Басты  /  мақалалар  /  Ақсаусақ атанудан қорқатынбыз

Ақсаусақ атанудан қорқатынбыз

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
1425
Ақсаусақ атанудан қорқатынбыз «Жаны басқа болса да, жүрегі бір, түрі басқа болса да, тілегі бір» деген сөз тура осы кісіге арналып айтылғандай. Себебі, ол – Қазақстан деген ортақ Отанымыздың гүлденуіне сөзімен емес, ісімен үлес қосып келе жатқан жан.

Жалқының мақсаты мен мүддесін жалпының мұраты мен міндеті деп білетін және оны жүзеге асыруға қажыры мен қайратын, білімі мен тәжірибесін жұмсаудан жалықпайтын «Стройконструкция» АҚ басшысы Виктор Буллер қарапайым отбасында дүниеге келіп, коңырқай тірлік кешті.
Ол балалықтан даналыққа тез ауысты. Себебі, бұғанасы беки салы­сымен жұмысқа жегілді. Содан болар, бір үзім нан мен бір жұтым су еңбекпен тапқанда ғана тәтті бола­тынын ерте тү­сініп, «қанағат», «ысырап» деген ұғым­­дарды жанына жақын тұтып жетілді.
Бұл туралы өзі: «Еңбекке ерте араласқаныма өкінбеймін. Жан аямай жұмыс істегеннен жаман болған жоқпыз. Өмір мектебінің барлық сынағынан сүрінбей өткен болсам, ол маңдай терімнің арқасы. 17 жасымда Павлодар қаласындағы «Элевато­р­мельстрой» мекемесінде құрылысшы болдым. Ешкімнен ешқашан ештеңе ұрлаған да, тартып та алған емеспін. Еңбегімнің нанын жеп, еңбегімнің суын іштім. Мен ғана емес, сол кездегі адамдардың барлығы осындай болды. Біз ақсаусақ атанғымыз келмейтін. Бұл сөзден қатты қорқатынбыз», – деді.
Кейіпкеріміз Павлодар индустрия­лық институтының инженер-құрылыс­шы-технолог мамандығын тәмамдаған соң, жолдамамен Арқаға келеді. Мұнда Целиноград темір-бетон бұйымдары комбинатына қарапайым жұмысшы болып орналасады. Уақыт өте келе еңбегі жанып, арматура шығаратын цехтың аға шебері қызметіне тағайын­далады. Бұл жерде де ерекше­леніп, цех басшысы одан бас инженер болады. Жоғарыдағы қызмет­тер  В.Буллердің мансап жолының шегі де, шыңы да емес екен. Араға екі жыл уақыт салып, ол комбинат директоры болып бекітіледі.
«Кеңес Үкіметі құлап, халық алаң-елең болып жатқан шақта өзге ұлт өкілдері көшінің басын атажұртына бұра бастады. Менің олай етуге арым жібермеді. Өйткені мен Қазақстан егемендікке қол жеткізгенде қатты қуанып, жарқын болашағымды осы жермен байланыстырған едім. Ес білгелі қуанышты да қайғыны, ыстықты да суықты бөліскен жерімнен бас тарту санама кіріп те шыққан жоқ. Керісінше, осы жерде көктеп, осы жерде көгеруді мақсат тұттым.  Арма­ным алдаған жоқ. Тәуелсіз Қазақ­станның қалыптасуын, дамуын отан­дас­­тарыммен бірге көріп келемін. Қал-қадірім келгенше, өзім де елімнің гүлденуіне үлес қосып отырмын. Бұл мен үшін үлкен бақыт. Менің ұлтым неміс болса да, жаным қазақ. Қазақ­станды қазақтардан кем сүймеймін. Қазақстан – менің Отаным. Ал кез келген перзент Отанын сүйеді және қастерлейді» деді бізге В.Буллер.
Туған жерге деген тағзым мен құрметтің елеусіз, ескерусіз қалмай­тыны белгілі ғой. Осы тұрғыдан алғанда В.Буллер лайықты құрмет көрген екен. Ол күні бүгінге дейін «Құрмет», «Ұлт­тар достығы» ордендерімен, «Еңбек ардагері»,  «Астана», «Аста­на­ның 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен мара­пат­талыпты. Сонымен қатар «Қазақстан­ның құрметті құры­лысшысы» төсбелгі­сіне қол жет­кізіп, «Астана қаласының құрметті» азаматы атанды.
Бұл жайында ол: «Ешқашан билікке еңбегімді бұлдаған емеспін. Бар болғаны, өз қызметімді мінсіз атқаруға тырыстым. Абыройға осы арқылы ке­нел­дім», – деді компания басшысы.
В.Буллер «Стройконструкция» АҚ-ға қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған кезде басшы болды. Елдегі кәсіпорын­дар мен өндіріс орындары тұралап тұрған тұста, акционерлік қоғамды ал­ға сүйреу оңайға соққан жоқ. Алайда тә­жі­рибелі маман қолдан келгеннің бар­­лығын жасады. Бұл үшін оған күн де­мей, түн демей еңбек етуге тура келді.
«1995-1997 жылдардағы қаржы дағдарысы Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін есеңгіретіп тастады. Біз жабылудың алдында тұрдық. Елба­сы­ның қолдауының арқасында ғана өзі­міз­ді сақтап қалдық. Кейін сара соқпа­ғы­мызды тауып, дамудың дара даң­­ғылына түстік. Кейде «сол кезде Пре­зидентіміз қолдамағанда қазір біз бо­лар ма едік, болмас па едік?» деп ой­лай­мын. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев – тә­уелсіз Қазақстанның бағына туған тарихи тұлға. Ол батыл шешімдерге бармағанда, жарқын жобаларды жүзе­ге асыруға нұсқау бермегенде, еліміз небәрі 25 жылдың ішінде қазіргідей жетістікке жетпес еді. Біз үнемі осыны есімізде ұстауымыз керек» деді ол.
В.Буллер экономикалық дағдарысты еңсеру кезінде бірде бір қызметкерін жұмыссыз қалдырмапты. Осы тура­сында ол: «Біздің өнімдерге тапсырыс болмады. Жұмыскерлердің және олар­дың отбасының маған қарап отыр­ғанын жақсы түсіндім. «Қайтсем екен?» деп жанымды жегідей жедім. Бір үйдің асыраушысы болып отырған адамдарды жұмыстан босатсам, олардың әйелдерi мен балаларының көзіне қалай қараймын деп уайым­дадым. Ақырында жұмыс уақытын қыс­қартып, жұмысшыларды сақтап қалу туралы шешім қабылдадым. Мұным­ды ұжым бірауыздан қолдады. Нәти­жесінде, адамдардың барлығы аз бол­са да тұрақты айлық алып тұрды. Осы­лайша, біз білікті мамандарымызды сақ­тап қалдық», – деді.
Осы бір қиын кезеңде Виктор Буллер өз-өзіне уәде берген екен. Бү­гін­гі таңда уәдесін айна-қатесіз орын­дап келе жатқан көрінеді. Бұл туралы ол: «Қол астымдағы қызмет­кер­лердің жабыр­қау жүзін көргенде іштен тынатынмын. Бірақ оларға сыр білдір­мей­тінмін. Соқталдай азаматтар­дың жана­рындағы мұң мен үміт олардың ал­дындағы жауап­кершілігімді арттыра тү­сті. Бірде өз-­өзіме «күндер­дің кү­нін­де ісіміз алға басып, жағ­дайымыз жақ­са­ратын болса, әр қыз­меткеріме ла­йық­ты ай­лық қоямын және әлеуметтік жағ­дайын жасап отырамын» деп уәде бер­дім. Шүкір, бүгінгі таңда сол уәдем­ді орын­дайтын жағдайға жеттім. Қазір біздің мекемеде 800-ге жуық адам қызмет атқарады. Олардың барлығы әлеумет­тік тұрғыдан жан-жақты қамтылған.  Әрқайсысының қуанышын ескеріп, мерейтойларын атаусыз қалдырмай­мыз. Еңбек өтілі жоғары мамандарды демалыс орын­дарына жіберіп тұрамыз. Жұмысшыларға түскі ас тегін. Жұмыс­қа барып келетін кө­лік те қарастырыл­ған. Тіпті акцио­нер­лік қоғамының жанынан дүкен, асхана, наубайхана, медицина­лық бекет және аяқкиім жөндеу шебер­ха­на­сын  да ашып қой­дық», – деді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда «Стройконструкция» АҚ жылына 300 мың текше метр темір-бетон, 50 мың текше метр бетон өнімдерін әзірлейді. Өндірілген өнім еліміздің түкпір-түкпіріне, оның ішінде Павлодар, Қостанай, Петропавл, Оңтүстік Қазақ­стан өңірлеріне жиі жөнелтіледі. Ал Астанадағы «Ақорда», «Интеркон­ти­нен­таль» қонақүйі, «Алатау», «Қа­зақ­стан» спорт сарайлары, «Ащысай», «Есіл» тұрғын үйлері, әскери-патриот­тық мұражай,  «ҚазМұнайГаз» ғима­раты, «Хан Шатыр», «Мега», «Синема-Сити», «Думан» сауда және ой­ын-сауық орталықтары, астаналық цирк, Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы әскери университет, «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрегі, Ұлттық академиялық кітапхана, Қазақ ұлттық өнер академиясы, оқушылар сарайы, №1, 2 қалалық ауруханалар, «Бәй­терек» монументі, «Тәуелсіздік», «Бейбітшілік және Келісім» сарайлары, «Нұр-Астана», «Әзірет Сұлтан» мешіт­тері, «Астана опера» опера және балет театры, Назарбаев университеті, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы, Қар­жы министрліктері сынды ғима­рат­тардың құрылысына «Строй­кон­струк­ция» АҚ-ның өнімдері пайдаланылған.
В.Буллер көпұлтты Қазақстанның берекесі  мен бірлігіне дүниежүзі қы­зы­ға да, қызғана да қарайтынын ерек­ше атап көрсетті.
«Қазақтардың отаншылдығы мен намысқойлығына, жомарт­ты­ғы мен үлкенге деген құрметіне  қатты қызы­ғамын. Өзімнің ет жақында­рым­ның барлығына қазақтың осы қа­сиет­­терін үлгі етіп отырамын. Маған олар­дың «кең болсаң, кем болмайсың» де­ген сөзі ұнайды. Өзім осы сөзді өмірлік ұс­та­ным һәм темірқазық тұтып келемін. Бұл сөзді жадынан шығар­маған адам жа­ман болмайды. Мен де жаман болған жоқ­пын» деп түйді ойын  Виктор Буллер.