанда сен ешқашан да жалғыз емессің. Саған үміт артқан, тек жеңіс тілейтін, бойыңа ерекше бір күш беретін үлкен бір ел тұрады. Рингке мен ылғи да жеңіске жетіп, көк туымызды кезекті рет желбірету үшін шығамын. Бұл үшін бойымдағының бәрін саламын. Соңғы кездесуде шамамен екінші-үшінші раундта қолымды жарақаттап алдым. Қарсыласыңа соққы жасаған кезде өз қолыңды жарақаттап алатын сәттер бокста жиі болып тұрады. Осыдан кейін тактикамызды бірден ауыстырдық. Қарсыласымды титықтатып, ұпай бойынша жеңуді көздедік. Бұл мақсатымызға жеттік те. Қазір қолым жазылды. Келесі жекпе-жекке дайындалу үстіндемін», - деді Қанат. Халықтың денсаулығыңызға алаңдаушылық білдіргені қаншалықты оң әсерін тигізді деген сұраққа: «Шыны керек, әрбір боксшыға бүкіл елі болып, денсаулығын ойласа, қосымша күш береді. Мен тек өзімді ойлау үшін ғана бокста жүрген жоқпын. Өскелең ұрпаққа тура жол көрсетсем деймін. Егер біз оларға жол көрсетпесек, басқа кім көрсетеді? Сондықтан да белгілі бір межеге тоқтамауымыз керек», - деді ол. Сонымен қатар, Қанат рингке қашан шығатынын да айтты. «Келесі кездесуім АҚШ-та өтеді. Алдағы 10-15 күнде кіммен қарсыласатыным және қай күні өтетіні белгілі болады», - деді. Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінде жекпе-жек өткізу туралы ол: «Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шақырып, бокс кешінде жұдырықтасу туралы ұсыныс жасады. Мен келістім. Бәрімізге белгілі, халықаралық көрмеге көптеген туристер келеді. Оларға өзіміздің жетістіктерімізді, көз тартар ғимараттарымызды ғана емес спортымызды да паш етуіміз қажет. Қазір әлемде қазақстандық боксшыларға үлкен сұраныс бар. Ал елімізде чемпион болу үшін тынбай жаттығып жүрген көптеген өрендерімізді білемін. Меніңше, шетелдіктер ЭКСПО кезінде бокс кешіне қуана-қуана қатысады», - деді.

 dodasport.kz.