Басты  /  мақалалар  /  Ынтымақты елде бақ тұрады

Ынтымақты елде бақ тұрады

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1111
Ынтымақты елде бақ тұрады Тәуелсіздік алған кезде түрлі салаларды кадр тапшылығы қатты сезілетін. Сондай салалардың қатарына Қарулы күштер де кіретін. Президент Н.Назарбаевтың жүйелі саясатының нәтижесінде бұл олқылық та жойылды.

Қазір өз мамандарымызды өзіміз дайындаудамыз.
Кадр даярлауда өзіндік келбетін қалыптастырып үлгерген оқу орындарының бірі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Біз осы оқу орнының басшысы, философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Әскери ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, генерал-майор Қайрат Әнуарбекұлы Садықовпен сұхбаттасқан едік.

– Қайрат Әнуарбекұлы, Тәуелсіздігімізге 25 жылдығы қарсаңында Қарулы Күштердің белді бір мүшесі ретінде Сіз үшін тәуелсіздік, әсіресе, несімен қымбат? 
– 1991 жылы еліміз Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басты. Содан бері тәуелсіздік туының желбі­ре­ге­ні­не де биыл 25 жыл толады. «Біз тәуел­сіз­д­ік­ті ақылмен, ата-баба жолымен алдық» деп Елбасымыз айтқандай, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспан­нан түскен сый емес еді. Халқымыз бос­тан­дықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жет­ті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиын­шы­лық көрген жоқ. Халқымыздың бос­тан­дыққа ұмтылысының және өшпес қай­сар рухының арқасында қол жеткіздік. Бұл күнге дейінгі ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау жолындағы соғыс­тар мен ұлт-азаттық көтерілістердің тари­хы­мызда өшпес өнеге ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтау жолында хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын қиды.Тәуелсіздік ата-бабамыздың ежел­ден келе жатқан арманы болды. Сондықтан да қазіргі таңда барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн болып табылатын тәуелсіз­дікте ұрпақтар сабақтастығының өшпес ізі мен ізгі арманы жатыр. Дәл осы себепті де Тәуелсіздік мен үшін айрықша қымбат, баға жетпес байлық. Тәуелсіздіктің дәмін татып, бүгінде егемен ел ретінде өмір сүріп жатқан біздер – аса бақыттымыз. Сол ба­қы­тымызды бағалай білуіміз керек. 
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі уа­қыт ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіп­сіздігі, көпұлтты Қазақстан хал­қы­ның жарастығы мен ынтымақтастығы Пре­зи­дентіміздің жүргізіп отырған пара­сат­ты көреген саясатының нәтижесі.
Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бо­ла тұра, көптеген елдерден алда. Осын­дай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік же­тіс­­тіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғы­нан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету және экономикамыздың жедел қар­қынмен дамуы – қазіргі таңдағы негізгі стратегиялық бағыт. Тоғыз жолдың тора­бын­дағы мемлекетімізді әлем жұрт­шы­лы­ғы құрметтейді. Елбасымыз Қазақстанның 25 жылда биік тұғырға көтерілуіне өл­шеу­сіз үлес қосты. Н.Ә.Назарбаев тек Қазақ­стан­мен көршілес аймақтарда ғана емес, бүкіл­әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын көрнекті, беделді тұлға. Мұсылман әлемі мен христиандық әлемнің ортасын алтын көпірдей жалғаған Нұрсұлтан Әбішұлы сан мәрте дәнекерлік келісімдерге себепші әрі араағайындық жасады. Қазақта «Ел­дес­­тірмек елшіден, жауластырмақ жау­шы­дан» деген керемет нақыл сөз бар. Мы­са­лы, Ресей мен Түркияның арасында ар­­на­йы елшілік миссиясын мойнына ешкім артпаса да, араағайындықты абы­рой­мен орындап шықты. Біздің Елбасы өз елін­де ғана емес, жүрген жерінде жақ­сы­лық дәнін сеуіп жүретін жан. Сондықтан да сыйлы, сондықтан да құрметті. Міне, Қазақстанның әр азаматының жүрегінен орын алған осындай Көшбасшымыздың болуы қазақтың маңдайына біткен бақ деп білемін. 
– Қайрат Әнуарбекұлы, Елбасының Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде тарихта қандай із қалдырғандығына тоқталсаңыз.
– Бұл орайда Елбасымыздың Қарулы Күштерді құрудан бастау алып, Қорғаныс ведомствомыздың толыққанды әрекет етуіне негізделген тарихи маңызы зор құ­жат­тарға қол қоюы атап өтерлік жайт. Нұр­сұлтан Әбішұлы шебер стратег және сарабдал саясаткер. Бұл қасиеттері неден көрініс табады? Ол – біріншіден, сындар­лы тұста әскери кадр тапшылығы мен әс­ке­ри қару-жарақ жетіспеушілігі мәселе­сін тарихи салыстырмалы тұрғыдан жедел ше­ше білді. Бүгінде еліміздің Қарулы Күш­­терін ғана емес, жалпы қуатты құры­лым­­дарын қажетті мамандармен қам­та­ма­сыз­­дандырып отырған біздің инсти­ту­ты­мыз – Елбасының тарихи маңызды ше­­шімдерінің бірден-бір дәлелі болып та­былатындығын мақтанышпен айта аламыз.
Құрылуы мен дамуы Қазақстан әскерін қайта құру және отандық әскери білім беру ісін жетілдірумен тығыз байланысты болып табылатын біздің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инс­ти­туты бүгінде 15 жылдық тарихты артқа тас­­таған еліміздегі танымал оқу орын­да­рының біріне айналып отыр. Төл Қарулы Күштеріміздің жаңадан құрылып, тәй-тәй басқан тұсында Әуе қорғанысы күштері үшін мамандар даярлайтын жоғары оқу орны республика бойынша мүлде болма­ды. Ресей мен алыс қиырдағы шетелдердің әскери институттарында қомақты қаржы төлеп оқытылған мамандар алатын білім, ҚР ҚК ӘҚК құрамалары мен бөлімдерінің өзіндік ерекшеліктеріне бейімделмеген еді. Осындай өткір қажеттіліктің нәтиже­сін­де зениттік-зымырандық әскерлерге, ра­дио­те­х­никалық және байланыс әскерле­рі­не арнап мамандар даярлайтын аталмыш әс­кери жоғары оқу орны дүниеге келді. Күні бүгінге дейін Орта Азияда теңдесі жоқ біздің оқу орнымыз бүгінде заман тала­бына сай көп бейінді мамандықтар бо­йынша кадрлар дайындайды. 
Елбасының білікті Бас қолбасшы екен­­дігінің басты айғақтарының тағы бірі – мем­лекеттің Қарулы Күштеріне тұрақты кө­ңіл бөліп, қолайлы жағдай жасауы дер ед­ім. Армияны қаржыландыру соңғы уақыт­та ұдайы және үздіксіз өсіп келеді. Әс­кери қызметшілердің әлеуметтік әл-ау­қа­тын арттырып, жоғары білікті әскери кад­р­лар тапшылығының алдын алуы да бі­ле білген адамға үлкен көрегендік. 
Соңғы кезде әлемде және өңірде болып жатқан оқиғалар, жер жүзінің әр тарапын­дағы лаңкестік актілер, Таяу Шығыстағы әскери қимылдарды былай қойғанда, жер-жерде топалаң келіп, топан су басып, түрлі шиеленіс-қақтығыстар болып, қайбір ел­дер дағдарыстан еңсесін көтере алмай жат­қан тұста Елбасының сарабдал саясаты мен сүттей ұйыған ел бірлігінің арқасында көп елден көш ілгері күй кешіп жатқан жайымыз бар. Халқымыздың «Қатты жер­ге қақ тұрар, ынтымақты елде бақ тұрар» де­ген сөздері де соның куәсі. 
Елбасы Отан қорғаушылар мерекесіне орай әскери қызметшілермен кездесуінде «әскери қызметшілердің міндеті – елі­міз­дегі тыныштықты, татулық пен келісімді сақ­тау» деп айтқан еді. Негізі Прези­ден­ті­міз әрі Бас қолбасшымызды ел ынтымағы­ның мызғымас ұйытқысы деп айтар едім. 
– Қайрат Әнуарбекұлы, Тәуелсіз­дігі­міз­дің тұрақтылығының бірден-бір кепілі не­ дер едіңіз?
– Тәуелсіздік – бірліктің, ынты­мақ­тас­тық пен татулықтың күні, бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар ертеңгі өмі­рі­міз – Қазақстанның болашағы, оның мүм­кіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Сондықтан да «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің еке­нің­ді ұмытпа!», деп Нұрсұлтан Әбішұлы айт­қандай, біріншіден, қазақстандық әр­бір азамат тәуелсіздік кепілі бола білуі, оның жүгін сезіне білуі, сондай-ақ сол жол­да тер төгуі тиіс деп ойлаймын.
Ал екіншіден, келешегіміздің келбетті, бо­лашағымыздың баянды болуы бүгінгі жас­тарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын – бүгініміз». Жастарға үлкен сенім мен зор үміттің ар­ты­­л­атыны бесенеден белгілі. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар. Сон­дық­тан да жастардың сапалы білім, саналы тә­лім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыт­та­ры­ның бірі. Ұлт Көшбасшысы жастарға ерекше сенім арта отырып, жастардың жағ­дайын жасауға баса назар аударады. «Бо­лашақ» бағдарламасы арқылы олардың ше­т­елдің аты әлемге әйгілі мықты оқу орын­дарында білім алуына мүмкіндік бе­ріп, жауапты лауазымды қызметтің тізгінін де жастарға ұстатуы көреген Мемлекет бас­шысының ел ертеңін ойлауы дер едім.
Елбасымыз: «Алдымызда асу-асу бел­дер бар, ұлт жолында ұйытқи соққан жел­дер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бә­ріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!» деп айтқандай, жас ұрпақ тәуел­сіз­дігіміздің баянды болуы үшін жауапты екендігін, аға ұрпақ зор сенім артып отыр­ғанын терең түйсінуі қажет. Бүгінгі партада отырған оқушы мен студент – ертеңгі азамат, ел патриоты. Сол азамат­тардың ең бірінші міндеті – өзінің тәуелсіз елдің өркені екенін ұмытпау, екінші міндеті – сол елдің іргетасының берік болуы­на үлес қосу, тәуелсіз елдің патриоты еке­нін дәлел­деу. 
Жоғары оқу орнының басшысы ретін­де біздің басты міндетіміз – Елба­сы­ның артып отырған міндеттерін жастары­мыз­дың жүрегіне жеткізе білу. Егемен еліміздің ертеңіне еге болар жастарымыз­дың бо­йын­дағы отансүйгіштік сезімдері мен азаматтық жауапкершілік­терін арт­тыру, халық қамын жейтін қамқор ұр­пақ тәрбие­леу ісіне үн қосу арқылы Президен­ті­міздің жүктеп отырған міндеттерін орындау.
Сол арқылы Президентіміздің жастар­ға арналған: «...сендер халықаралық кеңіс­тік­тегі бәсекелестік күрестен сырт қалмау­ға ұмтылыңдар. Ол үшін тиянақты білім керек. Сосын сол білімдеріңді өмірде жа­ра­­та білуді, оны нақты пайдалана білуді үйреніңдер. Әсіресе, не істеу керектігін жете түсінулерің қажет. Сонымен бірге сендер қандай да бір өзгерістерге қашанда дайын тұруларың керек. Әйтпесе, ғалам­дық деңгейдегі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі әншейін бос сөз болып қала­ды» деген өсиетін әрбір жастың көкейіне түйіп, жаңа белестерді бағындыруға ерекше ынта-жігер алуына ықпал жасау. Өз өмірін саналы түрде Отан қорғау ісіне арнауды мақсат тұтқан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік инсти­ту­тының курсанттарында мақсат – айқын, мін­дет – біреу. Ол – халқымыздың ты­ныш­­тығын қорғау, ел еңсесін еселеу жо­лын­да аянбай еңбек етіп, білімнің алтын қа­зығын игеру. Ал біз Елбасының жастар­ды үкілеп, соларға бар үмітін артып отыр­ған мығым әрі мықты, сындарлы да сали­қалы саясатын қолдай отыра, осы бағытта елдің ертеңгі игілігі үшін бар күш-жіге­рі­мізді салып еңбек етудеміз. 
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін жалпы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды істердің бірі ретінде ұғыну қажет. Адамзат жаһандану мен ақпарат дәуіріне аяқ басты. Қазіргі білім берудің негізгі бағыты – таным мен шығармашылыққа үйрету болып табы­ла­ды. Курсанттарымызды құқықтық сауат­тандыру, олардың жан-жақты және көш­басшылық қасиеттерін дамыту, білім мен ғылымда өзін-өзі табуына ықпал ету – сапалы кәсіби білім беру мен тәрбиелеудің басты қазықтарының бірі.
Радиоэлектроника және байланыс әс­ке­ри-инженерлік институтының про­фес­сорлық-оқытушылар құрамы бүгінде әлеу­­меттік тапсырысқа сай келетін, жа­уап­ты, өз жұмысын жақсы білетін, мақ­са­тына бағыт-бағдармен қарайтын, кәсіби өсуге, әлеуметтік оңтайлы тез әрекет жа­сау­ға, болып жатқан өзгерістерге тез бе­йім­­делуге қабілетті білікті мамандарды – еліміздің нағыз патриоттарын дайындау үшін бар күш-жігерлерін аямай еңбек етуде. Қазіргі уақытта біздің түлектеріміз Қазақстан Республикасының қуатты құрылымдарында қызмет етіп, мемлеке­ті­міз­дің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлес­терін қосып келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әңгімелескен Берік БЕЙСЕНҰЛЫ