Негізгі бет  /  мақалалар  /  Робот әр үйде жүрмекші

Робот әр үйде жүрмекші

Жолдасбек Дуанабай
1030
Робот әр үйде жүрмекші Қытайда қазан айында аса маңызды екі оқиға болды.

Оның бірі роботтор байқауы ұйымдастырылып, жоғары технология өндіретін неміс компанияларынан роботтор жаппай сатып алынған. Нақтырақ айтсақ енмістердің 37 компаниямен 11 млрд долларға сауда келісімдері жасалған. Ғалымдардың айтуынша енді 10 жылдан соң Қытай әлемде робототехникалар сататын жетекші елге айналмақшы.
Робот өндірісінің байқауы Қытайдың қуатты елге айнала бастағанын көрсетті. Ғылыми институттар мен әскери академия мамандары жасаған роботтар адамның айтқанын бұлжытпай орындауымен таңғалдырды. Осы қарқынмен алға жылжитын үлкен көршіміз робототехника өндірісі жағынан 2019 жылы АҚШ-пен бәсекелескелі тұр.
Өткен сәуір айында Цзя-Цзя есімді робот қыз адамнан аумайтын түрі және қылығымен жұртты тамсандырған еді. Тіпті оның кірпік қағып, басын июі тірі адамды көз алдыңызға әкеледі. Ал мамандар тамыз айында 1007 роботты билетіп, елді аузына қаратты.
Қазір ойын-сауық қана емес, қызметте жүрген роботтор да көп. Айталық Қытайдың Хенгквин, Чонгшан және Гонгбэй портында жоғары технологиялы «Сяохай» деп аталатын 10 робот мінсіз қызмет атқаруда. 28 тілді меңгерген робот жолаушыларға тәулік бойына жөн сілтеп, көмек береді. Тіпті қылмыскерлерді іздестіріп, тәртіп сақшыларына көмектеседі.
Қытайда 2001 жылы 35 мың өнеркәсіп роботторы жұмыс істесе, 2015 жылы олардың саны 100 мыңға жеткен. Көптеген сарапшылар «робот Қытай армиясын күшейтеді» деп жатса, құлтемірлер одан бұрын әр үйге кіргелі отыр. 2020 жылдан бастап үй шаруасына көмектесетін роботтар жаппай өндіріске енгізілмекші. Олар зейнет жасындағы қарияларға көмектесіп, ауруханаларда науқастарды бақылаумен айналысады.