Негізгі бет  /  мақалалар  /  Елімізде тұтынушылардың құқықтары қай салада көп бұзылады?

Елімізде тұтынушылардың құқықтары қай салада көп бұзылады?

Айқын-ақпарат
831
Елімізде тұтынушылардың құқықтары қай салада көп бұзылады? Бұл мәселе еліміздің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша арнайы жүргізілген зерттеулердің барысында мәлім болды, деп хабарлайды kzpp.gov.kz сайты.

Зерттеу шарасына Қазақстанның 14 облысынан, Астана және Алматы қалаларынан 2500 респондент қатысқан. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Қазақстан бойынша тұтынушылардың құқықтары негізінен қызмет көрсету саласында бұзылады (76 пайыз).

Мұндай жағдай көбіне Маңғыстау облысында байқалды (85 пайыз). Ал ең аз жағдай Қостанай облысында (69 пайыз). Қазақстан бойынша сапасыз тауарларды тұтыну жағдайлары көбіне Солтүстік Қазақстан облысында (74 пайыз), ең аз Павлодар облысында (59 пайыз) кездеседі.

Жиі құқық бұзушылықтар баға мен чектегі соманың сәйкес келмеуімен (34 пайыз), сатып алушыларға қосымша тауарларды тықпалаумен (29 пайыз), қызмет көрсетушілердің дөрекілігімен (25 пайыз) және тауар немесе қызмет сапасының айтылған дейгейге сай келмеуімен (24 пайыз) байланысты болып келеді.

Тұтынушылар қандай да бір затты сатып аларда тауарлардың жарамдылық мерзімін ғана тексеріп, ондағы зиянды қоспаларға қатысты мәліметтерге мән бермейді. Ал сату орындарында ілінген тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ақпаратты адамдардың көпшілігі мүлдем оқымайтындығын айта кету қажет. 

Зерттеуге қатысқан респонденттердің көбі тұтынушылық құқығы бұзылған кезде өз құқықтарын қорғамайды, яғни құзырлы органдарға шағым түсірмейді. Тұтынушылардың өз құқықтарын қорғау-қорғамауы тауар құнына байланысты болып шықты. Егер ол мол көлемде болса, азаматтар сотқа баруға дайын. Ал егер олай болмаса ешкім де құқық мәселесін назарға алмайды.

 

 

ҚазАқпарат