Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазақ әлемін жарқыратқан жинақ

Қазақ әлемін жарқыратқан жинақ

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1117
Қазақ әлемін  жарқыратқан жинақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен 25 қазақ жазушысының түрік тілінде жарық көрген Huzun Kusagі – Atayurt’tan Oykuler (Сырлас буын – Атажұрттан әңгімелер) әңгімелер жинағының тұсаукесері өтті.

Шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, Түркия Мәдениет министрлігі, Еуразия кітапханашылар қауымдас­тығының өкілдері және ақын-жазу­шылар мен қоғам қайраткерлері қа­тысты. Жиынды ашқан Ұлттық кі­тап­хана директоры Жанат Сейду­манов екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастардың жыл сайын дамып келе жатқанына тоқталды. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы қазақ қаламгерлерін түрік тіліне аударып, жинақты құрастырған жазу­шы-аудармашы, «Серпер» сыйлы­ғының лауреаты Мәлік Отарбаевқа алғыс білдірді. Сондай-ақ антологияға әңгімелері енген Берік Шаханов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Нағашыбек Қапалбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштай­ұлы, Тұрысбек Сәукетай, Ертай Айғалиұлы, Қуандық Түменбай, Рахымжан Отарбаев, Мақсот Ізімұлы, Көсемәлі Сәттібаев, Қали Сәрсенбай, Сәбит Дүйсенбиев, Серікқали Хасан, Нұрғали Ораз, Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбек, Асқар Алтай, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Серік Нұғыман, Гүлзат Шойбекованы атап өтті. 

Еуразия кітапханашылар қауым­дастығының төрағасы Мұстафа Чалышкан өз сөзінде кітаптың тұсаукесері Анкара қаласындағы «Мехмет Акиф Ерсой» атындағы мұражай-кітапханасында өтіп, оған сол уақыттағы Қазақстанның Түркия­дағы елшісі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түйме­баевтың, Түркия премьер-министрінің кеңесшісі Хүриет Ерсой, Түркия мәде­ниет министрлігі Баспа және кітапхана департаментінің бас директоры Хамди Туршужу және басқа қоғам қайрат­керлері мен зиялы қауым өкілдері қатысқанын жеткізді.
– Кітаптың таныстырылымында түрік зиялылары жақсы пікірлерін білдірді. Өзім де оқырман ретінде бастан-аяқ оқып шықтым. Топтамаға енген әңгімелер арқылы бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасында ұқсастықтар көп екенін байқадым. Әрбір оқиға Анадолу жерінде өрбіп жатқандай әсер алдым. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту етілген жинақтың оқырманы көп болсын деген тілек айтқым келеді. Алдағы уақытта да екі мемлекет арасындағы достықтың нығаюы үшін үлес қосуға дайынбыз, – деді Мұстафа Чалышкан.
Филология ғылымдарының кан­дидаты Ақеділ Тойшан Халық­аралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің ыстық ықыласы мен дұғай сәлемін жеткізіп, көркем әдебиет саласында аудармашылар буынының өсіп келе жатқандығына қуаныш білдірді. 
Жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібай «Бала кезімнен түркі әдебиетімен, оның ішінде көрнекті өкілдерінің бірі Әзиз Несиннің шы­ғармаларымен етене таныспын. Қазақ жазушыларының еңбектері­мен соңғы жылдары түрік оқырман­дары­ның таныса бастауы біз үшін үлкен олжа. Еуропамен біте қайнасып жатқан түбі бір, діні бір түркі ағайындар арқылы қазақ қаламгерлерін әлемге танытуға болады» деп жүрекжарды лебізін ортаға салды. Танымал жазушы Нұрдәулет Ақыш «жазушының ойын, әңгіменің көркемдік деңгейін, мазмұн-машығын, тіл байлығын жеткізу оңай дүние емес. Аударма жасау – жекелеген жазушының жан дүниесін басқа ұлтқа танытумен бірге, қазақтың рухани әлемін жарқыратып жеткізу деп ұғамын. Сондықтан 25 жазушының әңгімесі түрік тіліне тәржімалануы Қазақстан мен Түркия мәдениетіндегі елеулі оқиға болып отыр. Қазақтың ақын-жазушыларын мөлдіретіп аударуды мүмкіндігінше жолға қою керек. Ол үшін аудармашылар армиясы болмаса да, азды-көпті бригадасын даярлау қажет. Осындай үлкен шаруа­ның басы-қасында жүрген Мәлік Отар­баевқа және түріктің әдебиетші қауымына ризашылық білдіреміз» деді.