Басты  /  мақалалар  /  Ұлт жоспары ұтымды орындалуда

Ұлт жоспары ұтымды орындалуда

Қайыржан ТӨРЕЖАН
1328
Ұлт жоспары ұтымды орындалуда Қазақстан дамудың жаңа сапалы кезеңіне өтті. Мемлекет алдында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген ауқымды міндеттер тұр.

Бұл құжатта мемлекет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру шараларына, сондай-ақ сот жүйесін және құқық қорғау органдары қызметін жетілдіруге бағытталған шараларға ерекше көңіл бөлінген. 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекет пен қоғамға жаңа формацияның яғни, адам құқығы мен бостандығын, қоғам мен мемлекет мүддесін қорғауға отансүйгіштікпен қарайтын заңгер кадрлар қажет. Заңгерлік білім жүйесінің негізінде нақ осындай көзқарас болуы тиіс» деген болатын. Терроризм мен экстремизм, адам саудасы, есірткі бизнесі, жемқорлық – осылардың барлығымен күресу үшін оларға уақтылы және тиісінше төтеп бере алатын мықты құқық қорғау құрылымдары қажет. Бүгінгі күні бізге білімді, адамгершілігі жоғары, психологиялық тұрғыдан төзімді, басқару­ды білетін, келіссөз жүргізе алатын және алдымызға қойылған жаңа міндеттерді шешу үшін өзгере алатын кәсіпқой маман­дар қажет, – дейді Бас прокурату­ра­ның жанындағы Құқық қорғау органдары ака­де­мия­сының ректоры Ұлан Байжанов.

Бұл міндетті орындау үшін кадр саяса­тының принциптерін түбегейлі қайта қарау, кадрды іріктеу мен жылжытудың жаңа әдістерін, қазіргі заманға сай шешімдерді іздеу керек. Прокуратура органдарына кадрларды іріктеу бары­сында, қызметке кездейсоқ келген және атқаратын лауазы­мына лайықсыз адамдардың қызметке орналасу фактілерін жою қажеттілігі туындап отыр. Кадрды іріктеу бойынша соңғы байқаудың нәтижесі үміткерлердің дайындық дең­гейін тым төмен екенін көр­сет­ті. Тес­тілеудің бірінші кезеңінен үміт­кер­лердің 75 пайызы өтпей қалған. Қыз­мет­ке орна­ласуға келген үміткердің басым бөлігі қолданыстағы заңнама нормасы бойынша қарапайым сұрақтарға жауап бере алмаған. Сөйтіп үміткердің төрттен үш бөлігі университет оқыған­дарын, жоғары оқу орындарын бітірген дип­лом иелері ла­йықты білім деңгейін көр­сете алмай, қыз­метке қабылданбады. 
– Расында да, соңғы жылдары заңгер кадрларды даярлау мәселесі қатты сынға алынып жатыр, – дейді Ұлан Сапарұлы. – Мәселе, бүгінде республикадағы әрбір екінші жоғары оқу орны заңгерлерді дайын­дай­ды. Олардың әрбір 100 тұрғынға шақ­қан­­дағы саны бойынша біз Корея, Жапония, Германия, Ұлыбритания, АҚШ сияқ­ты елдерден озып кеттік. Бірақ, өкі­ніш­ке қарай, ешкім кадрларды даярлау сапа­сына жауап бермейді. Соның нәти­же­сін­де қызметке үміткер ретінде нашар даяр­лан­ғ­ан кадрлар келіп жатыр. 
Мамандыққа деген мұндай қарым-қаты­нас мемлекетке қаржылық жағынан да, моральдық жағынан да елеулі залал келтіруде. Бір жағынан мемлекет кадрларды қайта даярлауға қыруар қаржы жұмсап жатыр, екінші жағынан – құқық қорғау органдары қызметкерінің әрбір әрекетінің артында адам тағдыры тұр. Заңгерлік білім сапасы, тәжірибе көрсеткен қажеттіліктер және бүгінгі күннің талаптары – осы үш мәселенің арасындағы алшақтықты жоюды Мемлекет басшысы 2015 жылдың мамыр айында құрылған Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдарының академиясына міндеттеген болатын.
– Академия қызметіндегі басым міндет­т­е­рдің бірі – құқық қорғау саласы үшін кадрларды даярлау жүйесіне инно­ва­ция­­­лық тәсілдерді іздеп табу. Кадрларды іріктеу және даярлау барысында туындаған қазіргі жағдайды өзгерту үшін академия «Маман­дық­қа жолдама» жобасына басымдық беріп отыр. Біз экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің заңгерлерді даярлау тәжірибесін зерттедік. Бұл мемле­кет­­терде талаптың тым қатал екені бел­гі­лі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қа­тал емтихандарды мүдірмей тапсырып, ұзақ мерзімдік тағылымдамадан өтпей мықты заңгер болу мүмкін емес, – дейді Ұлан Байжанов.
Биылғы жылдан бастап экономикалық тексеру-тергеу қызметі, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес қызметіне мамандар дайындаудың және прокуратураның жас қызметкерлерін оқытудың жаңа формасы енгізіп жатыр. Олар қызметке тағайын­дал­ғаннан кейін академияда озық техно­ло­гиялар қолданылатын бір айлық курстан өте­ді. Оқу нәтижесі бойынша әр тың­дау­шының жан-жақты мінездемесі жазылады. Мұн­да жас маманның бейімділік қабілетіне, жал­пы әлеуетіне объективті баға беріледі. Осы­ның негізінде бұл түлектерді қызметке ала­тын құрылымдарда жас маманның дайын­дығы, біліктілігі, оның кәсіби мүм­кін­дігі туралы айқын түсінік қалыптасады.
Құқық қорғау органдары академия­сының ректоры Ұлан Байжановтың ай­туын­ша, бұл әдіс оң нәтижесін беруде. Бүгінгі күнге дейін жаңа оқу әдісі бойынша 236 қызметкер білім алыпты. Оқу мате­риал­дарын игеру бойынша оқудан бұрын және одан кейін жүргізілген мониторинг кәсіби білімді игеруде елеулі прогресс бар екенін көрсеткен. Оқуға дейінгі бақылау кезінде олардың деңгейі шамамен 52 балл болса, оқудан кейін 90,6 балды құраған. Сонымен қатар академияда президенттік резервте тұрған кадрға арнайы даярлау жүйесі енгізілген. Бұлар жаңа форматтағы басшы­лар болады, сондықтан оқыту процесі тыңдаушыларда ұжымды тиімді басқарудың кәсіби дағдыларын дамыту және жетілдіруге бағытталған. Қызметкерлер бір ай бойы отандық және Ұлыбритания, АҚШ, Син­гапурдан келген шетелдік сарапшылар­дың тренингтері мен шеберлік сыныптарында білім алады. Бұрынғы теориялық пәндердің орнына мемлекет саясатының негізгі ба­ғыт­тары, жаппай наразылық толқулары және террористік акциялар кезінде келіссөз жүргізу тактикасы, көшбасшылық қабілетті дамыту және басқарудың заманауи техно­ло­гиясын пайдалану бойынша жаңа модульдер енгізілген. Сонымен бірге, олар ұлттық қауіпсіздік, терроризммен күрес және тағы басқа өзекті құқықтық-саяси мәселелер бойынша арнайы курста өтеді.
Академияда құқық қорғау органдары­ның сұрауы бойынша зерттеуге арналған оннан астам тақырып бекітілген. Олардың нәтижелерін практикалық және нормативті шығармашылық қызметтерге тиімді қол­да­ну­ға болады екен. Бұлардың ішінде – қыл­мыс­тың жеке түрлерінің өсу себебіне объективті баға беретін криминологиялық болжам; экстремизм және терроризмге қарсы күрес; адам саудасымен күрес; құқық­­бұзушылықтарға «нөлдік төзім­ді­лік­ті» қалыптастыру тақырыптары бар. 
– Академияның ведомствоаралық зерт­теу институты қазіргі кезде өкілетті ор­ган­­дармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының себебіне ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр, – дейді Ұлан Байжанов. – Бұл көкейкесті әлеумет­тік мәселенің бірі, себебі жыл сайын жол апаты салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, ондаған мың адам жарақат алады, тіпті мүгедек болып қалады. Біз әзірлеген Жол қозғалысы қауіпсіздігі ұлттық тұжы­рым­дамасының негізгі міндеті – 2020 жыл­ға қарай жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім санын азайту. 
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін елді мекендердегі көшелер мен жол желілерін жасау және қозғалысты бәсеңдету жүйесін қолдана отырып, (қауіпсіздік аралдары, жолдардың айналмалы қозғалыс бөлігі, бұрылыстар, жол жүру бөлігінің тарылуы және т.б.) дамытудың ұстанымдарын түбегейлі қайта қарау ұсынылып отырған көрінеді. Көптеген жол учаскелерінде, әсіресе елді мекендердегі жол қиылыс­ындағы жылдамдықты 50 км/сағатқа дейін, ал қауіпті саналатын жол бөліктерінде көлік жылдамдығын 30 км/сағатқа дейін шектеу керек. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін автомектептерде оқыту курсын қайта жандандыру және оларға жетекшілік етуді прокуратура Білім және ғылым министрлігіне тапсыруды ұсы­нады. Жол бойында балалардың қорға­луын қамтамасыз ету мақсатында мек­теп­терде «Жол қозғалысының ереже­лері» пә­нін оқы­ту, оларға велосипед жүргізуді және жол ор­тасына бейімделуді үйрету, жарық қай­таратын білезіктерді немесе балалардың киіміндегі элементтерді пайдалануды енгізу қажет.
Академия ректорының пікірінше, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өзара әрекет ету жүйесі бір­ша­ма жетілдірілді. Бас прокурор Жақып Аса­нов­тың бастамасымен мүдделі ведомс­т­во­лармен бірге қоғамның ең өзекті мә­се­ле­лері бойынша 22 жоба әзірленіп, іске асырылып жатыр. Осылайша, Жоғарғы сотпен бірігіп, «Әділдік – құқық қорғаудың басты өлшемі» жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – әртүрлі алаяқтық элементке жол беретін нормаларды анықтап, оларды жоюға мүм­кіндік беретін, заңнамадағы олқылық­тар мен сәйкессіздіктерге дереу ден қоятын жүйе қалыптастыру керек. Соның ішінде азаматтық істер бойынша соттың процестік белсенділігін арттыру мүмкіндігін қарас­ты­ру да бар.
«Тиімді шағымдар» атты келесі жоба – түс­кен шағымдарға мардымсыз жауап беру немесе оларды өзге органға жіберу тәжі­ри­бесін жоюға, ұйымдастырушылық-құқық­тық шараларды шұғыл қабылдауға, заңна­ма­ны жетілдіруге, ең бастысы жүйелік себеп­терді анықтауға бағытталған. Одан кейінгі «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының басты мақсаты – ана мен бала­ны қорғау бойынша шараларды күшей­ту. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың алдын алудың кешенді шаралары әзірленді. Ал «Бизнесті қорғау» жобасы Бас прокуратураның маңызды бағдарламала­рының бірі. Ол кәсіпкерлікке заңсыз араласудан қорғауға бағытталған, сондай-ақ тәуекелді бағалау жүйесін енгізуді, жүргізіліп жатқан тексерулердің электрон­ды тіркелуін қарастырады. Тексеруді жос­пар­лау және іске асыру жүйесін реформалау кәсіпкерлерге тексерудің расымен де тіркелгенін, оны жүргізу қаншалықты заң­ды екенін өз бетімен тексеруге, тексер­у­ші­лер тарапынан жасалған заңбұз­у­шы­лықтар туралы прокурорларға дер кезінде хабар­лауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, тек­серулердің саны едәуір азайып, проку­ратура органдары тарапынан әрбір үшінші кәсіп­керге көмек көрсетіліп, заңбұзу­шы­лық­­қа жол берген қызметкерлер жазаға тар­тылған.
Ұлан Байжановтың айтуынша, жүргі­зіліп жатқан жобалармен қатар прокуратура органдарының құрылымдық бөлімшелері академиямен бірігіп, азаматтар үшін «Про­ку­рордың 100 кеңесі» ұсынымын әзір­леуде. Онда нақты өмірдегі жағдай бойынша түсінікті тілде ақпарат берілген. Атап айт­қан­да, алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін не істеу қажет, егер тексерумен келсе не істеу керек, мемлекеттік органдарда ша­ғым­дарды қалай бақылауға болады деген сия­қ­ты көптеген сұрақтарға жауап алуға болады.
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іс­ке асырылуы мемлекеттік қызметке ірік­теу және орналасу жүйесіндегі проблема­лар­дың шешімін табуға бағытталған, – дейді Ұлан Сапарұлы. – Бұл жұмыстың нәтижесінде, біздің қатарымыз білімді, білікті, жұмысты сәтті жүргізе алатын және ең бастысы – азаматтарға сенім тудыра алатын мамандармен толығады деп үміт­те­не­міз. ­­