Басты  /  мақалалар  /  Ендігі қауіпті қару қандай болады?

Ендігі қауіпті қару қандай болады?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
2822
Ендігі қауіпті қару қандай болады? Forbes журналы 2016 жылғы әлемдегі ең ықпалды адамдардың тізімін жариялады. Оның көшбасында осымен төртінші рет Ресей президенті Владимир Путин тұр.

Forbes журналы неге мұндай тұжырымға келді? «Әлемнің әр түкпірінде Владимир Путиннің ықпалы артты. Өз отаны –Ресейде, Сирияда, тіпті АҚШ- та өткен президенттік сайлауда да орыс президенті өзінің көздеген мақсатын жүзеге асырып келеді. Қазір әлемнің кез келген бұрышында болып жатқан проблеманы Ресейсіз шешу мүмкін емес. Путин ғаламдағы қандай да бір мәселеде болсын, ресейлік мүддені алға тартады және орындауға тырысады».  Forbes журналы сарапшыларының бұл пікірі барған сайын дәйекті бола түскендей. Ал ең ықпалды адамдардың рейтингісінде екінші орынды әлі инаугурациясы өтпеген, жақында ғана президенттік сайлуда  Хиллари Клинтон ханымды жеңген Дональ Трамп алды. Ал үшінші орында Германия канцлері Ангела Меркель тұр. Төртінші орынды Қытай басшысы Си Цзиньпин алды. Тіпті алғашқы ондықтың ішінде Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг пен әлемнің бай адамы Билл Гейтс те тұр. Әрине, дұрыс-ақ. Расында әлемге  ықпал етудің   жолы көп. Біреу байлығымен, бизнесімен, ғаламды әртүрлі мультимедиялық технологиясымен адамзаттың санасын жауласа, екіншілері әскери қуатымен басқа мемлекеттердің мысын басады. Сөйтіп геосаяси тепе-теңдік бұзылады. Ықпалды ел әлсізге әлімжеттік жасайды. Бәрі саналы түрде қолдан жасалады. Бұл ықылым заманнан келе жатқан бұзылмайтын заңдылық. Қазір де солай. Әскери қуаты күшті алпауыт елдер әлемді қақпақылға салып, өз ойынын жүргізіп отыр. Біреудің тажал қаруды сынауынан екінші елдегі адамға ажал келеді. Бірақ оны ойлап отырған ешкім жоқ. Бірқатар БАҚ «Сирияда Ресей мен АҚШ өзінің жаңа әскери ұшақтарын сынап, оқ атып жатыр», десе екіншілері «бұл аймақ саяси текетірес пен ықпал ету алаңына айналды» деп отыр. Расында қос болжамда да ақиқат бар. Дегенмен алдағы жылдары алапат соғыс бола қалған жағдайда (бетін аулақ қылсын) бұрынғыдай «уралап», окопта оқ атып, бұқпантайлап жүретін және жүгіретін заманның өтіп кеткенін қазір екінің бірі біледі. 
Бірақ өткеннен сабақ алмаған адам бәрібір өз дегенін жасайды. Қай ел болсын, әлемдік саясаттан өз үлесін алып қалуға тырысады. Шамасы келсін, келмесін, мойындайтын бір заңдылық бар. Кімнің қаруы күшті, әскери қуаты мықты сол әлемге әмірін жүргізеді. Қазір жанталаса қаруланып, басқа құрлықтағы бейшара елдің берекесін қашырып жатқандардың мақсаты біреу: Ол – әлемге «әлімжеттік» көрсету. 
Қазір бәрі жаңа қаруын сынап жатыр. Осы көштің басында АҚШ пен Ресей тұр. Әскери сарапшылардың айтуына қарағанда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Ақ үйден рұқсатымен Пентагон жаңа қару жасауды бастаған. Ол – бұрын - соңды адамзатта болмаған жаңа қуаты күшті лазерлік қару. «АҚШ-тың қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында» деген желеумен басталған жоба қазір аяқталды. «tainy.net» ақпараттық танымдық-сараптамалық сайттың жазуына қарағанда, ресейлік конструкторлар да америкалық ғарыштық әскери аппараттарына қарсы әскери лазерлік қаруын жасап шығарған. 
Адамзат соғыс қаруынан жапа шегіп, мүгедек болып, тіпті шейіт кетсе де, тажал қаруды жасау пиғылынан ешкім бас тартқан жоқ. Қазіргі күнде де лазерлік қаруды жетілдіруге қатысты орасан зор жұмыстар жүргізіліп, жоба жалғасып жатыр. «New Scientist» журналының жазуына қарағанда, қазіргі таңда ұзақ қашықтықтан микротолқынды сәуле жіберетін арнайы құрылғылар бар. Оның жұмыс істеу қабілеті күрделі, сәуле ең алдымен адамдардың санасына әсер етеді де, олар әрекет ету мүмкіндігінен айрылады. Нақтырақ айтсақ, қысқа толқынды сәуле таралымы адамның терісіне енеді де, қызуы біртіндеп +45 градусқа дейін көтеріле бастайды. +39 градустың өзін адам көтере алмайтынын түсінсек, +45 градустық температурада дене қызғанда адам баласы тұру, жүру, өзін сезіну мүмкіндігінен айрылады емес пе? 
Десек те мұның бәрі жақсы нәрсе емес. Ең қорқыныштысы, мұндай қару лаңкестердің қолына түспесін деп тілейік. Егер алпауыт елдер жанталаса қарулануын тоқтатпаса, әлемде бейбіт күн орнай қояды деп айту қын. Шындығында да лазерлік қару лаңкестердің қолына түссе, онда ақыл-парасатың мен өркениетіңнен түк қалмайды. Қала қирап, мәдениет пен тарихи ғимараттар жермен –жексен болады. Әрине оның бетін аулақ қылсын, десек те егер аталған қару қолданылатын болса, адамзат жер бетінен мүлде жоғалады немесе жүздеген жылдар бойы жас ұрпақ оның зардабын тартады. Әрине лазерлік қару туралы аракідік айтылғанымен, оның қолданысы жайлы жиі жазылмайды. Интернет сайттарды шолып шықсаңыз, бірді –екілі ғана ақпарат кездеседі. Бірақ Иран жағалауына жақын жерде Парсы шығанағында америкалықтар қуаты 30 киловатт болатын лазерлік қондырғыны сынақтан өткізді деген дерек бар. Оның мықтылығы мынада: ол жаудың арнайы электрондық приборлары мен датчиктерін істен шығарады. Осыған орай АҚШ әскери теңіз флотының адмиралы Мэть Кландер сынақ нәтижелі аяқталғанын мақтана мәлім етті. Сынақ кезінде автоматты түрде басқарылатын ұшу аппараттары мен қондырғылар және жасанды ұшқыш ракеталардың басқару жүйесі екі секундтың ішінде-ақ істен шыққан. 
Жалпы «қорғаныс қабілетін арттыру мақсатында» деген желеумен жанталаса қарулануда АҚШ пен Ресей алда келе жатқаны жасырын емес. «Біз лазерлік қондырғыларды истребительдер мен ұшқышсыз ұшырылатын аппараттарға орнатуды көздеп отырмыз. Бұл уақыт та алыс емес». Бұл америкалық генерал Хок Карлайлдың сөзі. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағымды жаңалық 2018 жылдың аяғына дейін жүзеге асуы ықтимал. Әрине, адамзат үшін қауіпті, өте қорқынышты, ажал әкелетін қару емес пе? 
Бұдан ресейліктер де қалып жатқан жоқ. Орыс ғалымдары да болашақтың қаруы ретінде А-60 лазерлік қондырғысын табысты жағдайда сынақтан өткізген. Болашақта лазерлік қондырғыны әскери истребительдерге орнату көзделіп отыр. Ресейлік әскери сарапшылардың айтуына қарағанда, баллистикалық ракеталарды, ұшақтар мен танкілерді және әуе күштерінің жүйесін істен шығаруға лазерлік қондырғының мүмкіндігі мол болып тұр. Тіпті 1500 шақырымнан у-шусыз жау техникасының ұшу, басқару жүйелерін жоқ етіп жібереді. Әрине мұның бәрін жасау бір жылдық шаруа емес. мысалы, америкалықтар Ponce корабліне лазерлік қондырғыны орнату үшін бақандай жеті жыл жұмсаған және оған 40 миллион доллардай ақша кеткен. Бірақ соншама қымбат тұратын қондырғыдан бір рет ату 59 ғана цент тұрады екен. АҚШ әскери теңіз флотының адмиралы Мэть Кландер лазерлік қару қондырғысы жай және тез жүретін, шағын, ірі техникалар, дауыл, сондай ақ боранды күндерде де ойдағыдай сынақтан өткенін хабарлаған. 
Ресей әуе күштері бас штабының бастығы Юрий Балуевскийдің айтуына қарағанда, әскери технологияны дамыту, қазіргі заманғы қаруды өндіріске енгізу мен оны жүзеге асыру, сонымен қатар тиімді озық қаруды сынақтан өткізу әлемнің кез келген елінде іске асып жатыр». Бұл орайда америкалықтар қазіргі уақытта теңіздегі әскери корабльдерге лазерлік қондырғыны көбірек орнатып жатқанға ұқсайды. 
Ақиқатында қару елдің әскери қуатын көрсетеді. Қару – бизнес, табыстың көзі. Сондықтан жанталаса қарулану ешқашан толас таппайды. Әлі де қарудың неше түрі жасап шығарылады. Адамзат өркениетке қанша бет бұрса да, жанталаса қарулануды тоқтатқан ешкім жоқ. Тіпті өткен ғасырдың соңында кеңес ғалымы А. Николаев тектоникалық қару жасау жөнінде де идея тастағаны белгілі. Бұл да осал қару емес, ең қиыны оның салдарынан жер сілкінісі орын алады. Америкалықтармен бәсекелесіп, КСРО ғалымдары «Вулкан» және «Меркурий» деп аталатын тектоникалық қаруды сынақтан өткізбек те болған. Ақыры сынақ еш нәтиже бермеген соң оны тоқтатқаны туралы дерек бар. Мұндай қаруды сынаудан америкалықтар да бас тартқан көрінеді. Өйткені «жасанды жер сілкінісін» жасау мүмкін болмаған. Әйтсе де 1970 жылғы Лос-Анжелесте аяқ астынан орын алған жер сілкінісінің себебін базбір сарапшылар қаладан 150 шақырым жердегі полигонда тектоникалық қарудың сыналғанынан көреді. Әйтпесе, Лос-Анжелест аймағы сеймологтардың айтуынша, жер сілкінісі болатын аймаққа тіпті жатпайды. 
Әрине күн сайын дамып бара жатқан әскери технологиялар прогресін тоқтату мүмкін емес. Ақиқаты, жаңа қару сынақтан өткізіледі және жанталаса қарулану жалғаса  береді. 
Бірақ оны тоқтататын кім?!.