Негізгі бет  /  мақалалар  /  Пальмира құлады...

Пальмира құлады...

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1004
Пальмира құлады... Көктемде ғана Сирия әскері Ресей қарулы күштерінің көмегімен көне мәдениеттің ошағы, көне дәуір жәдігерлерінің алтын бесігі болған Пальмира шаһарын «Ислам мемлекеті» содырларынан азат еткен еді.

 Бірақ бұл жеңістің ғұмыры алты айға жетпеді. Жексенбі күнгі болған қақтығыста Сирияның үкімет әскері Пальмираны тастап шықты. Мұздай қаруланып, тұтқиылдан тап берген «Ислам мемлекеті» содырлары қаланы қайтарып алды. Әрине, бұл тек Шамның ғана емес, ол елге әскери техника және арнайы мамандарды жіберіп отырған Ресейдің жеңілісі. Өзге әлем Пальмирада болған жағдайды осылай түсінуде. Рас, лаңкестік соғыс негізінен Дамашықтың түбінде және Алеппо қаласы үшін болып жатқан соң, барлық үкімет әскері және оларды қолдаушы қарулы топтар сол маңға жұмыл­дырылған. Пальмираны қорғауға тек екі батальон әскер қалдырылған еді. Сондай-ақ шаһарда аса ірі қару-жарақ қоймасы жасақ­талған-ды. «ИМ» тобы сол қойманы басып алып, қаруды өздеріне тасуда. Ресей қорғаныс министрінің өкілі Игорь Конашенков осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, шаһарға 4 мыңға жуық содырлар шабуыл жасаған. Алеппода «ИМ» тобы жеңіліске ұшырап жатқанымен Сирияның өзге аймақтарында бұл топ әскерлерін реттеп, жаңа шабуыл жоба­ларын әзірлеп жатқаны белгілі. Әсіресе, Ирак­тың Мосул қаласынан сытылып шыққан лаң­кестер барлық күш, барлық әскери техниканы Сирия жеріне топтастырып жатқаны анық.
  Еске сала кетсек, Ирактың Мосул қа­ласына бекінген «ИМ» тобына қарсы шабуыл қазан айының ортасында басталған. АҚШ пен Ирак коалиция күштері әлі күнге қаланы басып алуға шамасы келмеуде. Бұл жеке әңгіме. Тек сол Мосул қаласын қоршап тұрған коалиция әскерінен сытылып шаққан қарулы лаңкестер қазір Сириядағы одақтастарына қосылып, қара көбейту үстінде. Ал Сирия үкімет әскері Ресей қанша қолдағанымен лаңкестерден өз жерін толық азат ете ала ма, жоқ па? Өйткені 2011 жылдан бергі соғыста шаршаған, рухы құлаған, титықтаған үкімет әскері ертең азат еткен Алеппоны да ұстап тұра ала ма? Алеппо да Пальмираның жағдайын бастан кешпей ме? Мәселенің үлкені осы болса керек-ті.