Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жас ғалымдарға жол ашық

Жас ғалымдарға жол ашық

Айқын-ақпарат
1211
Жас  ғалымдарға  жол ашық Айдана ЕСЕНОВА, Алматы Технология университетінің оқытушысы, технология ғылымдарының магистрі:

– Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті да­мыту – мемлекеттік саясат­тың басым бағыттарының бірі. Елбасының Жолдауында да шағын және орта кәсіп­керлікке қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баян­дала отырып, кәсіпкерлік орта­ны одан әрі нығайтуға, айрықша көңіл бөлу керектігі айтылған. Осыған бай­ланысты агроөнеркәсіп кешенінде жаңа өңдеу, өндіріс желісін қалыптастыру – қазіргі уақытта өзекті. 
ҚР индустриясы түйе сүтін тек ұлттық сусын шұбат түрінде тұтынады. Статистикалық мәліметтер бойынша, елімізде түйе саны жыл санап өсуде. Мысалы, 2013 жылы 160,9 мың бас болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 170,5 мың басқа жеткен. Сондықтан АӨК ресурстарын тиімді пайдалану арқылы, одан тек шұбат, саумал ғана емес, фермерлік жағдайда дәстүрлі технологияны қолдана отырып, түйе сүтінен жасалған сүтқышқылды өнім ассортиментін кеңейтуге болады.
Түйе сүтінен жасалған жаңа йогурт дәстүрлі сүт­қышқылды өнімдерді өндіру технологиясын қолдана отырып әзірленді. Оның құрамында ақуыз – 4,61 г, май – 7,30 г, көмірсу – 4,89 г мөлшерде. Бұл йогурт тағамдық құндылығы жоғары және энергетикалық құндылығы төмен өнім болып саналады. Сонымен қатар құрамында адам ағзасына қажет, ауыстырылмайтын сегіз аминқышқылы, қанықпаған май қышқылдары, ми­нералды заттары бар, дәруменге бай биологиялық толық құнды өнім.
Жаңа сүтқышқылды йогурт – химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз және сапалы өнім, заманауи тұтынушылар талабына жауап береді, емдік-профилактикалық қасиетке ие. 
Сүтқышқылды өнімдердің адам тамақтануында рөлі ерекше. Оларды тұтыну арқылы сырқат жандар асқазан-ішек жолдарының және тағы басқа аурулардың алдын алады, емдейді, иммундық жүйені нығайтады, ішек жолдарының шіріткіш және патогенді микрофлорасына кері әсер береді, нерв жүйесі мен зат алмасуға жағымды әсер етеді. Тағамдық аллергия және лактозаны ыдыратуға қажет фермент бөліп шығара алмайтын аурумен ауыратын адамдар ағзасында сүтқышқылды өнімдер сүтке қарағанда жеңіл қорытылады. 
Түйе сүті – адам ағзасына қажетті жануар текті ақуыз бен майдың маңызды көзі. Түйенің сауылу мерзімі 12-20 айға дейін созылады. Лактация кезіндегі жалпы сүт өнімділігі бойынша аруана түйелері – 1900-2593 литр, ал қазақы бактериандар 1460-1618 литрге дейінгі сүт береді. Сүт құрамында бірқатар маңызды микроэлементтер – кальций, цинк, кобальт, калий, темір, фосфор, сонымен қатар А, С және В тобының дәрумендері кездеседі. Жалпы алғанда, түйе сүті адам иммунитетін және ден­саулығын күшейтеді. Сиыр сүтімен салыстырғанда түйе сүтінде темір мен С витаминінің мөлшері 10 есеге көп. Түйе сүті сиыр сүтінен майлылығы жоғары және қанық­паған май қышқылына бай болуымен ерекшеленеді.
Түйе сүтінен сапалы және қауіпсіз сүтқышқылды өнім әзірлеу арқылы ҚР АӨК сүт ресурстарын тиімді пайдаланып, түйе сүтінен жасалған сүтқышқылды өнім­нің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік пайда болды. 
Заманауи жағдайда шағын кәсіпкерлікті дамытудың негізгі көзі, түйе сүті және оның өнімдерін өндіретін фермерлік шаруашылықтарды қалыптастыру.
«Нұр Отан» партиясы өнертапқыш жастар арасында өткізген республикалық NURINTECH инновациялық жобалар байқауы осыны жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. 

Руслан БРУНЕР, Теміртау қаласы, Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Әлем» орталығы, кеме үлгілерін жасау үйірмесінің 8-сынып оқушысы:
– Елбасы жариялаған, «Нұр Отан» партиясы ұйым­дастырған NURINTECH бай­­қауына қатысып, өз жо­бам­­ды таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. Жасыл энер­гетика, химия, биология, өн­діріс, құрылыс, ауыл шаруа­шы­лығы, медицина, робот техникасын жасау, көлік және IT-индустрия саласындағы инновациялық жобалар ұсынған 1000-ға жуық үміткердің арасынан суырылып шығып, арнайы сыйлыққа ие болдым. Бұған дейін де жас өнертапқыш ретінде ұстазым Сергей Оконечниковтың бағыт-бағдар беруімен республикалық, халықаралық байқауларда бақ сынағанмын. Халықаралық додада қозғалтқыш орнатылған кеме үлгісін жасап, чемпион да атандым. Ұсынған модельді басқару қиындық туғызбайды, радио жүйесі орнатылған. Масштабы – 1:30, ұзындығы – 540 мм, ені – 220 мм, биіктігі – 420 мм. Заманауи технологиямен жабдықталған.
Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасының маңыздылығына тоқталып, жас ғалым­дарға ізденуге жағдай жасап отырады. Жақында өткен Жастар форумында да: «Бізде талантты жастар бар, ниеттері де, ойлары да бар. Қазақстанның барлық жас ғалымдарына зор табыс тілеймін. Сіздер біздің қуатты қолдауымызды сезінесіздер. Біз білім туралы арнайы заң қабылдадық. Бұл сіздердің дәліздерде арлы-берлі жүгірмеулеріңіз үшін жасалды. Егер нақты жобаларыңыз, стартаптарыңыз болса, онда комиссия оның қажеттілігін немесе қажетсіздігін анықтап, қаржыландыруға қояды», – деп атап өтті. Алдағы уақытта ізденісімді жетілдіріп, бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген үміттемін.