Басты  /  мақалалар  /  Кейкі батырдың суреті жарияланды

Кейкі батырдың суреті жарияланды

Серікбол ХАСАН
6350
Кейкі батырдың суреті жарияланды «Айқын» газетінің өткен сандарының бірінде Алматыдағы ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбаймен сұхбаттасып, Ресей музейінен Қазақстанға әкелінген Кейкі батырдың бассүйегіне қатысты тың мәліметтер жариялаған болатынбыз.

Сол сұхбатында Нұрсан Әлімбай Кейкінің бассүйегі Венгрияға апарылатынын айтқан еді.

Венгрияға апармақ бо­луымыздың себебі – бұл кісінің тірі кезінде ешқандай суреті сақталмаған. Венгрияда ұлттық жаратылыстану музейі бар. Сол музеймен әріптестік бай­ланысымыз өте жақсы. Венгр ға­лымдары бас сүйекті тосып отыр. Бір жетінің ішінде компьютермен антро­пологиялық пошымын жасайды. Одан кейін мүсіндік кескінін жасайтын бо­лады. Бір жетіден кейін елге әкеліп, өзінің мәңгілік мекеніне қайтаруымыз керек, – деді музей басшысы.

Алайда, бір жеті емес, бірнеше айдан кейін ғана батырдың бассүйегі елге оралды. Жаңа ғана белгілі тарихшы Берік Әбдіғалиұлы фейсбуктағы парақшасында Будапештке жеткізілген сол бассүйек бойынша жасалған Кейкі батырдың суретінің эскизін жариялады.

– Сурет батырдың бассүйегі бойынша салынды. Батырдың бассүйегіне мажарлық ғалымдар зерттеу жасады. Соның арқасында Кейкі батырдың шынайы бет-бейнесі қандай болғанын біліп отырмыз. Бұл Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында қол жеткізіп отырған үлкен жетістік, – деді бізге пікір берген тарихшы.

Айта кетейік, Кейкі батырдың бассүйегі қазан айында Мәс­кеудің Мәдениет министрлігіне қарай­тын Мәдени мұра департаменті арқылы елге әкелінген болатын. Бассүйек келер жылы туған жеріне жерленеді.