Басты  /  мақалалар  /  Мұнай тасымалының майталмандары

Мұнай тасымалының майталмандары

Айқын-ақпарат
1644
Мұнай тасымалының майталмандары Магистральды мұнай құбырлары бойынша елімізде Ұлттық оператор саналатын «ҚазТрансОйл» компаниясында көптеген өз мамандығын бүге-шігесіне дейін терең меңгеріп, жауапты жұмысын жоғары деңгейде дөңгелетіп жүрген мамандар аз емес.

Олар өз білімі мен тәжірибесін өндірісте ғана пайдаланбай, ізін басқан жас мамандарға да сарп етуде. Осылайша, мұнай құбыршылардың лайықты ізбасарлары өсіп келеді. Шеберлік және адамгершілік қасиеттерімен өзгеге үлгі болатын мамандар компанияның Шығыс филиалы құрылымдық бөлімшелерінде де жетерлік. Олар Шымкент мұнай құбыры басқармасының магистральды мұнай құбырларын пайдалану бөлімінің жетекші инженері Нұрлан Тәшібаев пен Үшарал қаласындағы Операторлық қызметтер басқармасы бастығының орынбасары Шалқар Әлпиев. 
Нұрлан Нұртөреұлы 1957 жылы Қы­зылорда облысының Шиелі кентінде дүниеге келген. Екі жоғары білімнің иесі 1980 жылы Ленин атындағы Қазақ поли­техникалық институтын және 2008 жылы 
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Өз еңбек жолын 1980 жылы Қаратау тау-құрылыс техникумында оқытушы болып бастаған. Алайда Нұрлан Нұр­төреұлы оқытушылық қызметін жалғас­тырмай бүйрегі бұрған техникалық салаға ауысқан. Әр жыл­дары түрлі қызмет­терде болған Нұрлан Тәшібаев 2003 жылдан бастап Шымкент мұнай құбыры басқарма­сында инженер болып қызмет етіп келеді. 
– Мұнай тасымалы саласы, соның ішінде Шығыс филиалының Шымкент қаласын­дағы құрылымдық бөлімшесі мені көптен бері қызықтыратын. Себебі, бұл ұжымда тұрақтылық және мамандарды бі­ліміне қарай жоғары бағалайтынын ести­тінмін. Бағыма қарай осы басқармаға жұ­мысқа орналасу бұйырды, – дейді ол. 

Нұрлан Тәшібаев алғашында өз шебер­лігін резервуарлық парк және құю бекеті инженері болып шыңдаған. Қазір Шым­кент мұнай құбыры басқармасының мұ­най құбырларын пайдалану қызметінің же­текші инженері болып еңбек етеді. Жалпы, ол он үш жыл ішінде Шымкент мұнай құбыры басқармасына қарасты магистральды мұнай құбырларының нысандары мен құрылым­дарын қауіпсіз пайдалану, қайта құру секілді кешенді шараларға белсене қатысқан. Мә­селен, Арыс, Бадам, Бүржар секілді өзен­дер­дегі су асты құбыр жолдарын қайта қалпына келтіруге арналған шараларда өз кәсіби тәжірибесін молынан пайдаланған. Ол кісінің әрбір жұмыс күні өндірістік қауырт шақтарға толы. Жемісі де зор. 


Мақаламыздың келесі кейіпкері Опе­ра­торлық қызметтер басқармасы бас­тығының орынбасары Шалқар Әлпиев еңбек жолын 1999 жылы қазан айында «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Ақтөбе филиалының «Орск» қабыл­даутапсыру бекетінде тауар операторы болып бастаған. Қызметін қатардағы қара жұ­­мыстан бастаған Шал­қар Мәулет­шәріпұлы кейіннен осы бекеттің бастығы болып еңбек еткен. Тіпті «Кеңқияқ» ЖӨДС қазандықтар паркін кешенді жөндеу бойынша жұмыс­тарды ұйымдастырып, қойылған міндеттерді сәтті орындағаны үшін компанияның Құрмет грамотасымен де марапатталған. Бұл үлкен қажырлы ең­бек, төзім мен ұйым­дастыру­шы­лық қабілеті­нің жемісі. Жасына қарамастан өзін жаңаша қырынан танытқан ол 2006 жылы кезіндегі (қазіргі «Петерфельд» ЖӨДС) Солтүстік Қазақ­стан мұнай құбыры басқармасының бас­тығы қызметіне тағайындалған. Оның жаңа басқарманы құру кезінде облыстың билік органдарымен мү­лікті қайта рәсім­деу, әлеуметтік мәсе­лелерді шешуде сіңір­ген еңбегі зор. Қазіргі күні операторлық қызмет­тер басқармасында еңбек етіп жүрген Шал­қар Мәулетшәріпұлы әр жылдарда №9 МАС, №11 МАС және №10 Мас секілді құры­лым­дық бөлімшелерді іске қосу және техно­логиялық құбырларды мұ­най­мен толтыру кешенді шараларын ұйым­дас­тыруға белсене қатысқан. Атал­мыш стан­циялар «Атасу – Алашаңқай» құбыры арқылы Қытай еліне мұнай импорттайтын стратегия­лық жол екенін де атап өткен жөн шығар. 
– 1973 жылы кезіндегі Семей облы­сы Аягөз қаласында туғанмын. Бала кезім­нен спортпен шұғылдануды ұната­тынмын. Десек те, спортпен айналысуға қаншалықты аңса­рым ауса да, техникалық мамандықты игеруім қажет деп таптым. Осы мақсатпен 1996 жылы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ кәсібінің машиналары мен құрал-жабдықтары» ма­мандығы бойынша тәмамдадым. Сол жоғары оқу орнынан «Инженер-механик» маман­дығын алып шықтым. Кейіннен отандық мұнай құбыры жүйесіне жұмысқа орналас­тым. Және ол үшін еш өкінбеймін. Себебі, 17 жыл­дың ішінде көптеген кәсіби маман­дармен танысып, бірге жұмыс істеу ба­қыты бұйырды, өзім үшін өмірлік сабақ алдым. Ал спорт менің ғана емес, жалпы опе­ра­торлық қызметтер басқармасы ұжы­мының сүйікті хоббиіне айналған, – дейді Шалқар Әлпиев. 
Көпшілік магистральды мұнай құбыры жүйесіндегі қызметтің қаншалықты қауырт шақтарға толы және қиындық­тарымен қызықты екенін біле бермейді. Мақала қаһармандары сол «дәурендердің» барлығы басына бұйырған жандар. Екеуі де өз басқармаларында ізбасар түлектерін түлетіп жүрген білікті мұнай құбыршылар. Осындай мамандардың арқасында биыл 25 жылдығы аталып өтіп жатқан тәуел­сіздігіміз мәңгілік болады деген сенім зор.


Бейбіт БӨЖЕН