Негізгі бет  /  мақалалар  /  Хоккейшілердің дәмесі – бас жүлдеде

Хоккейшілердің дәмесі – бас жүлдеде

Айқын-ақпарат
1129
Хоккейшілердің дәмесі –  бас жүлдеде XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада тарихында Қазақстанның көк байрағын алғашқы болып желбіреткен шайбалы хоккейшілер еді.

1993 жылы Польшаның Закопане қаласында өткен жарыста жерлестеріміз ақтық сынға дейін қарсылас шыдатпай, тек финалдық сайыста ғана ұтылды. Нәтижесінде бұл бәсекені біздің жігіттер күміс медальмен қорытындылады. 

Жалпы алғанда, Қазақстан құрамасынан За­копанеде ешкім осындай нәтиже күткен жоқ. Себебі, ол кезде біздің елді білетіндер не­кен-саяқ еді. Қазақстан хоккейі тұрмақ, Қа­зақстан спорты жайында күллі әлем жұрт­шылығы бейхабар болғаны анық. Соған қа­рамастан, отандастарымыз айды аспанға шы­ғарып, Дүниежүзілік Универсиадада жеңіс тұғырына көтерілді. Сол команданың сапында жасындай жарқыраған Алексей Трощинский мен Александр Корешков уа­қыт оза әлемдік деңгейде мойындалған хок­кей­шілерге айналса, Александр Шимин, Ви­талий Трегубов, Максим Комиссаров, Сер­гей Белкин, Дмитрий Федоров және та­ғы басқа  жігіттердің өнері керемет әсер қал­дырды. Ал кейіннен осы команданың са­пын­да тек бір ғана қаланың өкілдері, яғни, Өскеменнің өрендері ғана ойнағаны мәлім болғанда, төрткүл дүние жанкүйерлері таң­даны­сын жасыра алған жоқ. 
1995 жылы Қазақстанның хоккейшілері одан да зор нәтижеге қол жеткізді. Испания­ның Хака қаласында алауы тұтанған Дүние­жүзі­лік Универсиадада отандастарымыз бас жүл­дені қанжығасына байлады. Әлемнің әр қиырынан жиналған сайыпқырандар Өске­мен­нің «Торпедо» клубы негізін қалаған Қа­зақ­стан құрамасына тойтарыс бере алма­ды. Сол жұлдызды команда сапында Павел Ере­меев, Дмитрий Дударев, Александр Ши­мин, Виталий Трегубов, Сергей Огуреш­ни­ков, Игорь Каменский, Владимир Завьялов, Сергей Белкин және тағы басқа танымал ойын­шылар өнер көрсетіп, көпшіліктің қо­шеметіне бөленді. 
Одан кейінгі жылдары  Қазақстанның хок­кейшілері жеңіс тұғырының ең биік са­тысына көтеріле алмағанымен, бірнеше мәр­те жүлдегерлер санатына қосылды. Атап айт­сақ, 2007 жылы Туринде қола медальді ен­шілесе, 2013 және 2015 жылдардағы Уни­версиадада күміс медальді иеленеді.
Шайбалы хоккейді серік еткен өрен­дері­міздің өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шат­тық сыйлаған сәттері аз емес. Жоғарыдағы та­быстардан бөлек, біздің жігіттер қысқы Азия ойындарында 3 алтын және 2 күміс ме­даль­ді олжалады. Сары құрлықтың тең­дес­сіз командасы екенін байрақты бәсеке барысында сан мәрте дәлелдеді. Олимпиада ойын­дарында екі мәрте бақ сынап, 1998 жы­лы Наганода ширек финалға дейін жетті. Бұл – ел тарихындағы шайбалы хоккей­ші­лері­міз­дің қол жеткізген ең зор табысымыз. 8 рет әлем чемпионатына жолдама алдық. Дүние­жүзі­лік додада бағымыз жанбағаны­мен, мық­тылармен иек тіресу мүмкіндігіне ие болуы­мыздың өзі елеулі көрсеткіш. Міне, қыс­қа қайырғанда спорттың бұл түрі бойын­ша жерлестеріміз осындай нәтиже көрсете алды. 
– Шайбалы хоккейден Қазақстан құра­ма­сы Дүниежүзілік Универсиадада табысты өнер көрсетіп жүргені баршаға мәлім. Бір рет жеңімпаз атандық, бірнеше мәрте жүл­де­гер­лер санатына қосылдық. Ал Алматыда өте­тін жарыста біздің жігіттер бас жүлде үшін тала­са­ды. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүру­де. Астананың «Барысынан» бастап, рес­публикамыздың басқа да командаларда өнер көрсетіп жүрген белді ойыншылар алдағы Универсиадада студенттер құрама­сы­ның намысын қорғайды. Олардың барлы­ғы да үлкен тәжірибе мектебінен өткен сақа спортшылар екені еш күмән келтірмесе ке­рек. Және де соңғы екі Универсиадада жер­­­лестеріміз ақтық сында ғана ұтылып, күміс ме­дальді иеленді. Яғни, алтын тұғырға сы­нық сүйем қалғанда ғана сүріндік. Енді есе қай­таратын кез келді. Алатау баурайында алауы тұтанатын жарыста осыдан 10 жыл бұрын Хакада көрсеткен нәтижені қайталап, өз жанкүйерлерімізді бір желпіндіріп тастауды көздеп отырмыз, – дейді шайбалы хок­кейден мемлекеттік жаттықтырушы Вла­димир Пашковский. 
Келесі жылы өтетін Универсиаданың топ­тық турнирінде Қазақстан құрамасы Че­хия, Швеция және Қытаймен күш сынасады. Осы жарысқа қатысатын жалпы командалар саны – 12.  
Сондай-ақ барша жанкүйерлер шайбалы хок­кейден еліміздің әйелдер құрамасының да жолына үлкен үмітпен қарап отыр. Бұл жа­рыста 7 команда шеберлік байқасады. Біз­дің сұлулар үздік үштіктің қатарынан кө­рі­нуді көздеп отыр. Топтық турнирде жер­лес­теріміз Канада, Қытай және Ұлыб­ри­та­ния­мен жолығады.