Негізгі бет  /  мақалалар  /  Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі анықталды

Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі анықталды

Айқын-ақпарат
1750
Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі анықталды Астанада «Нұр Отан» партиясының үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Биылғы жылдың басты ерекшелігі партияның аймақтық филиалдарының «Үздік қоғамдық қабылдау», «Үздік депутат», «Үздік мемлекеттік орган», «Үздік қызметкер» сияқты жаңа аталымдарымен толықты. 

Қоғамдық қабылдаулардың жұмысын ынталандыру мен жақсарту мақсатында 2010 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының үздік қоғамдық қабылдауы» республикалық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Аталмыш байқау партияның қоғамдық қабылдауының жұмысын жандандыруда оң нәтижелер берді.
«Үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» үшінші орынды БҚО, Сырым аудандық филиалы мен ШҚО, Семей аудандық филиалы иеленді. Екінші орынды ОҚО, Мақтаарал аудандық филиалы мен Алматы қаласы, Әуезов аудандық филиалы жеңіп алды. Жеңімпаз деп Алматы облысы, Еңбек­шіқазақ ауданы «Нұр Отан» партиясының филиалы танылды. Жүлделі бірінші орын Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық филиалына бұйырды.  Филиал төрағасының бірінші орынбасары Қуат Сұлтанұлы партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері қоғамдағы ең өзекті мәселелерді нақты зерделей отырып, нақты шешімін табатын институтқа айналғанын айтты.
–  Біздің үздік деп танылғанымыздың себебі түрлі мәселелерімен партияға өтініштерімен келген азаматтардың сауалдарына дер кезінде жауап беріп, сапалы қызмет атқарғанымыздан деп білемін. Біздің қоғамдық қабылдау бөлмесі билік пен халық арасындағы көпір ретінде осы жылы 500-ден астам арыз-шағымдарды аудандағы мемлекеттік органдар, партиямыз бен кәсіпкерлер арқылы шешті. 
«Үздік депутат» аталымы иегері Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Сағатханұлы:
–  Бірнеше күннен кейін еліміз  Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Егемендік әрбір қазақ үшін ең қасиетті ұғым, басты мерекеміз. Бұл ширек ғасырда қай саланы алсақ та, әрқайсысында ауыз толтырып айтатын жеңістеріміз жетерлік. Барлық жетістіктерде «Нұр Отан» партиясының үлесі зор. Өйткені бұл партия Елбасының негізгі тірегі, негізгі көмекшілері. Депутаттар Парламентте Президент саясатын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жүйелі жұмыстар жасап жатырмыз. Партияның еңбекті байқап, сый көрсетуі жеңімпаздарды жігерлендіреді,-деді
Марапаттауда ең үздік бастауыш партия ұйымдарын (БПҰ) анықтау және олардың жұмыс істеу тәжірибесін тарату мақсатында партия жыл қорытындысының нәтижесі бойынша БПҰ байқауының жеңімпаздары анықталды. Конкурс ашық түрде өткізілді және үш өңірлік, аймақтық және орталық кезеңдерінен тұрды. Оған БПҰ-ның үш категориясы да қатысты. Қорытынды бойынша үшінші орынды III санатта ШҚО, Өскемен қаласы, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, II санатта Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, I санатта Қарағанды облысы, Қазыбек би ауданы мен Астана қаласы, Алматы ауданы бастауыш партия ұйымдары жеңіп алды. III санатта БҚО, Бөрлі ауданы, II санатта Павлодар облысы, Қашыр ауданы, I санатта Қостанай облысы, Қостанай қаласы БПҰ екінші орын иегерлері атанды. Ал жүлделі бірінші орын III санатта Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, II санатта Атырау облысы, Атырау қаласы, I санатта Алматы облысы, Балқаш ауданы бастауыш партия ұйымдарына бұйырды. 

Көркем ӨМІРӘЛІ

 


 

100 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті

 

Азаматnардың әлеуметтік мәселелерін өзінің Саяси Доктринасына арқау еткен «Нұр Отан» партиясының  Қызылорда облыстық филиалы tл Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «25 қайырымды іс» акциясын ұйымдастырды. Жетекші партия өкілдері  игілікті шараны ҰОС ардагері, 92 жастағы Әбдірауық Сатыбалды ақсақалды  мерейлі мерекемен құттықтап,  ақсақалдың ақ батасын алудан бастады.

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев Тәуелсіздік жылда­рын­да Елбасымыздың дана көшбасшылығымен  қол жеткізілген жетістіктер мен табыстарымызды атап,Тәуелсіздік құндылықтарын кейінгі ұрпаққа насихаттаудағы еңбегіне зор алғысын білдірді. Әрі партия филиалының төрағасы, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты мен  арнайы мерекелік сый-сияпатын табыстады.
Ардагерлерін ардақтаған  «Нұр Отан» партиясына риза болған соғыс ардагері «Елімізде соғыс болмасын, көк байрағымыз көкте желбіреп, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Еліміз, Елбасымыз аман болсын», деген ақ батасын берді.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған  акцияның негізгі мақсаты әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларын қолдап моральдық және материалдық көмек көрсету. 
Шара аясында нұротандықтар «Қызыл-ай» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, қаладағы тұрмысы төмен 100 отбасына азық-түлік және  материалдық көмек көрсетті.
Раушанбек Камалов 69 жастағы зейнеткер. 6 баласы бар. Барлығы да ер жеткен. Тұрақты жұмыстары болмаған соң арасында  жалдамалы жұмыс жасайды. Олардың тапқандары немерелерінің киім-кешегінен артылмайды.  Бүгінде өзінің және жұбайының зейнетақысымен бүкіл отбасын асырап отырғандығын айтады. Бүгін ғана емес, бұған дейін де партияның қамқорлығын сезінген Камаловтар отбасының тірегі Раушанбек аға партия басшылығына шексіз ризашылығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.  
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 қайырымды іс» акциясы  екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұнан бөлек  партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ», «Ардагерлерді ардақтайық»  секілді әлеуметтік жобалар аясында  жыл бойына  100-ден астам  отбасыларға азық-түлік және қаржылай көмек көрсетілді.  Біз партия қабылдауына келген азаматтардың өтініштерін мүмкіндігінше орындауға тырысып жатырмыз. Сондықтан мұндай акциялар әлі де жалғасын табатын болады», деді шара барысында облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов.

Миуа БАЙНАЗАРОВА

 


 

 

Тұрғындардың талап-тілегін орындап...

 

«Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының және қалалық филиал жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. 

«Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бекқали Нұрбосыновтың айтуынша, комиссия биыл 4 отырыс өткізген. Одан бөлек, қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініш, арыздармен де жұмыстар жасалған. Мәселен, партиялық бақылау комиссиясы «Көктем» шағынауданы 48 үйде тұратын 19 отбасының қаңтар айында жылусыз отырғандығы туралы арызды қараған. Осы мәселеге байланысты комиссия мүшелері тексеру жүргізіп, тексеруге жылу жүйесіне жауапты мекеме басшылары шақырылып, тұрғындар алдында бір апта ішінде қалыпқа келтіру жөнінде тапсырмалар берілген. Нәтижесінде, тұрғын үй аталған мерзімде жылумен қамтамасыз етілген. 
Сондай-ақ Жаңаөзен қаласы Арай шағынауданындағы Иса Жаманқара көшесі №31 үйінің тұрғыны Шархат Пасырова Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда өзінің тірілердің тізімінде жоқтығын айтып партия филиалына арызданған. Бұл мәселе комиссия отырысында қаралып, Жаңаөзен қалалық әділет басқармасының басшысы Асқар Аққалжановқа хат жолданған. Жаңаөзен қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі Шархат Пасырованың қайтыс болуы туралы деректің тіркелмегендігін көрсетіп, жауап берген. 
– Партиялық бақылау комиссиясы мамыр айында Жаңаөзен қалалық білім бөлімі, Қазынашылық басқармасы, Жаңаөзен қалалық кірістер басқармасы және мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздеріне тексеру жүргізді. Тексеріс барысында өрескел заң- бұзушылықтар анықталған жоқ. Кейбір мекемелерге қараңғы мезгілде рәміздерге жарық түсіп тұруы тиіс екендігі ескертілді.     
«Отан-АК», «Шұғыла», «Мереке», «Кәсіпкер» және басқа да бастауыш партия ұйымдарынның төрағаларымен кездесулер өткізіп, жұмыс деңгейін көтеру жолдары талқыланды. Биыл бір адамды партия қатарынан шығару бойынша Саяси кеңес бюросына ұсыныс берілді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Арай» шағынауданында салынып жатқан 320 орындық балабақша құрылысына бақылау жүргізілді, – дейді Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бекқали Нұрбосынов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Жауынбай Сәт сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында мемлекеттік ме­кемелерде, бастауыш партия ұйымдарында және білім беру ұйымдарында кездесулер өткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар биыл қала тұр­ғындарынан 3 жазбаша арыз түскенін жеткізді. 
– Біздің филиал жанындағы қоғамдық кеңес 2016 жылы 9 отырыс өткізіп, қоғамдық қабылдауға түскен арыздармен де жұмыс жасап, тұрғындардың мәселелерін шешуге атсалысты. Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері үшін екі арыз түсті. Бұл арыздар бойынша Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментіне хат жолданып, қалалық ішкі істер басқармасы, жергілікті полиция қызметінің басшылары қатысқан жиналыс өткізіліп, шағымда көрсетілген мәселелер талқыланды, – деген Жауынбай Сәт партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Жаңаөзен қаласы бойынша 14 әлеуметтік нысанда пандустардың талапқа сай екендігін анықтағанын айтты.
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы

 


 

 

ПІКІР

 

NURINTECH дарындыларға даңғыл жол ашты

 

Жәнібек САЛҒАРИН,
«Стоп ДТП» қоғамдық қорының жобалар жетекшісі, «Жас инновациялық жоба» аталымының III орын иегері:

– Мен «Нұр Отан» пар­тия­сы ұйымдастырған бай­қауда жобамның жүлделі орын­ға іліккеніне өте қуаныш­тымын. Менің жобам – «Қорған» жаяу жүргін­шілерге арналған жол қауіпсіздік жүйесі. Бұл жоба іске асса ол жаяу жүргіншілер жолында болатын апаттардың санын белгілі бір дәрежеде азайтады. Жобаның тәжірибелік маңызы үлкен болатынына сенімдімін. Ұсынған құрылым жүргізушілерге де ыңғайлы етіп құрастырылған. Бұл біздің мемлекеттің жол-транспорт апаттарын азайтатын жаңа технологияларға қызығушылық танытатынын көрсетеді. Партияның жас ғалымдар мен өнертапқыштарға арналған байқауы олардың өз жобаларын таныстыруға, оның экономикалық шығындарын есептеуге және сарапшылардан кеңес алуға мүмкіндік берді.
«Қорған» әлеуметтік жобасы үш типке бөлінген. Біріншісі бойынша жаяу жүргінші жолдан өтпес бұрын «жолдан өту түймесін» басқан кезде бағананың жоғарғысынан үлкен шам жағылады. Шамдар көшенің екі жақ бетіне де орналасқан. Ол өз кезегінде жолдан адам өтіп бара жатқанын жақсы көрсетеді. Аталмыш құрылым мектеп немесе балабақша алды секілді тар көшелерге арналған. Жалпы, қажет сома 1 млн 623 мың теңге.
Келесі тип бойынша жаяу жүргінші жолдан өтпес бұрын «жолдан өту түймесін» басқан кезде көшенің келесі бетіне дейінгі бағанада жарық­диодты шамдар жағылады. Әрбір шам айналасында қозғалыс тетігі орналасады. Олардың әрқайсысы тек жүріп бара жатқан адамның үстінен жанып тұрады. Яғни, адам өткен жерлерде автоматты түрде сөніп отырады. Бұл көлік жүргізу­шілердің жолда өтіп бара жатқан адамды анық байқауына мүмкіндік береді. Бұл құрылым кең көшелердегі жаяу жүргіншілерге арналған жолақшаларға арналған. Жобаны жүзеге асыру құны 1 456 500 теңге болып жоспарлануда. 
Үшінші идея бойынша көшелердегі жарық бағаналарының үстіне дәл сондай биіктікте бағана орнатылады. Мәселен, кәдімгі бағананың биіктігі 5 метр болса, оның үстіне тағы 5 метрлік бағана орнатамыз. Оның шамы және жарық беру көлемі ауқымдырақ болады. Кәдімгі бағаналарды орнату үшін 15 түрлі құжат дайындап, көптеген меке­мелердің алдынан өту керек. Ал осылай дайын бағананың үстіне орнатар болсақ оның жұмысы да азырақ әрі шығыны да алдыңғыларынан арзан болады. Айналасы 1 млн теңгеге жуықтайды.
Жоба келесі жылдан бастап жүзеге асады. Қазір бірнеше компаниялар қызығушылық танытып отыр.

Адамбек ШОРТАЙ, 
Астана қаласы №56 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы. Астана әкімдігі Оқушылар сарайында робототехникамен айналысады. «Перспектива» аталымының III орын иегері. 

– Менің «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған байқауға ұсынған жобам «Қашықтықтан басқара­тын робо-қол» деп аталады. Жобада 3D принтеріне басып шығарылған қашықтықтан басқаратын адам қолын 3D моделінде таныстырдым. Яғни, адам қолғапты кию арқылы аталған модельді сенсор арқылы басқарып отырады. Роботтар қауіпті жағ­дайларда адамның орнын алмастыра алатындықтан, бұл жобаның болашағы зор деп ойлаймын. Робо-қол саусақтарымен басқару ережесі қолғап ішіндегі адам саусақтарына сигнал жіберетін тетіктерге негізделген. Оның негізі – көміртек қабатымен қапталған пластикалық жолақ.Робо-қол иесі бір қолмен-ақ ауыр заттарды бір жерден екінші орынға ауыстыруды тез үйреніп кетеді. 
Жоба авторы робо-қолды қолданудың аясы кең екенін айтады. Мәселен, робо-қолды әскери іс-қимылдарда саперлер, полиция және әскери қызметкерлер, сонымен қатар өнеркәсіп орындарында қауіпті химикаттармен жұмыс барысында қолдануға болады. Астана қаласындағы қоқыс өңдеуші зауыт үшін өте қажет.  Елордамызда 2013 жылдың 18 ақпанында қоқыс өңдеуші зауыт жұмы­сын бастады. Бүгінде зауытта алдын ала қоқыстарды іріктеу бірнеше кезең бойынша жүруде:
1. Металл және металл емес заттарды сұрыптау;
2. Ауыр және ауыр емес заттарды сұрыптау;
3. Қолмен жұмыс істеу кезеңі.
 Соңғы кезең бойынша адамдар құбырда белгілі бір нұсқаулық пен өз тәжірибелеріне сүйене отырып қоқыстарды қолмен іріктейді. Сонан соң қоқыстар түрлі құбырлар арқылы технологиялық қайта өңдеуге жіберіледі. Алайда қатты тұрмыстық қалдықтарды қолмен өңдеу жүйесі  заман талабына сай келмейді. Зауыттарда қоқыс өңдегенде санитарлық жағдай нашар болары сөзсіз. Ал бұл ахуал адамдардың денсаулығына зиянын тигізеді. Қоқыс өңдеудегі қазіргі жүйенің сапалы дамуы үшін қол жұмысын қажет ететін схемадан автоматтандырылған жүйеге ақырындап көшу керек.
Біз ұсынып отырған қолғапты кию арқылы адам қолымен өте күрделі қимылдарды да орындауға болады. Сөйтіп, қоқысты сұрыптау кезінде денсаулыққа зиян келмейді әрі қауіпті аймақтарда робот адамды алмастыра алады.


 

Өнертапқыш жастар өнеркәсіпті дамытады 

 


Ернұр ӘБУТӘЛІПОВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті:

– «Нұр Отан» партиясы ұйым­дастырған «Жаc Отан» жастар қанаты үйлестірген NURINTECH pеспубликалық жастар инновация­лық жобалар байқауына «Аса жеңіл керамикалық кірпіш технологиясы» деген тақырыпта өз жобамды ұсындым. Қазіргі таңда энергия үнемдеу мәселесі мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Осыған байланысты ҚР Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін жоғарылату заңы шығарылды. Бүкіл әлемде энергияны үнемдейтін материалдарды қолдану, ғимараттардың қоршау конструкцияларының энергия үнемдейтін конструктивтік шешімдерін жобалауға үлкен көңіл бөлініп отыр. 
Менің жұмысымның мақсаты – табиғи шикізатты, яғни саздақты және өндіріс қалдықтарын, жылу электр станциядан шыққан күл, ақаба сулар тұнбасы, домна шлактарын пайдаланып, жоғары кеуекті керамикалық құрылыс материалдар құрамын және технологиясын жасау. 
Ғылыми жаңалығы – саз балшық және саздақты, қосымша заттарды пайдалану арқылы қуысты керамикалық материалдар алудың ғылыми тұжырымдамасы негізделген. Саз балшық және саздақты, қосымша заттар негізінде шликердің кеуектену процесінің жүру механизмі анықталған. Саздақ-күл шикізат жүйесінде кеуектену, кебу, күйдіру процестері зерттелді. Саздақ – ақаба суларының тұнбасынан тұратын қоспалардың күйдіру кезіндегі фаза түзілуі анықталды.
Тәжірибелік құндылығына тоқталсақ, күл, ақаба сулар тұнбасы, домна шлактары және саздақ негізінде қуысты керамикалық тастардың құрамдары жасалған. Зерттеу нәтижелері қуысты керамикалық тастардың сорбциялық, жылу техникалық, ылғал сіңіру және бу сіңіру сияқты қасиеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Алынған аса жеңіл керамикалық материалдардың орташа тығыздығы 410-620кг/м3, беріктігі 2,2-2,9 МПа. Аса жеңіл кірпіштің салмағы кәдімгі кірпішке қарағанда 4 есе жеңіл, жылу сақтағыш қасиеттері де 3-4 есе жоғары. Мұндай кірпіштерді тұрғын үй құрылысы,соның ішінде қабырға қалау, жылы едендер салу, қасбеттерді жылытуға пайдалануға болады. Өнеркәсіпте кептіру, күйдіру пештерін қалауда жылу оқшаулағыш материал ретінде қолданылады. Қазіргі таңда жасалынған технология кірпіш зауыттарында пайдалануға ұсынылды. Бизнес жоспар да жасалынды.
Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жастарды ғылымда қолдағаны үшін үлкен рақмет айтамын. Сондай-ақ өз жобамды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берген «Нұр Отан» партиясына алғысым шексіз. 

Ақнұр ТҰРҒЫМБАЕВА, 
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің PhD докторы:

– Биыл университетке «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған NURINTECH инновациялық жобалар сайысы бойынша хабарлама келді. Сол сәтте бірден өзімнің жобамды ұсынсам деген ой болды. Талаптарын оқып шықсам, зерттеу жұмысым барлық талаптарға жауап береді екен. Сөйтіп, осы сайыста өзімнің қабілетімді сынап көруге бел будым. Ал кейіннен жоба ұйымдастырушылары ақтық сынға өткенімді хабарлады. «Нұр Отан» партиясы бекіткен комиссия мүшелері алдында өз ғылыми жобамды баяндап, екінші орын алдым. Біз сияқты жас ғалымдарға мұндай байқаулар өте қажет. Себебі, біріншіден, өзіміздің зерттеу жұмысымыз қандай дәрежеде екенін білеміз, екіншіден мемлекет тарапынан қолдауды сезінеміз. Сонымен қатар әрі қарай жұмыс жасап, жаңа ойлардың, жаңа идеялардың тууына түрткі болады, патриоттық сезімімізді арттырады.
Мен сияқты қаншама ғалымдар бар және олардың еңбегі еліміздің индустриясын дамытуға зор үлес қосатынын білемін. Өз басым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 2 курстан бастап отандық дәрілік өсімдік шикізатынан биологиялық активті кешенді бөліп алудың оңтайлы технологиясы бойынша ғылыми зерттеу жұмысымды бастадым, осы бағытта дипломдық жұмыс жаздым. Ғылым қызық та, әрі қиын, сан қилы, шексіз жол балып саналады. Осы салаға қызығушылығымды арттырып, бағыт-бағдар берген алғашқы ұстаздарымды атап айтқым келеді, олар химия ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Борашева мен химия ғылымдарының кандидаты, доцент Балақыз Есқалиева. 2010 жылы оқуды тәмамдап «Фирма АқМай» ЖШС-на химик-технолог қызметіне тағайындалдым. Өндіріс орнының мақсары өсімдігінен май алу бағытына негізделген. Осы кезде мақсары өсімдігінің жаңа түрін отандық селекция ғалымдары шығарып, ұсынды. Жаңа түрдің атауы «АқМай», химиялық құрамы толығымен зерттелмеген, өзім өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді кешен бөлумен айналысқандықтан, мен үшін өте қызық болды. Сондықтан бірінші кезекте мақсары өсімдігінің жаңа түрін шығарған ғалыммен кездесуге асықтым. Мақсары өсімдігінің жаңа түрін шығарған ғалым, биология ғылымының кандидаты Мырзабек Қонырбеков екен. Ол кісі менің қойған сұрақтарымның барлығына жауап беріп, бұл өсімдіктің құрамы толық зерттелмеген және фармация саласында елімізде ешқандай дәрілік қалып жоқ екендігін атап айтты. Мырзабек ағайға осы өсімдікті толық зерттеп, дәрілік қалып шығарсам деген тілегімді және арманымды білдірдім, бірден келісіп, ақ батасын берді. Сол кезден бастап зерттеу жұмысы басталды. 6 жылдың ішінде қазақстандық мақсарының «АқМай» түрі өсімдігінің биологиялық активті кешені толық зерттеліп, жақпа майы дәрілік құралы жасалынды және осы жұмыс бойынша магистрлік және PhD докторлық жұмыс жазылды. Осы ғылыми зерттеу жұмысында өздерінің бағыт-бағдар беріп, ары қарай жетілдіруіме көп көмек көрсеткен өзімнің ғылыми жетекшілерімді атап айта кетсем деймін. Олар фармацевтика ғылымының докторы, доцент Гүлбарам Үстенова, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайролла Рахимов. Зерттеу барысында қаржылай көмек көрсеткен, кейбір зерттеулерді АҚШ пен Қытайда жүргізуге мүмкіндік берген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен «Фирма Ақ Май» ЖШС басшысына алғысым шексіз. Өзім жасаған жақпа майдың шартты атауы «АқМай», оңтайлы құрамы анықталды. «АқМай» жақпа майы жара жазушы, қабынуға қарсы әсер көрсетеді, сыртқа қолдануға негізделген. 
Ғылым жолында жүрген барлық жастардың ендігі арман-тілегі осы ашылулар өндіріске еніп, отандық өнімді шығарсақ, халқымызды тиімді және қолжетімді өніммен қамтамасыз ету. Осы мақсатта инвесторларды іздеу үстіндемін және болашақта арманымның орындалатына кәміл сенемін.