Басты  /  мақалалар  /  «ТҮРКСІБПЕН» ҚАЙТА ҚАУЫШТЫҚ

«ТҮРКСІБПЕН» ҚАЙТА ҚАУЫШТЫҚ

Гүлзина БЕКТАС
1282
«ТҮРКСІБПЕН» ҚАЙТА ҚАУЫШТЫҚ «Түрксіб» деректі фильмінің шыққанына 87 жыл толыпты. Деректі фильмнің архивте шаң басып жатқанына да осыншама уақыт. Неге?

«Түрксіб» деректі фильмі 1929 жылы қа­­зақ даласында түсірілгенімен, өкінішке қарай, бұл фильм цензурадан өтпей, архив­те қалып қояды. 

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қа­­зақ даласы туралы түсірілген фильмнің ре­­­жиссері – Виктор Турин. Туриннің жас­тық шағы АҚШ-та өтті. Санкт-Петерборда дү­­ниеге келген жеткіншек алыстағы туыс­та­рын іздеп, мұхит асты. Массачусетс тех­но­логия институтын бітірген соң, бес жыл Гол­ливудта еңбек етті. 1923 жылы Санкт-Пе­­терборға қайта оралады. 
Виктор Туриннің Мәскеуге келгеннен кейінгі алғашқы жұмысы – «Түрксіб» де­ректі фильмі. Бұл фильмнің негізінде Ор­та­лық Азия мен Сібірді біріктірген магист­раль жатыр. Деректі фильм түсірілгеннен кейін америкалық және британдық до­кументалистерге ерекше әсер етеді. Тіпті ба­т­ыс бұл картинаға жоғары баға береді. 
Алайда бұл фильмді кейінірек Кеңес Одағының аумағында көрсетілуге тыйым са­лынады. Оның бір себебі кадрлардың шы­­найылығында жатса керек. Кеңестік цен­­зураға шындықты тура көрсету жақ­па­ға­ны анық. Голливудтың мектебін көр­ген Турин әсіремақтауды жаны сүймеген. Фильм тіпті кеңес документалистикасының үдерістерінен шыға алмаған да болуы ғажап емес. Бұл жағдайда туындының өміршең бо­ла алмайтыны белгілі. Фильмнің негізгі ку­льминациясы неде? Жүріп келе жатқан пойыздың соңынан аттылы, түйелі, өгіз мінген қазақтардың жарыса шауып келе жат­қандығы. Қазақ даласына келген жаңа­лықты көшпенділердің қалай қабыл­даға­нының нақты көрінісі. 
«Түрксіб» деректі фильмінің маңызын арт­тыра түсетін нәрсе – сирек кадрлардың кез­­десуі. Өңіріміз туралы алғашқы кадр­лар­­дың сақталып қалуы. ХХ ғасырдың ал­­ғаш­қы жылдарындағы шынайы тұр­мыс­тың бейнеленуі. Адамдардың сол зама­н­да­ғы келбетінің сақталып қалуы. Дала тұр­ғын­дарының ірі планмен көрсетілуі, мың­­ғырған мал, түйелі қазақ, аттылы қа­зақ, өгіз мінген көшпенді жұрт, тау, құм, шөл дала... Барлығы да кадрларда сақталып қал­ған. Ал бір жылдан соң, сол кадрдағы мыңғырған мал айдаған қазақтардың қан­шамасы аштан қырылады. Парадокс! 


Картинаны қайта реставрациядан өт­кізген британдық кино институты екен. Ал му­зыкамен көркемдеген – Гауһар Мыр­за­бе­кова басқаратын «Қазақстан Камерата­сы». Музыкасын жазған – Қуат Шілдебаев. Абай атындағы опера және балет театры­ның төрінде өткен көрсетілімде қылқобыз­дың, домбыра мен фортепианоның, сы­быз­­ғы мен сазсырнайдың, барабандар мен ду­дуктің үні бір-бірімен әсем үйлесіп жа­тыр. Тіпті музыка «Түрксібті» жандандырып жі­берген. Сүйсінбеске амалың жоқ. Музы­ка мен деректі фильмді бір-бірінен бөліп қа­рай алмайсыз. Музыканың құдіреті осын­да. 
«Түрксіб» жобасы дегенде, электронды музыка мен ұлттық аспаптардың үйлесім­ділі­гін атап өтпеуге болмайды. Жобаның не­гізгі бастамашысы – Наргиз Шүкенова. Продюсері де Бауыржан Шүкенов екеуі. Жобаға «Шеврон» мен «Сорос Қазақстан» қоры, меценат Марғұлан Сейсенбаев пен «Ал­малы жүрек» қоры демеушілік жасаған. 
«Мың рет естігеннен бір рет көрген ар­тық». «Түрксіб» туралы солай дегіміз ке­ле­ді. Виктор Туриннің «Түрксібі» қалай тү­сіріл­гендігі туралы мағлұматтар аз. Фи­льм­нің операторы Борис Франциссон бол­ған екен. ХХ ғасырдың алғашқы шире­гіндегі қазақтар өмірін түсірген оператор туралы деректерді де іздеп көргенбіз. Алай­да Франциссонға қатысты ешқандай мәлі­мет таба алмадық. 
Наргиз Шүкенованың ойына «Түрк­сібті» іздеу идеясы қалай келді? Алғаш рет ол Александр Довженконың «Жер» атты фильмін көреді. Оның да тарихы «Түрк­сіб­пен» бірдей. «Жерді» көргеннен кейін қа­зақ даласы туралы түсірілген алғашқы кадр­ларды іздей бастайды. Ең алдымен ойға оралғаны – «Жұт» фильмі. Бірақ ол туралы деректер мүлдем жоқтың қасы. «Түрксібтің» құндылығы неде дегенге келсек, ол біз үшін нақты деректердің сақ­тал­­ғандығы. Бұл кадрлар арқылы өткені­мізге көз жүгірте аламыз» дейді Наргиз Шүкенова. 
Біз үшін маңыздысы осы – «Түрксібте» тағ­дыр бар. Қазақ даласының cол заман­да­ғы келбеті бар. Адамдардың тұрмыс-тір­ші­лігі бар. Деректі фильмді көргеннен кейін тарихымызды, өткенімізді түгендегі­міз кел­се, сирек кездесетін қолжазбалар қо­ры­нан іздегеніміз жөн-ау деген ойға кел­дік.