Негізгі бет  /  мақалалар  /  Сириядағы жанжалға нүкте қойыла ма?

Сириядағы жанжалға нүкте қойыла ма?

Айнұр Қазыкенова
1030
Сириядағы жанжалға нүкте қойыла ма? Ресей президенті Владимир Путиннің айтқанына қарағанда жақын уақытта Сирия мәселесі Астанда қаралмақ екен. Әрине оған Сирия мәселесіне етене араласып отырған Түркия, Ресей, Иран т.б мемлекеттер қатысары сөзсіз.

Бұған  Сириядағы  әрекет етіп жатқан   оппозициялық топты  да  қосуға  болады. Бірақ 2011 жылдан  бері жүріп жатқан  азамат соғысына  қазақ  топырағында  нүкте  қойылады  деу  тым ұшқары  пікір екені рас. Өйткені  Шам   жерінде  тым  тереңірек  тамыр  жайып  үлгерген  «Ислам  мемлекеті» лаңкестік  тобымен қатар, Сирия еріктілер армиясы, күрд қарулы  топтары, президент Башар  Асадты  жақтаушылар және  «Нұсра  майдан» т.б  40-50  тарта  ірілі-уақты лаңкестік  һәм ымырашыл топтар әрекет етуде. Ал  олардың көзқарасы  Астанада жүргізілетін бейбіт келіссөздерге  сай   келе  ме?Мәселенің үлкені  осы  болмақ.  Тіпті  жергілікті Сиряилық  топтардың пікірі ескерілмек  тұрмақ бұл келіссөзде Ресей  мен  Иранның һәм Түркияның  ұстанымы  әр түрлі. Әрине  мүдде  тұрғысынан  алғанда  бір. Бәрінің айтары  «Сирияның  тұтастығы»  және лаңкестік  топтармен ымырасыз соғысу әрі  жою. Бұл енді айтарға ғана. Шынтуайтында  әр  елдің  өз  мүддесі  бар. Тіпті  Сирия  жерінде Башар  Асадқа бағынған  Үкімет  әскеріне көмек  беріп жатқан Иран  мен Ресейдің  өзі  үнемі бір  көзқараста  деп айту қиындау. Ресейдің мақсаты  ресми  Дамашықты  қолдай отырып, Таяу  Шығыс, Жерорта  теңізінде  табан тіреп қалу  болса, Иран  Башар Асад билігін қолдан келгенше қолдауда һәм  қорғауда. Қай  елге   сырттан  қауіп  төнсе,  өзара көмек  беру  мәселесі екі ел  арасында жасалған құжатта  осылай көрсетілген. Егерде Сирия  билігі құлайтын болса,  келесі  кезек  өзінікі екенін Теһран  біледі. Сондықтан   ресми Дамашықты қалайда  қорғауға   ниетті. Тіпті өзі қолдап  қару  және қаражатпен қамтып отырған Ливандық «Хезболла»  тобының Башар  Асад  тобын  жақтап соғысуына  түрткі  болғанда  осы Иран. Анкараның   негзгі  ойы  қалайда Сирияның  Түркиямен  шекаралас аймағында  күрд тәуелсіз   мемлекеті  не  болмаса автонмиялық  облысы құрылуына бөгет  болу. Тіпті  Анкара  Сирия  бөлшектенетін  болса, «Ефрат  қалқаны»  деген атаумен  Сирия  жеріне  әскер кіргізіп,  лаңкестермен күрдтерден тазартқан аймақты  өз бауырына басып  қалуға да ниетті. Сирия  жерінде бұл  елдермен қатар АҚШ, Еуропа,  Сауд  Арабиясы және Катардың да  мүделері тоқайласып   жатыр. Сондықтан Сирия жеріндегі  соғыстың  бүгін-ертең тоқтай  қоюы неғайбыл. Сирия Үкімет  әскері Ресей, Иран, Ливандық «Хезболла» және ауған жасақшыларының көмегіне  сүйеніп  елдегі Дамышықтан кейінгі  ірі  қала Алеппоны  азат еткенмен  толықтай жеңіске жетті деу әлі ерте. Өйткені Алепподан шегінген,шығарылған  содырлар қазір Идлиб аймағына шоғырлануда.  Онсызда  2011 жылдан бергі соғыста шаршаған, талқандалған, титықтап  қалжырған  Үкімет әскері Ресеймен Иранға  қанша сүйенсе де  алдағы уақытта Идлиб  аймағын  лаңкестермен  оппозициялық  топтардан  азат етуі  мүмкін емес. Тіпті көктемде ғана  азат еткен Пальмира  шаһарын өткен  жексенбі де «Ислам мемлекеті»  содырлары қайтарып алғаны  белгілі. Осыдан-ақ Сирия армиясының   шама-шарқын  байқай  беруге  болады. Алдағы кезде  бұл жағдай  Алеппода  да  қайталауы мүмкін. Көптеген әскери  сарапшылар «Башар Асадқа лаңкестерден азат еткен аймақты  ұстап  тұрудың  өзі  қиынға  соқпақ»  дегенді айтады. Еске  сала  кетсек, ресми Дамашық  Сирияның  не  бәрі  жартысына  ғана  үкімін жүргізіп  отырғаны   белгілі. Ал  қалған бөлігі өзге күштердің  иелігінде. Демек ресми Дамашық ендігі кезде  қарудың күшімен емес, бейбіт келіссөздер  арқылы  Сирияны жартылай  болса да  сақтап  қалуға тырысары анық.