Басты  /  мақалалар  /  Дәстүрді ұрпағы жалғастырады

Дәстүрді ұрпағы жалғастырады

Айқын-ақпарат
1227
Дәстүрді ұрпағы жалғастырады Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченконы жерлеу рәсіміне Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ново­никольское» ауылына еліміздің барлық аймақтарынан өкілдер барды.

Ауыл шаруашылығы өндірісін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ерi, облыстың Құрметті азаматы, «Зенченко и К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Иванович Зенченкомен қоштасу Қызылжар ауданы Новоникольское ауы­лындағы Мәдениет үйінде өтті. 
Геннадий Иванович еңбек жолының ұзақ жылдарын ауыл шаруашылығына арнады және еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еңбекпен есейген азаматтың адами қасиеттері, жоғары кәсіби шеберлігі, бай тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы ерекшеленіп тұратын. Бұл еңбегі Қазақстан Еңбек Ері жоғары ма­рапатымен және басқа да мемлекеттік ма­ра­паттармен аталып өтті. Геннадий Зенчен­коның жарқын бейнесі оны танитындардың жүрегінде сақталып қалады, – деген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын облыс әкімі Ерік Сұлтанов оқып берді. 
Геннадий Иванович – Қазақстанда ауыл шаруашылығын көтерген бірегей тұлға. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы жеке мұрағатында сақталған даңқты фермер Геннадий Иванович Зенченконың екі хатын оқып берді. 
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазір біздің республикамыз үшін қаншалықты ауыр жылдар екендігін біз жақсы білеміз. Бірден айтайын, селода өлі тыныштық. Бізде 2,5 мыңнан астам колхоз және совхоз бар еді. Олардың барлығы дағдарысқа ұшырады. Сіз жақында халықпен жүздесу барысында: «Отанды сүю жеңіл әрі ұнамды, егер ол үлкен және күшті болса. Әсіресе, оны сын сәтте­рінде сүю тіпті маңызды» дедіңіз. Біз сынақ мезгілі басталғанын жақсы түсінеміз, сіз біздің Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосып, біздің балаларымыз бен немереле­ріміздің жақсы әрі бақытты өмір сүретін ел жасарыңызға кәміл сенеміз. Біз сізге деген сеніммен өмір сүреміз, – деп жазды 1990 жылы Геннадий Зенченко. 
Қазақстанның Еңбек Ері екінші хатты 2016 жылдың басында жазған: Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Біз сіздің Қазақстанды өркендеген ел қатарына қосарыңызға сенеміз». Бұл сөзді мен осыдан 25 жыл бұрын жазған едім. Ол кезде 90-жылдардың қиын сәттері еді. Міне, Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығында біздің бар армандарымыз бен мүдделеріміз өмірде іске асты. Біздің әрқайсысымыз, барлық қазақстандықтардың сізге айтар алғысы шексіз. Менің жеке фермерлік шаруашылығым бар. Бұл – менің өмірім, менің жұмысым, менің табысым, отбасымның жақсы өмірін қамтамасыз ететін тіршілігім. Қазір немерелерімнің өзі жермен жұмыс істей бастады. Біз еліміз бойынша мыңдаған гектар орман өсірдік, жаңа астана, жолдар, зауыттар, фабрикалар салдық. Сіз – біздің Елбасы әрдайым бізбен біргесіз. Сіздің еңбегіңіз үшін, Қазақстан үшін алғыс айтамыз және бас иеміз.
 Президент сол кезде бұл туралы «хат біздің өзгерген өміріміздің жарқын бейнесін көрсетеді» деген еді.
– Бүгінгі қаралы сәтте туыстары мен жақындарының көңілін жұбататын сөз табу қиын. Осы бір ауыр минуттарда біз Геннадий Ивановичтің ерекше бейнесін, бай тәжі­рибесінің бағалы тұстарын, ақыл-кеңе­сін бұрынғыдан да терең түсінеміз. Ата-бабасы­нан бері диқаншы Геннадий Иванович жұмысшы-механизатордан бастап «Ново­никольский» совхозының директор­лығына дейін өсті. Қазір «Зенченко и К» серіктестігін басқарып, Қазақстандағы ең табысты шаруашылықты құрды. Мұнда жоғары өнімді техникалар бар, әлемдегі ең озық технологиялар қолданылады. Осының бәрі Геннадий Ивановичтің адал еңбегі, – деді қаралы жиында СҚО әкімі Ерік Сұлтанов.
Қаралы жиынға Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Серік Егізбаев та қатысты. 
– Оның барлық ойы мен мүддесі Ота­нымызбен, Қазақстанмен байланысты. Ол бірлік пен халықтар достығы, тынымсыз еңбек қана тәуелсіз Қазақстанды өркенде­тетіндігіне кәміл сенді. Оның армандары орындалды. Біз Геннадий Ивановичтің отбасымен бірге қайғырамыз. Бүгінде оның Отанды қалай сүю, оның болашағы үшін қалай еңбек ету керектігі туралы сөздері өсиетке айналды. Геннадий Ивановичті еске түсірудің ең бір жарқын тұстары біздің Отанымызға деген сүйіспен­шілігіміз болып қала бермек. Оның жасаған жақсылықтары біздің жады­мыз­да жүреді, – деп атап көрсетті вице-министр.
 «Нұр Отан» партиясының атынан Генна­дий Ивановичтің туыстары мен жа­қында­рына партия хатшысы Фархад Қуанғанов көңіл айтты.
– Бүгінде өз өмірін арнаған Геннадий Ивановичтің – «Зенченко и К» серіктестегі – еліміздегі агроөнеркәсіп кешендерінің арасында жетекші болып саналады. Инно­вация, жоғары технология, еңбекті тиімді үйлестіру, адамдарға қамқорлық жасау – ол басқарған компанияның басты ұстанымы болды. Қазақстанның Еңбек Ері, ерекше тұлға біздің жүрегімізде мәңгі сақта­латын болады, – деді Фархад Қуанғанов. 
 Көңіл айтқан жеделхаттар Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин, «Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы АҚ төрағасы Ахметжан Есімов, Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан келіп түсті. 
Отаншыл азамат, еңбек майталманы Геннадий Иванович Зенченко 18 желтоқсанда дүниеден өтті. Жерді игеруге жарты ғасырдан астам уақытын арнаған, соңында өркендеген шаруашылықты қалдырған, еңбек адамының өнегесі өзгелерге үлгі боларлық. Осындай адал еңбегі үшін ол «Отан» орденімен екі мәрте марапатталған. «Алтын барыс» белгісін кеудесіне таққан. Геннадий Иванович Зенченконың көзі тірісінде үлгермеген шаруасын енді балалары мен немерелері жалғастыратын болады. 

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ