Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ақталған аманат

Ақталған аманат

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1020
Ақталған аманат Батыс ән-мектебінің антологиясы жарық көрді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Батыс әншілік мектебінің бірегей өкілі, дәстүрлі әнші Қайрат Кәкімовтің орындауындағы батыс өлкесі әндерінің антологиясы жарық көрді. 130-дан астам ән алты СД дискке топтастырылған. Альбом жеке кәсіпкер Асқар Балжановтың демеушілігімен жұртшылық назарына ұсынылып отыр. 

Антологияның көтерген жүгі жайлы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, фольклортанушы Дүйсенгүл Жақаннан сұраған едік. 
– Қазақтың ән мәдениетіндегі батыс ән дәстүрінің орны ерекше. Осыған дейін Батыс аймағындағы әншілік-жыршылық дәстүрдің өзіндік ерекшелігі жайлы М.Әуезов, 
Е.Ысмайылов, Қ.Сыдиықов сынды қазақтың көрнекті ғалымдары ой қозғаған болатын. Кейінгі жылдары музыкатанушы ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Тұрмағамбетова «Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті» атты монография жазып, жан-жақты саралады. Ұзақ уақыт созылған Кеңестік жүйе тұсындағы көшпелі дала мәдениеті тудырған ұлттық калори­тіміздің күрделі табиғатындағы көптүрлілікті, аймақтық ерекшелікті – «ұлтшылдық», «рушылық», «жершілдік» деп бағалаған саяси қысым өнердің адымын кең аштырмады. Қазақ әнінің табиғатындағы өңірлік ерек­шеліктердің сыр-сипатын ғылыми саралап, аймақтық ерекшеліктің ән мұхитының арналы бір саласы екендігін анықтау тәуел­сіздік жылдары ғана толықтай мүмкін болды. Соның жарқын мысалы, батыс әншілік мектебінің бірегей өкілі Қайрат Кәкімовтің ән дискілерінің шығуы. 130-дан астам әннің бір орындаушының репертуарымен тұңғыш жарық көруі қазақтың мәдени өміріндегі зор жаңалық десек артық емес. Дәстүрлі ән шеберінің бұл жинағы арқылы көзіқарақты, көкірегі зерделі тыңдарман бұрын-соңды көп естілмеген, ешбір жинаққа енбеген әндерге қаныға алады. Яғни, осы халыққа беймәлім болып келген тыңнан қосылған әндер арқылы жалпы қазақтың ән қоры байы­тылған. Қайраттың ән қоржынындағы әндерінің саны қаншалықты көп болса, тақырыптық мазмұны да соншалықты әр алуан. Мың сан мақам мен нақышқа толы аймақ әндері тыңдаушысын жалықтырмайды, қайта оның жан сарайын байытып, өлкенің өмір тарихынан, өнер тарихынан мол мағлұмат беріп, таным көкжиегін кеңейте түседі. Әрі тыңдарман аймақтық ән өнерін әліппесінен бастап меңгерген әншінің өсу, қалыптасу жолын танып біледі. Жалпы, батыс өңірі делінгенмен, батыс өлкесінің ән мәдениеті де іштей сан тарам даму сипатына ие. Жарық көріп отырған дискінің құры­лы­мында осы ерекшелікті сақтау мақсат етілген.
Алғашқы екі альбомда халықтық әндер, үшінші жинақта батыс ән өнерінің негізін салушы, ақын, композитор Мұхит Мералыұлының ән мұрасына, төртінші диск осы дәстүрді ХХ ғасырда классикалық деңгейге көтерген өнер саңлағы Ғарифолла Құрманғалиевтің әндеріне арналған. Қазақстанның батыс өңіріндегі эпикалық жыршылық  дәстүр мен арынды төкпе күй өнерінің ән өнеріне тигізген ықпалын ғылыми саралаған музы­ка­танушы Б.Тұрмағамбетова: «Композитордың қолтаңбасы анық, ықшам формадағы биік әндерінің аспап партиясы жергілікті күйшілік мектептерге сәйкес төкпе орындаушылық стилінде. Аспап қағыстарының біртіндеп екпіндете жүретін ерекше штрихтары, едәуір күрделі түрлері бар. Қаһармандық, батырлық» сипатындағы аймақ әндері осы қағыстар көмегімен дауылды, жігерлі, от-жалынды батырлық рухын, қызу шабыттың характерін жеткізеді» дейді. Сондай-ақ Мұхит мұраларының ішкі табиғатына тән ерекшелік ретінде дауыс күші мен диапазонның кеңдігін, күрделі екпінді төкпе күйлердегі қағыстардың кездесуі Мұхит әндерін орындаушыларға әуелі домбыраны күйшіден кем меңгермеу міндеті қойылатындығы батыс әндерін орындаушылардың өнеріндегі негізгі талап екендігін жан-жақты дәйектеген. 
Жұртшылық назарына ұсынылып отырған антология мазмұнын құрайтын альбомдарда батыстық әншілік дәстүрдің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен желісі берілген. Сондықтан да төртінші альбом Мұхит дәстүрін классикалық деңгейге көтеріп қана қоймай, жоғарғы деңгейдегі орындаушылық шеберлік бір бойынан табылатын ірі өнер қайраткері, әнші, композитор, педагог, әнші Ғ.Құрманғалиев шығармашылығына арналған. Ән еркесінің репертуарындағы лирикалық шығар­ма­лармен қатар терме-толғаулардан бөлек қазақ музыка өнеріне тосын опера өнеріндегі вокалдық партияларды сомдаған халықтық лирикалық тенор ретіндегі дара таланты да ескерілген. Заман жаңалығын меңгере отырып, аймақтық ән дәстүрін жаңа бояулармен байытып, аймақтың ән мәдениетінің одан әрі өркендеуінде өз шығармашылығымен зор үлес қоса отырып, Мұхит дәстүрін классикалық деңгейге көтерген саңлақ әнші Ғ.Құрманғалиевтің әндері батыс әншілік дәстүрінің белесті белдерінің бірі екендігі белгілі. Қайталанбас хас талант жайында  Б.Тұрмағамбетова: «Оның жаңашыл туындыларының му­зыкалық құрылымы, даму желісі мен әуендік-интонациялық бағыты, ладтық түзілімі, домбыра сүйемелі өзіне дейін болмаған биік өреге көтерілді» деп ой қорытады. 
Мұхиттай ән саңлағының өнерін Ғарифолла Құрманғалиевтің даусымен бала жасынан бойына сіңіріп, Амангелді Ғұбайдуллиндей ұстазы арқылы аймақ мәдениетіне қаныққан Қайраттың белгілі ай­ты­скер ақын, әнші, ҚР ең­бегі сіңген қайраткері Ха­тим­ол­ла Бердіғалиевтің класында білім алып мамандануы шығармашылық болмысын байытқан баға жетпес байлық болғаны анық.
Дискінің келесі ән-альбомы Маңғыстау қайқылары мен олардың замандасы болған Қайып Бегейұлы, Қожантай Қойбас, Қазихан Нұрғазыұлы сияқты әнші-композиторлардың танымал туындыларын қамтиды. Бұл аты белгілі өнерпаздармен қатар бұрын-соңды жарық көрмеген, сирек айтыла бастаған және ұмыт болып қалған ауызша-кәсіби авторлар туындыларына бір альбом арналды. 


Көкірегі зерделі тыңдарманның назарын ерекше аударатын бесінші альбомның мазмұнында батыс өлкесіндегі шежірелі тарихқа толы Маңғыстау өлкесінде «Адайдың жеті қайқысы» атымен даңқы кең жайылған айшықты өрнегі өзгеше өнерпаздық мек­теп­тің ән үлгілері енгізілген. Б.Тұрмағамбетова жергілікті көзіқарақты адамдардың пі­кірлеріне сүйене отырып, ел ардақтаған бір топ әншінің ән сайысына түсіп, қара үзіп дара шыққанын «қайқы» атандырғандығын дәлелдеп, «Адайдың жеті қайқысының қазақтың ауызша-кәсіби музыкасында «Ашаның алты салы», «Арқаның он бір салы», «Жетісудың жеті салы» секілді ерекше дарынымен, сән-салтанатымен ел құрметіне бөленген дара өнерпаздар екендігін жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдап түсіндіреді. Қайқылардың өнерпаздық ерекшелігі ең алдымен Маңғыстаудың жергілікті күйлеріне сәйкес домбыра сүйемелі, қағыс ерек­шеліктері, екпін-ырғағындағы созылың­қылық пен жыр-күйлерге тән бірқалып­ты­лығы және әндердің өлшемі мен ыр­ға­ғындағы, қайырмалы боп келетін фор­масындағы айырмашылықтарын айқындай отырып, олардағы жыраулық дәстүр ық­палынан домбыраның жырды сүйемел­дегеніндей «жұмсақ» қағыстары әннің табиғатына, ырғағына тікелей әсер етіп, айтарлықтай айшықтандыратындығын Мұхит мұрасымен салыстыра отырып ашқан. Демек, осындай бір өңір өнеріндегі алуан қырлы қасиетті бойына дарыту Қайрат әншінің де аса талғампаздығын, даралық стилін, кең тынысты шығармашылығын та­нытса керек. 

Батыс аймағы әншілік мәдениетінің «төрт құбыласын» түгел таныған әнші репертуарындағы Ақтөбенің Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзенінің теңізге құяр сағасында орналасқан Жылой ән мектебінің өзгеше өрнегін танытатын әндердің («Жылой», «Кең Жылой», «Жем-Жылой», Сақыптың әні, Көбеннің әні және т.б.) үнтаспаға енуі де әнші өнерінің жан-жақтылығын көрсетсе керек. 
Қазіргі заманның дәстүрлі әншісіне асқан талғампаздықпен қатар өткеннің мұрасын көңіл көзімен зерделеп, асылын аршып алып, халық жадысына жаңғыртып ұсынар сарабдал сыншылдық пен зерт­теушіліктің де қажеттілігі сөзсіз. Альбомның аса көңіл аударарлық тағы бір тың жаңалығы – Қайраттың әуелден белгілі әндерді ғана меңгермей өз өлкесінің тыйым салынып ұмытылған, «Алтын қорда» ғана сақталып, өте сирек айтылып, ұмытыла бастаған ән үлгілерін қайта екшеп, жарқыратып, жаңғыртып ел- жұртына қайта қауыштыруы. Қайраттың жалпы шығармашылығының өн бойында ел ара­сы­нан ән мәтін­дерін талмай іздестіріп жинау, ғасырлар қойнауынан жеткен мәңгілік өнердің үлгілерін нотасынан ойнап шығару, ізденіспен теруді міндетті ісіне айналдыруы қазақтың қастерлі өнерінің рухын түсірмеуді өзінің азаматтық, перзенттік парызы санайтындығын көрсетеді. 
Батыстағы әншілік мектептің бірегей өкілі Қайрат Кәкімов репертуары сан-салалы, сан бояулы. Онда халық әндері мен халық композиторларының әндерінің алуан түрлі тақырыбы бар. Репертуарға енгізген әрбір әнінің түр жағынан әркелкілігімен қоса орындаушылық шеберліктің түрлі нақыштары, қырлары, мәнерін меңгеру арқылы тыңдаушы жүрегіне жеткізудің де амалын тапқан өнерпаз. Алтыншы дискіге таңдалынып алынған әндер мазмұны осыны айғақтайды. 

Музыкатанушының пікірінше, орындаушылық өнерге шығармашылық ізденіспен қарайтын Қайрат өзінің орындауындағы «көркемдігі жоғары, эстетикалық ләззат беретін туындыларының композициялық құрылымы мен ырғақтық-интонациялық жақтарын да шыңдап отырды. Уақыт өте келе олардың кәсіби шығармашы­лықтары жекешеленіп, саналы түрде авторлық қолтаңбалары түзіледі». 
Маңғыстаудың қасиетті топырағында кіндігі кесіліп, жалпы қазақ елінің ғана емес, әлемдік ақыл-ой қазынасына айналған ардақты Әбіш Кекілбаевтың батыс аймақтың ән өнерін ерекше бағалап: «Халық аузында әлі де сақталған сирек әндерді іріктеп жинап, репертуарыңда бәрінің басын қосып өз даусыңмен бір күйтабаққа жаздырсаң, болашақ ұрпаққа қалар бәс жетпес қазына» болатындығын айтып, осы ұлы міндетті Қайратқа тапсыруы әнші талантына берілген биік баға мен кірпияз өнердің қадіріне жетер қасиетін таныған сенімі іспетті. 
Әрине, бүгінгідей күрделі экономикалық кезеңде асқан талант та, асқақ арманда қаржыға, демеушіге тәуелді екені жасырын емес. Сөз басында айтылғандай, бұл ақжолтай басылымның бағын ашқан кәсіпкер мұнайшы кәсібін атадан балаға абыроймен жалғастырған Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құмар Қайырбайұлы Балжановтың баласы, жеке кәсіпкер Асқар Құмарұлы Балжанов есімін айтпай кетуге болмайды. 
Жалпы, халық өнеріне тән синкреттілік «көпқырлылық» ән өнерінде де маңызға ие. Тіпті әншінің өзі де біле бермейтін қырларын өзіне де, өзгеге де жарқырата танытуда ма­ман-зерттеушілердің мәні зор. Бұл тұрғыда да Қайраттың жолы болған. Бұл антология­ның көркемделуі мен ұсынылу формасы, жобаның идеясы белгілі музыкатанушы ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Тұрмағамбетоваға тиесілі. Мұнда зерттеушінің «Ән мұхитының дарабозы» деген көпшілік-танымдық және «Батыс әндерінің аймақтық айшықтары», «Ән дариясының дүлдүлдері» атты ғылыми сараптама мақалалары қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылып отыр. Бұл мақалаларда Қайраттың орындаушылық шеберлігі, аймақ әндердің ерекше музыкалық-стильдік заңдылықтары ашылған. 

Дайындаған Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ