Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мәңгілік жансын бағың, Тәуелсіз Қазақстан!

Мәңгілік жансын бағың, Тәуелсіз Қазақстан!

Айқын-ақпарат
1116
Мәңгілік жансын бағың, Тәуелсіз Қазақстан! Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіз Қазақстан» арнайы әлеуметтік пойызы Алматыға атбасын тіреді.

Делегация құрамында «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, қаржы институтының сарапшылары, медициналық мекемелердің, әлеуметтік қорғау, мәдениет саласының танымал тұлғалары, мемлекеттік органдар мен бірнеше ұлттық компаниялардың білікті мамандары бар.

Таңертең ерте мерекелік сипатта безен­дірілген «Алматы – 2» теміржол бекетінің ала­ңына жиналған оңтүстік астана тұрғындарын қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев бастап алып шықты. Қарсы алушылардың қатарында «Нұр Отан» партиясының белсенді өкілдері, Ішкі саясат басқар­масының қызмет­керлері, «Қоғамдық келісім» ҚМБ, этномәдени орталық­тардың жетекшілері, құрметті азамат­тар мен БАҚ өкілдері болды.
Жиынды ашқан Қазақстан халқы ас­самблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, акцияның мақсаты – Қазақстан Прези­­денті Н.Назарбаевтың басшылы­ғымен еліміздің тәуел­сіздік жылдары қол жеткізген жетістікте­рін паш ету, Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясы­ның негізінде қазақстандық патриотизм мен бірегейлікті нығайту. Сонымен қатар «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолында халықты ұйым­дастыра отырып, тұтас елдің өркендеуін да­мытуды одан ары қамтамасыз ету мақ­сатын Қазақстан тұрғындарына кеңінен түсіндіру. 
«Биылғы 1 қарашада елордамыз Астанадан қамданып шыққан пойыз 43 күннің ішінде 97 аудан мен елді мекендерде аралап, алыс ауыл­дардағы халықтың тұрмысымен, әл-ауқатымен танысып, бүгін міне, Алматыға аман-есен келіп, сіздермен қауышып отыр. Осы акцияға белсене қатысқан аза­маттарға және әлеуметтік делегацияны үлкен дайындықпен, қошеметпен қарсы алған жергілікті жерлердегі барша қол­даушыларға шын жүректен алғыс білдіреміз!» деді Е.Тоғжанов.
Бұдан кейін елордалық қонақтарды құттық­таған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қы­рықбаев «Мәңгілік жансын бағың, Тәуелсіз Қа­зақстан!» акциясының шын мә­ні­сін­де қоғамдық-саяси мәні зор екендігін, жергілікті тұрғындардың нақты мәсе­лелерін шеше отырып, елдің жоғары бағасын алған республикалық үлкен іс-шара болғанын атап өтті.
«Тәуелсіздіктің алтын бесігі атанған ға­жайып Алматыдан Қазақстан Рес­публи­касының жаңа тарихы бастау алатынын жақсы білесіздер. Ширек ғасыр ішінде қаламыз адам танымастай құлпырып шыға келді, бүгінде аса ірі деңгейдегі рухани, қаржылық, білім мен ғылымның және спорттың өркендеген орта­лығы болып отыр. Жақында Жаңа жылдағы бірінші айда Бүкілдүниежүзілік Универсиа­даның дүбірлі додасы баста­латынына бүкіл әлем куә болмақ. Осы­ның бәрі Тәуелсіздіктің нәтижесі» деді өз сөзінде А.Қырықбаев.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы шта­бы­ның жетекшісі Әміржан Әлпейісов Қазақстанды тегіс аралаған пойыз бри­гадасы әр жердегі жағдайдың ерекше­лігіне байланысты көмек көрсетіп, кеңес бергенін жеткізді.
«Жолымыздағы елді мекендердегі тұрғын­дардың пойызда құрылған ко­ман­дамыздағы 271 адамға деген ри­зашылығы шексіз. Көптен бері кешенді медицина­лық көмекке қолы жетпей жүрген ауылдардағы еңбеккерлерге білікті дәрі­герлер жәрдемдерін көр­сетсе, әлеуметтік кеңес­шілеріміз, заңгерлеріміз өзде­ріне қойыл­ған сауалдарға толықтай кеңестер берді. Бұдан басқа: «25 жылдың белестері», «Бейбіт­шілік пен келісім – Қазақстан бейнесі» деген тақы­рып­тарда лекциялар оқылды» деді Әміржан Әлпейісов.
Штаб жетекшісі Алматы қаласының ҚХА атқарушы хатшылығына аса құнды сыйлық ретінде кітаптар тапсырды.
«Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың атынан осындай ынты­мақты, берекелі және гүл­денген өмір сүруге жан-жақты мүмкіндік туғызып, мәдениет пен ғылымды дамы­тып, халықтың тұрмыстық әл-ауқатын толықтай қамтамасыз етіп отырған Елбасыға деген алғысын жеткізуге рұқсат етіңіздер» деді жұрт алдында тебі­рене сөй­леген республикалық күрд этно орталы­ғының төрағасы Князь Мирзоев. Теміржол беке­тіндегі іс-шара аясын­да митингпен бірге қонақтар үшін кон­церттік бағдарлама, «Жас Отан» Жастар қанаты белсенділерінің қаты­суымен флеш-моб ұйымдастырылды.
Бұдан кейін делегация мүшелері ал­матылықтар жоспарлаған түрлі бағыт­тағы әлеуметтік, қоғамдық шараларға қатысуымен жалғасты. Атап айтқанда, қонақтар Достық үйінде, Абай атындағы Қазақ ҰПУ-да, №29 емханада, Тұты­нушылар құқығын қорғау департа­ментінде, «Даму» қорында өткен кездесулерге қатысып, өздерінің ой-пі­кірлерін ортаға салды.
Шара соңы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплин кешенінде өткен «Тәуелсіз Қазақ­стан» республикалық акциясының қорытын­дысын жа­риялаған брифингпен аяқталды.

Әмірлан МӘУЛЕН