Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Скиф алтынын» кім алады?

«Скиф алтынын» кім алады?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1555
«Скиф алтынын» кім алады? «Айқын» гавзетінің сайтында бұрын жарияланғанындай, Қырымның бес музейі Амстердамдағы сотқа ұжымдық шағым түсірген.

Онда Нидерландыдағы көрмеге апарылған «Скиф алтыны» жәдігерлерін Қырымға қайтару туралы сөз болады. Музей қызметкерлерінің ойынша, тарихи жәдегерлер өз отанына оралуы тиіс.

Әңгіменің ашығына келер болсақ, Қырымның бес музейінен Бонн қаласында өткен көрмеге СКИФ алтыны апарылғаны белгілі.  Дәл сол кезде Қырым Ресейге қосылды. Алайда Бонн қаласында өткен көрмеден кейін  тағы да мамыр айында Амстердамда тарихи жәдігерлердің жәрмеңкесі өтті. Бонн қаласынан Скиф алтыны Амстердамға апарылды. Ал тамыз айында үш айға созылған көрме аяқталғанымен, аяқ астынан басталған даудан кейін алтындар Нидерландыда қалып қойды. Шынымен, қырымдықтардың шырылдайтындай жөні бар. СКИФ алтыны аз емес, 565 жәдігер болып отыр.  Ал ресми Киев болса, «бұл Қырымның емес, Украинаның меншігі болып есептеледі» деп, олар да Интерполға шағым түсірді.  Қазір Қырым Республикасы мен Украинаның Мәдениет министрлігі арасында дау туып отыр. Бірақ Амстердам Скиф алтынын әлі ешкімге берген жоқ. Ал қымбат экспонаттар кімге тиесілі, ол жағын сот анықтайды. Қырымның бес музейінің басшылары «Еуропа антиресейлік көзқарастан ада болған жағдайда экспонаттарды қайтарады. Оған дейін жағдайды қасақана соза түсуі мүмкін. Сондықтан Украина оқиғаны әдейі саясиландыру үстінде» деп отыр. 

Бірақ ұзаққа созылып келген дауға 14 желтоқсан күні Амстердамның соты нүкте қойды. Сот шешіміне сәйкес Скиф алтыны Қырымға емес, Украинаға қайтарылатын болды. Өйткені аталған алтындар Қырым Украинаның құрамында болған кезде шетелдегі көрмеге шығарылған.

Кеше ғана шығарылған шешімге Қырым Республикасының бес музейі қарсылық танытты. Алайда сот шешімі жария болғанымен,, талас әлі жалғасатын түрі бар. Ал жалпы Скиф алтынының құны 1,5 миллион евроға  (1,59 миллион доллар)  бағаланып отыр. Әзірге экспонаттар Амстердам жерінде қалады, өйткені қарсы жақ осы мерзім аралығында сот шешімімен келіспей,  талап –арыз беруге құқылы.

Алайда, Амстердам сотының бұл шешіміне Ресейдің Мәдениет министрлігі де наразылығын білдірді. Скиф алтынына қатысты шешім бұл халықаралық құқықтьық норманы бұзу болып табылады. Музей жәдігерлері қай жерден алынса, қайтадан  сол жерге апарып қойылуы керек. Ал Скиф алтыны ондаған жылдар бойы Қырым музейінде сақталынып келген.

«Бұл шешім заңсыз, - деді Ресей жағы. -  Халықаралық құндылықтарды сыйламау және бағаламау болып табылады. Сондықтан біз аталған шешімге наразылығымызды білдіре отырып, әділдіктің қалпына келуін талап етеміз».

Бірақ Амстердам сотының шешімін Украина президенті Петр Порошенко әділдік деп бағалады.

  • Амстердам аймақтық сотының бұл шешімі шын мәнінде Ресейдің Қырымды аннекциялап алғанын айқын көрсетеді. Қырым –Украинаға тиесілі. Сот  шешімі де соған негізделіп жасалып отыр. Қырым біздікі. Сондықтан сот шешімін сыйла, бұл мәселеге нүкте қою керек, - деді Украина басшысы.

Бірақ бұл мәселеге қатысты дау жақын арада аяқтала қояды деу, артық. Кім, қымбат жәдігерлерін көрші елге тегіннен тегін бере қойсын?! Басты сауал күн тәртібінде тұр:  Скиф алтынын кім алады?!.