Негізгі бет  /  мақалалар  /  Балаларынан бас тартатын ата-ана көбейді

Балаларынан бас тартатын ата-ана көбейді

Айқын-ақпарат
910
Балаларынан бас тартатын ата-ана көбейді  Венесуэлада баласынан бас тартқан ата-аналар саны артып барады. Кәмелетке толмағандар мәселесі жөніндегі жергілікті орталықтың мамандары осылай деп дабыл қағып отыр, дейді BAQ.kz.

Олардың айтуынша, бұған елдегі күрделі экономикалық жағдай себеп. Өйткені баласына жейтін тамақ тауып бере алмаған ата-анасы оны туыстары мен достарының тәрбиесіне береді. Ал, амалы таусылғандар жетімдер үйіне тастап кетуге мәжбүр. Қазір сондай-ақ ауруханаларда тойып тамақ жемеген соң түрлі ауруға шалдыққан балғындар саны да көбейген.

Еске салар болсақ, қара алтын бағасының құлдырауынан кейін мұнай экспорттаушы мемлекет Венесуэла қиын кезеңді бастап кешіп жатыр. Соған байланысты жыл басында мұнда төтенше экономикалық жағдай енгізілген. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл елдегі инфляция деңгейі 720%-ға жететін түрі бар.

"Менің 5 балам бар. Солардың екеуін арнайы орталыққа тапсыруға тура келді. Өйткені тойып тамақ ішпегендіктен, балаларымның денсаулығы нашарлап кетті. Бұл уақытша шешім деп ойлаймын. Жағдайым жақсарғаннан кейін бүлдіршіндерімді үйге алып кетемін" - дейді 5 баланың анасы Катерина Джонс.

Ал мұндай ата-аналрдың балаларына көмек көрсететін орталықтар ата-аналардың бұндай әрекетке шарасыздықтан баратынын айтады.

"Ата-аналар мұнда жетіскеннен келіп жатқан жоқ. Көбісі адам төзгісіз жағдайда өмір сүретіндерін айтады. Бауыр еті баласын орталыққа қалдырып кету кімге болсын оңай емес" - дейді тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсететін орталық директоры Ангейамар Гил.

 

24.kz