Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мәселе қаңтарда қаралады

Мәселе қаңтарда қаралады

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
740
Мәселе қаңтарда қаралады Қазақстан, Ресей және Беларусь ауыр атлетика федерацияларына қатысты шешім 2017 жылдың қаңтар айында Лозаннадағы (Швейцария) Спорттық арбитраждық сотта белгілі болады.

Бұл сотта Ресей құрамасына қатысты тыңдаулар – 26 қаңтарда, Қазақстан мен Беларуське қатыстысы 27 қаңтарда өтеді.

Сот шешіміне байланысты бұл үш елдің зілтеміршілерің алдағы 1 жылда барлық жарыстардан шеттетілетіні немесе шеттетілмейтіні нақты анық­талады. Биылғы 22 маусымда Халық­аралық ауыр атлетика федерациясының атқару коми­теті қаулы қабылдады. Бұл құжат бойын­ша, 2008 және 2012 жылғы олимпиялық ойындарда алынған допинг-сынамаларды қайта қарау кезінде оң нәтиже белгілі болса, бұл спортшылардың елінің ұлттық феде­рациялары 1 жылға айыпталуға тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстан атынан Бейжің олим­пиа­дасында сынға түскен Илья Ильиннің (алтын медаль), Ирина Некрасованың (күміс жүлде), Мария Грабовецкаяның (қола жүлде), Лондонда топ жарған төрттіктің (Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза) допинг-сынамасының екеуі де оң нәтиже берді. Бұл спортшылардың айыпталу мерзімі де анықтала бастады. Енді біздің зілтеміршілер 1 жылға еш сынға қатыспайтын болса, тек 2020 жылғы Токио олимпиадасы қарсаңында ғана ірі жарыстарға жол ашады. Бұл жағдайда олимпиадаға толық құраммен бару ар­маны көзден бұл-бұл ұшары анық. 
Қазақстан қос олимпиадада допинг-сынамасынан рұқсат етілмеген препарат­тар шыққан спортшылар тізімі бойынша Ресейден кейінгі екінші ел болып отыр. Біздің 9 олимпияшының қаны таза емес болып шықты.