Басты  /  мақалалар  /  ПАРАСАТТЫ АЗАМАТ ЕДІ...

ПАРАСАТТЫ АЗАМАТ ЕДІ...

Айқын-ақпарат
2724
ПАРАСАТТЫ АЗАМАТ ЕДІ... Бұл жалған дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр дейсіз. Дегенмен дүниеден озғаннан кейін де халқының жадында жақсы мінезімен, тіршілігінде істеген жағымды шаруаларымен қалған азаматтарды қай кезде де еске алу көз көрген жандар үшін парыз болса керек.

Сондай азаматтардың бірегейі дәрі­гер, КСРО-ның, Қазақстан Респуб­ли­касының «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», Парасат ордені мен бірнеше ме­да­льдардың иегері, үш дүркін сай­ланған Алматы қалалық мәсли­хатының депу­таты, Жамбыл облы­сының Құрметті азаматы, Қазақ­станның еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайрат­кері   Амантай  Біртанов еді. Көз тойды­ратын көркі бар, батыр бітімдес, бойына ойы сай, ашық-жарқын  мінезді жан еді. Әрқашан топ алдында бастаушы болуды қалайтын, оны атқара да білетін, соған лайықты азамат еді... 
Ол 1945 жылы 7 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданы Ойық кенша­рында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласты. Әкесі Ұлы Отан соғысында жараланып еліне оралғанмен, еңбекке жарамсыз болды. Кәрі анасының жұ­мыс­қа қауқары да шамалы еді. Отбасындағы бас көтерер азамат бір өзі болды. Өзінен кейінгі үйел­мелі-сүйелмелі бес қарын­дасын қатарға қосу да Амантайдың мой­нында еді. Жазда қолдан шалғы, қыста айыр түспеді.  Трактордың рөліне ауылда алғаш­қылар­дың бірі болып отырған да осы Амантай еді. Ауылда қазақ  орта мектебін ойдағыдай бітірді... 
«Талаптыға нұр жауар» дейді хал­қымыз. Амантай 1970 жылы Алма­тыдағы мемлекеттік медицина инс­титутының педиатрия факультетін бі­тірді. Содан 1975 жылға дейін Алматы қаласындағы балалар ауруханасында дәрігер-хирург, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Туған жерінің басшыларының арнайы шақыруы­мен 1980 жылға дейін Жамбыл облыстық балалар емханасының бас дәрігері болды. Осыдан кейін Амантай Ал­матыдағы ана мен балаларға арналған «Көктем» сана­торийінде бас дәрігер болды. Әр ісін тыңғылықты атқаратын-ды. Осы қасиет­те­рі мен озық тәжірибеге бейімділігінің арқасында Алматыдағы №4, 10 емхана­ларда қызмет атқарды.  Алматыда ТМД елдері бойынша ең ал­ғаш «Токсикология орталығын» ашып, оны ақпараттық-ке­ңіс­тік орталығына айналдырды.
Республикада алғаш рет емханаларға диспансерлік тіркеуде тұратын науқас­тарды жыл сайын «Космон» автоматты жүйесі арқылы тексерістен өткізіп тұру­ды енгізді. Өз ісінің шебері ретінде жұрт ықы­ласына ие болған шағы Алматы қалалық жедел жәрдем көрсету ауру­хана­сының бас дәрігері болған кез еді. Бұл орталықты алғашқы орталық­тан­ды­рылған теле­фон жүйесі­мен, радио­байланыспен, компьютермен, ғаламтор желісімен жабдықтап, ғылыми меди­циналық ақпа­рат­тық оқыту мекеме­сіне айнал­дырды.
Осы жылдар аралығында аурухана бө­лім­дері мен бөлімшелері  қазіргі сұранысқа қарай қайта құралымға топ­тасты, қай­сы­бірі жаңадан ашылды. Жаңа, білікті маман­дармен толықты. Заманауи медици­на­лық аппаратуралар мен құрал-жабдық­тар алынып, іске қосылды. Шетелге оқу-тәжірибе алмасу мақсатында дәрігерлер жібе­ріліп, жаңа техникаларға  мамандар даярланып, біліктілігін арттырды. Соның нәти­жесінде, алғашқының бірі болып, бұл аурухана лазерлік ота жасауды бастады.
Амантай 1993 жылы АҚШ-тың Аризон штатындағы Туссон қаласында Алматыдан барған делегация құра­мында болды. Сол жолы өзара түсіністік ме­мо­ран­думына қол қоюға қатысты. Бүгінде бұл қаламен әріп­тестік бағдар­ла­масымен жұмыс істеуде. Айтпақшы, қа­зіргі Ал­ма­тыдағы  Қала­лық жедел жәрдем кли­никалық ауру­ханасы жаңа құрылы­сы­ның қажеттілігін алға тар­тып, алғаш бастама кө­терген де, құрылысына белгі қою рәсіміне қа­тыс­қан да  осы Амантай еді.
Амантай екеуміз де Кеңес өкіметі құлап, елі­міз егемендік алған жыл­дары №2 400 орын­дық, №7 1000 төсектік кли­никалық ауру­ха­наларды басқарған едік. Ол жыл­дардың ауырт­­па­лы­ғын қалай өт­кер­геніміз әлі күнге естен кете қой­ған жоқ. Емханадан гөрі ауру­хананың мәсе­ле­лері шаш етектен еді. Ау­ру­лар­дың төсек орны, та­ма­ғы, дәрісі, жылуы, жа­рығы, суы секілді осы­лардың бар­лы­ғын екеуміз қолмен атқа­рып, мекеменің ша­ңырағын шай­қалт­қ­а­нымыз жоқ. Қазір оның бәрі ертегі сияқты.
Амантай марқұм көп жағдайларда жаңа бір ауқымды істің бастаушысы бо­лып, соңына дейін жеткізгенше тын­баушы еді. Қалалық мәслихатта көп­теген пікір­талас, тың бастаманың барлығына қызу араласатын. «Оңтүстік астана – менің қалам», «Южная столица – город мой» атты қоғамдық қозғалысқа мұрын­дық бол­ған еді
Ол өзі туған өңірді, ауылын аса құр­мет­пен аузынан тастамайтын. Жыл сайын ауылына барғанда міндетті түрде бір шараларды атқарып қайтатын. Баба­ла­рына құран оқытып, ас беретін. Тұр­мысы төмен жандарға көмегін көр­сететін.  Бірде туған ауылы Ойыққа өз ауру­ха­на­сындағы  басты дәрігер мамандарды барлық құрал-жабдық пен тексеру құрал­д­арымен бірге апарып, қайырым­ды­лық акциясын өткіз­ген. 800 адамды тексеріп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткен еді.  
2002 жылы қазақтың біртуар азаматы Д.Қонаевтың мерейтойына арнап кон­фе­ренция өткізіп, ұлан-асыр тойдың басы-қасында жүрді. Осындай игі істерін одан әрі тізіп шығудың қажетілігі жоқ шығар. 
Жан жары Бейсекүлді де Алла қос­қан, өте жарасымды жұп еді. Екеуінің келбеті мен ой-санасы бір-біріне үй­лесіп тұра­тын.  Екеуі той-думан, кеш­­тің көркі бо­латын. Суырылып ортаға шығып, отырған жұртты би алаңына тартып, думандатып жатушы еді.  Амантай мен  Бейсекүлдiң  Ержан, Ел­жан, Есжан де­ген алтын асықтай ұлдары бар. Отан­ы­ның парасатты да білімді, ақылды да адам­­гершілігі мол азамат етіп тәрбиелеп, халқына адал еңбек етуге үйретті.  
Ержан Вена (Австрия) қаласындағы ЕҚЫҰ секретариатында қызмет істейді,  Елжан – Қазақстан Республикасы  Ден­сау­лық сақтау және әлеуметтік даму ми­нистрінің орынбасары, Есжан  банк жү­йе­сінің бір «ортан жілігіне» ие. Барлығы да үйлі-баранды. Әкесінің шаңырағын шайқалтпай, ұрпағын өсіріп, отбасының атына кір кел­тірмейтін тіршіліктерін атқарып жатқан жайы бар.
Амантай жазудан да құралақан емес еді. Соңғы жылдары біраз еңбектер жаз­ды. Үш томдық «Ұрпағыма хат», «Өмір өрінде», «Өмір туралы ойлар» атты кітап­тың тұсаукесерін Қазақстан Жазу­шы­лар одағында өткізген. Бұл шығар­ма­лар­ды отбасына  арнап айтылған өсиет, тә­лім-тәрбие деп қана қарауға болмайды. Қа­лың оқырман жұртшы­лық­тың да бұ­дан  алары көп.
Сынаптай сырғыған жалған дүние-ай!.. Амантайдың да дүниеден озғанына бес жыл толыпты.  2011 жылдың 7 жел­тоқ­­санында дүниеден өтіп еді.  Алладан ра­қым, Пайғамбардан шапағат болсын деп тілеймін.

 

Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ,
ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан ерен еңбегі үшін,
«Алтын дәрігер» төс белгілерінің иегері,Еңбек Қызыл Ту, 
Құрмет ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, әріптесі