Негізгі бет  /  мақалалар  /  ПАРТИЯ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

ПАРТИЯ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Айқын-ақпарат
1204
ПАРТИЯ АРДАГЕРЛЕРІ МЕН БЕЛСЕНДІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ Бүгінде барша қазақстандықтар Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтуде. Соған орай ұлан-байтақ еліміздің әр түкпірінде еркіндікті ұлықтайтын мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Олардың қатарында Қазақстанның ширек ғасыр ішінде қарыштап дамуына үлкен үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлерін марапаттау рәсімі де бар. Бұрнағы күні Ақордада бастау алған бұл игі шара кеше де өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ел мүддесі жолында ерен еңбегімен көзге түскен бір топ партия белсенділерін марапаттады.

Салтанатты шараға қатысушыларды еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаған партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тәуелсіздік – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандаған, Елбасының кемеңгер саясатымен жүзеге асқан, біздің буынға бұйырған баға жетпес бақыт. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Ақордада басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясының мүшесі, ел тізгінін ұстаған бірқатар азаматқа Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградаларын тапсырды. Сол салтанатты шарада Президентіміз: «Кез келген аза­мат­тың, әсіресе, Тәуелсіздік сияқты киелі, қасиетті ұғымды нығайтуға атсалысқан азаматтар еңбегінің ескерілгені, еленгені дұрыс» деді. Осы тұрғыдан кел­генде Елбасымыз­дың Тәуелсіздік күні қарсаңында мыңдаған қазақ­стандықты өзінің арнайы Жар­лы­ғымен еліміздің жоғары наградаларымен мара­паттауы сіздерге, «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне, көрсеткен зор құрметі деп білемін» деді.
Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары еліміздің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін тілге тиек еткен Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ширек ғасыр бұрын әлем картасында Қазақстан атты тәуелсіз мемлекет пайда болды. Сол күннен бастап Елбасымыз елімізді дамудың даңғыл жолынан жаңылдырмай, кемел келешекке бастап келеді. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын біз әлемнің ең дамыған 50 елінің қатарына қосылуды армандайтын едік. Бүгінде сол арманымыз шындыққа айналып, көздеген межеге қол жеткіздік. Сондықтан Мемлекет басшысы алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті, ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жөнінде жаңа міндеттер мен мақсаттар қойды. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ол белесті де бағындыратынымызға кәміл сенемін» деді.
Кез келген мемлекеттік награда Елбасының Жар­лығымен тағайындалып, оған Мемлекет басшы­сының қолы қойылатыны белгілі. Осы тұрғыда партия Төрағасының бірінші орынбасары барша нұротандықтардың Президентіміздің бұл жоғары сенімін абыроймен ақтайтындарына сенім білдірді.
Сонымен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­ді­гінің 25 жылдығына орай, мемлекеттік және қо­ғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов пен Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясы аппаратының басшысы Гүлнар Сейітмағанбетова «Парасат» орденімен марапат­талды. Ал «Нұр Отан» партиясының хатшылары Фархад Қуанғанов пен Наталья Годунова, партияның Алматы облыстық филиалы төрағасының орын­басары Садық Әбдіқадыров, Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева, Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі, бастауыш партия ұйымының төрайымы Бақытгүл Жұманбаева және Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ахат Мырзалин кеуделеріне «Құрмет» орденін тақты.
Ел мүддесі жолындағы еңбегіне жоғары баға берген партия Лидері мен Төрағаның бірінші орын­басарына ризашылығын білдірген Ф.Қуанғанов: «Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі ұғым. Осынау ұлық мереке қарсаңында жоғары награда алғаным үшін Елбасына және партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлына алғысымды білдіремін. Бұл тұтас ұжымның еңбегіне берілген баға деп білемін. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын» деді.
Сондай-ақ шара барысында бір топ партия бел­сендісі «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, «Айқын» республикалық газетінің Директор – Бас редакторы Нұртөре Жүсіп пен «Нұр-Медиа» хол­дингінің бас директоры Жанай Омаров Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Одан бөлек, тағы бір топ нұротандыққа Қазақстан Рес­публикасының Құрмет грамотасы берілді.
Сонымен қатар аталған іс-шарада Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономи­калық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Аталған медальді алғандар қатарында «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс, республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, партия ардагері Оралбай Әбдікәрімов, партия ардагері Қайыржан Тақуов, партия хатшылары Зауытбек Тұрысбеков пен Қаныбек Жұмашев, партия Орталық аппаратының басшысы Ақылбек Ихданов және тағы басқа белсенді қызметкерлер бар.
Профессор, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Мырзатай Жолдасбеков, «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы төралқасының мүшесі Кенжеғали Сағадиев және тағы бір топ партия мүшесі Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стра­тегиялық бағытын, «Нұр Отан» партиясының бағдарламалық бағыттары мен міндеттерін іске асыруға белсенді атсалысқаны үшін, сондай-ақ Қа­зақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбел­гісімен марапатталды.
Шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед барлық қатысушыны Тәуелсіздік күнімен тағы бір құттықтап, жаңа жылдан, яғни 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты, барлық аймақтардағы филиалдар және «Жас Отан» Жастар қанаты қызметкерлерінің жалақысы 15 пайызға өсетінін жеткізді.
«Мемлекет басшысының бұл қамқорлығы бізді жігерлендіріп қана қоймай, жауапкершілік жүгін арттырады. Сондықтан нұротандықтарға еш босаң­суға болмайды» деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.


Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ

 


 

Пікір

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, профессор, филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі:

 

– Алдымен бүгінгі салтанатты шараға қатысушыларды бізді жан рақатына бөлеген Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен құттықтаймын. Тәуелсіздік – қазақтың басына қонған бақ. Соның арқасында біз тарихымызды, тілімізді, дінімізді, ділімізді қайтардық. Сондай-ақ Тәуелсіздік бізге таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы кешке ұйқыға жайлы жататын Қазақстанды сыйлады. Сол үшін де біз бақытты халықпыз. Біздің өз еліміз, өз жеріміз, мемлекетіміз бар. Осыдан 1300 жыл бұрынғы бабалар мұраты бүгінде ұлан-ғайыр даламызда тәуелсіз ел ретінде шындыққа айналды. Жаратқан осы бақытымызды баянды қылғай.
Өзімді осы Тәуелсіздікті көргенім үшін, азаттықтың алғашқы күнінен бастап елдігіміздің іргесін бекітіп, негізін қалаған Елбасымыздың қасында жүргенім үшін өте бақытты жан санаймын. Бүгінгі еркіндікті ұлтымызға еңбегі сіңген талай арыс азаматтарымыз көре алмай кетті.
Біз бүгінде еңсесі биік Ақордасы, айбынымызды асқақтатып, көгімізде желбіреген көк туымыз және Нұрсұлтан Назарбаевтай Елбасымыз бар тәуелсіз елміз. Енді осы бақ-берекені ұзағынан болсын деп тілеп, сол жолда жұдырықтай жұмылып еңбек етейік.
Елбасымыз негізін қалаған «Нұр Отан» партиясы жасай берсін. Бұл – елді жарылқаушы партия. Сондықтан «Нұр Отанды» да Тәуелсіздіктің бізге берген бірегей сыйы деп білемін.

 

Кенжеғали САҒАДИЕВ, «Атамекен» одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы төралқасының мүшесі:

 

– Бүгін барша қазақстандықтар үшін ұлық мереке. Себебі, Тәуелсіздігіміз бозбала жасынан жігіттік шаққа өтті, ширек ғасырлық кезеңге жетті. Осынау айтулы датамен сіздерді шын жүрегіммен құттықтаймын. Алдымызда әлі талай асулар мен белестер тұр. Елбасы айқындап берген Мәңгілік ел болу мұратын шындыққа айналдыруымыз керек. Мұның бәрі осы ширек ғасырдың арқасында туған мақсат-мұраттар.
Расын айтар болсақ, 25 жылдың ішінде біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Жаһандық дағдарыстарды лайықты еңсеріп, ұлттық экономикамызды қалыптастырдық, дамудың қазақстандық жолына түстік. Мұның бәрі Тәуелсіздіктің, Президентіміздің дана саясатының арқасында мүмкін болған жетістіктер. Бүгінде бүкіл әлем бізді экономикасы дамыған, тұрақты, демократиялы, тәуелсіз мемлекет ретінде таниды. Осы бақытымыз баянды да ұзағынан болсын.

 

Ахат МЫРЗАЛИН, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

 

– Қазақстанның көркіне айналған Астанада, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Елбасының Жарлығымен осындай жоғары награда алу – кім-кімге де үлкен мақтаныш. Баршаңызға еңбектеріңіз жемісті болып, мәртебелеріңіз арта берсін дегім келеді.
Ұлы даланың ұлы перзенті, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана Мұхтар Абрарұлын жоғары мемлекеттік наградамен марапаттау арқылы тұтас «Нұр Отан» партиясына өз сенімін білдіріп, жоғары бағасын берді.
Елбасының негізгі миссиясы Қазақстанды рухы биік, бірлігі бекем Мәңгілік ел ету екенін білеміз. Осы тұрғыдан қарағанда кешегі марапат бізге артылған жүктің салмағы қаншалықты ауыр екенін аңғартады. Сол себепті, барлық әріптестерімді осы жолда аянбай еңбек етуге шақырамын. Мереке құтты болсын!

 

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» респуб­ликалық газетінің Директор – Бас редакторы:

 

– Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы – халқымыз үшін ең ұлы той. Бұл күнге біз көптің тілегімен, ата-бабамыздың арман-аңсарымен жеттік. Осынау ұлық мерекеге орай бүгін Елбасымыз қол қойған наградамен марапатталдық. Бұл осыған дейінгі еңбекке берілген бағамен қатар, ертеңгі күнге деген зор жауапкершілік деп білемін. Себебі, Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтап қалу бар. Біз ғасырлық өлшеммен бағаланатын алғашқы межені бағындырдық. Ендігі мақсат – Мәңгілік ел болу. Қазір біз үшін сол жолда тайлы-тұяғымызбен еңбек ететін уақыт. Сол күнге аман-есен жетіп, еліміз бұдан да зор табыстарға кенелуді нәсіп етсін. Осы ретте барша қазақстандықтар мен «Айқын» газетінің оқырмандарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Қазағымыз аттан, қазанымыз оттан түспесін, ағайын!

 

 

 

 

 

 

 

 

Қайыржан ТАҚУОВ, партия ардагері:

 

– Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен құттықтаймын. Қазіргі таңда Қазақстан барша әлем мойындаған, алпауыт мемлекеттердің өзімен терезесі тең жағдайда қарым-қатынас жасайтын қуатты елге айналды. Осыдан 25 жыл бұрын «ширек ғасырдан кейін осындай жетістіктерге жетеміз» дегенге сену қиын еді. Өйткені ол кезде тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекеттік рәміздерімізді бекіткенімізбен, көк туымызды тігетін матаның өзін зорға тапқан едік. Мата табылғаннан кейін оны тігетін цех болмады. Себебі, КСРО ыдыраған соң барлық өндіріс орындары тоқтап, экономика тұралап қалды. Қазір «бір кездері мекеменің төбесіне ілетін туды тігудің өзі оңай шаруа болған жоқ» дегенге күмәнмен қараймыз. Себебі, қазіргі жағдайымыз ол кезбен салыстырғанда жер мен көктей. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сондай қиындықтардан өтуге мәжбүр болдық.
Тіпті депутаттардың төсбелгілерін дайындау да оңай болған жоқ. Оған да жоғарыдағыдай келеңсіздіктер кедергі болды. Соған қарамастан, біз Елбасымен бірге келешегіміздің кемел боларына сендік. Сол жолда қолымыздан келгенше еңбек еттік. Бүгін соның жемісін жеп отырмыз. Енді қазіргі буын келер ұрпаққа тәуелсіздігіміздің іргесін одан әрі бекітіп, бұдан да қуатты Қазақстанды аманат ету жолында тер төгулері тиіс. Қазақстанның Елбасының ақыл мен парасатқа негізделген даңғыл жолымен жаңылмай жүріп, бүгінгіден де зор табыстарға жететініне сенімдімін.

 

Марат ТОЯСОВ, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

 

– Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан өзіндік даму жолын айқындаған, сонысымен өзгелерге үлгі-өнеге көрсете білген, бәсекеге қабілетті, дамыған, қуатты елге айналды. Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында біз бүкіл әлем мойындайтын Қазақстан атты тәуелсіз мемлекет құрдық. Ендігі міндет – осы тәуелсіздіктің тұғырын одан әрі биіктету, іргемізді бекітіп, елдігімізді нығайту. Осы жолда барша қазақстандық «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» еңбек етсе, Мемлекет басшысының стратегиялық саясатын жүзеге асыруда қолдау көрсетсе алдымызға қойған Мәңгілік ел болу мұратына, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатына қажымай жетеміз деген ойдамын.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып барша отандастарым мен бүгін марапатталған әріптестерімді ұлық мерекемен құттықтаймын. Әр қазақтың шаңырағынан құт-береке арылмасын! Тәуелсіздігіміздің торқалы тойы құтты да баянды болғай!