Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ұтқыр құрылғылар тұрмысты жеңілдетеді

Ұтқыр құрылғылар тұрмысты жеңілдетеді

Айқын-ақпарат
1651
Ұтқыр құрылғылар тұрмысты жеңілдетеді Иван КРЕПАК, Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебінің оқушысы, «Перспектива» аталымының II орын иегері:

– 1997 жылдың қазан айын­дағы Жолдауында пре­зидент Н.Назарбаев Шекс­пирдің мына сөзін еске ала­ды: «Адам өмірінің ағысында көтерілу сәттері болады. Егер оны пайдалана алса, онда же­тістікке жетеді. Ал егер оны жіберіп қойса, ағыс таяз су мен бақытсыздықпен жалғасады». NURINTECH ғылыми жобалар байқауына қатысуға мүмкіндік берген ұлт Көшбасшысына алғысымды білдіремін. Бұл алғашқы сайыс емес, дегенмен ең жауаптысы болды. Бұл байқауды қазақстандықтардың өмірінің қауіпсіздігін арттыру мен жеңілдету мақсатындағы өз өнертабысымды танысты­рудың мүмкіндігі деп қабылдаймын. Ұсынған жобам – Arduino Uni микроконтроллері негізінде андроид смартфонымен басқарылатын Block ақылды құлыбы. Бүгінде заттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғы жасау маңызды міндет болып тұр. Соның бірі – рұқсатсыз кіруді болдырмауға арналған түрлі құрылғылар. Өз мектебімде оқушылар заттарын салып қоятын шкафтарға block-ты орнатып көрдім. Қазіргі уақытта патенттеу мен ары қарай дамытуды қажет етеді.
Смартфонда деректерді жіберуді басқару үшін Bluetooth модулі арқылы деректер жіберетін арнайы Block қо­сымшасын жасадым. Bluetooth модулі бұл сигналдар­ды, яғни деректерді сервожелекке сай градустарға бұрады (0-ден 90 градусқа дейін). Arduino Uno микро­контроллері ақпаратты өңдеуге жауап береді. Моторды қолданғанда Motor Shield-ті, не оның баламасы Motor Driver-ді қосатын болған соң сервожелекті әдейі таңдап алдым. Севрожелекті қолдану Arduino Uno-да бағдар­ламаны жазу мен логиканы жасауда уақыт пен күшті үнемдетті. Смартфонға қосымшаны бағдарламалаудағы ыңғайлы интерфейс үшін әрі орнатылатын файл мен бағдарламаның көлемін азайту үшін (13мб) MIT App Inventor-ды таңдап алдым.
Қазіргі таңда мұндай құлыптар отандық өнімде жоқ, бірақ шетелдік баламалары бар. Мәселен, Kwikset Kevo (229$), Lockitron (99$). Ал менің өнімім 16$-дан аспайды, бастапқы бағасы – 21$. Қоғамдық сауалнама жүргізу арқылы қатысқандардың 52% осы құлыпты 21$-ға сатып алғысы келетінін анықтадым. Сатылым жүретін мекеме мен тұтынушыларды беске бөлдім. Олар:
1. Мектептер – негізгі сатып алғысы келетіндер 12-17 арасындағы жасөспірімдер. Бизнес-жоспарға сүйенсем, өз шкафтарының қауіпсіздігін жақсартқысы келетін тұтынушыларға құлыпты сату арқылы 547 289 600 теңге табуға болады. 
2. 264 550 студент (18-25 жас) сатып аулға ниет біл­дірген. Бұл дегеніміз – 791 400 500 тг көлеміндегі пайда.
3. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында 179 036 адам сатып алса, табыс көлемі – 535 317 640 тг болады. 
4. 318 мың 890 офис қызметкерлері (27-50 жас) сатып алуға дайын екенін көрсеткен. Олай болса, пайда көлемі – 953 481 100 теңге болмақ. 
5. 1 мың 12 дүкен иелері сатып алса, 3 027 375 тг қар­жы көлемінде пайда түспек.

Мұхтар Мұқашев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті, «Жастар инновациялық жобасы» аталымының II орын иегері:
– NUTINTECH байқауы­на Assistant мобильді қосым­шасы жобасын ұсындым. Бұл жұмыс Smart Astana жобасы­ның «Ақылды мобильділік» бағытын кеңейтуге мүмкіндік беретін жаңа нәтижелерге ие. Assistant қосымшасының мақ­саты – жоғарғы оқу орын­да­рында лекция сабақтарының тиімділігін арттыру. Оның міндеттері мынадай:
– лекторларға сабақ қатысымын басқару мен лекцияны онлайн трансляцияда жүргізуге мүмкіндік беру;
– білім алушының лекцияны онлайн трансляция арқылы тыңдап, лекторға сұрақтар қоюына жағдай жасау. 
Қосымшаның негізгі аудиториясы – профессорлық-оқытушы құрам, докторанттар, магистранттар мен студенттер болмақ. Енді қосымшаға толығырақ тоқталайын. Мобильді қосымша белгішесі – қолданушы құрылғысындағы және мобильді дүкенде қосымшаны таныстырып тұратын кішігірім картина. Әбден өңделген белгіше қосымшаның сапасы мен ыңғайлы интерфейстің көрсеткіші. Белгішені өңдеп болған соң негізгі бетті жасадым. Assistant қосымшасының негізгі экраны мынадай жолмен жұмыс істейді:
1. Белгіше ашылғаннан кейін тілді таңдауға болатын негізгі экран ашылады.
2. Тіл таңдалғаннан соң «Лектор», «Білім алушы» және «Анықтама» бөлімдерін таңдауға болатын екінші бет ашылады. 
«Лектор» жұмыс экранын жасағанда лектор профилін толтыру, лекция өтетін топты белгілеу, группалардың жеке чатта сөйлесе алуы, топ тәртібі мен білім алушы­ларды басқару сынды жұмыстарға мән беріледі. 
Қатысымды лектор қалай қарай алады? Ол «Басқару» экранында баптаулар арқылы көрінетіндей етуге болады:
– 40 минуттық онлайн трансляцияға қатысып отырған білім алушылар жасыл түспен белгіленеді; 
– 40 минуттан аз уақытқа қатысып отырғандар кешіккендер есебінде сары түспен белгіленіп тұрады;
– 25 минуттан аз уақытта қатысып отырғандар не онлайн трансляцияға қосылмағандар қатыспаған есебі қызылмен белгіленеді. 
«Assistant» қосымшасы жобасын жүзеге асыру үшін 1 млн 50 мың теңге көлемінде қаражат қажет.