Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тәуелсіздік – ән-күйімнің арқауы

Тәуелсіздік – ән-күйімнің арқауы

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1004
Тәуелсіздік – ән-күйімнің арқауы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, күйші-композитор Қуаныш Жұмағалидың «Тәуелсіздік – ән-күйімнің арқауы» атты шығармашылық концерті өтті.

Кеш шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халық музы­касы факультетінің деканы, профессор Карима Сахарбаева құттықтау сөзбен ашып, шәкіртінің жетістіктері туралы жылы лебіз білдірді. 
Халықаралық, республикалық сайыс­тардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, консерваторияның доценті Қуаныш Жұмағали табиғаты сан алуан музыкалық шығармалар жазып қана қоймай, ан­самбль мен оркестрге лайықтап нотаға түсірудің хас шебері. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын К.Сахарбаеваның сыныбынан бітіріп шыққан. Құрманғазы атындағы академия­лық халық аспаптар оркестрінде, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің құрамында қызмет атқарды. 
ІІІ республикалық Құрманғазы атындағы домбырашылар сайысының, Құрманғазыға арналған республикалық күй-тартыс сайысының жеңімпазы.
2001 жылы Санкт-Петерборда өткен халықаралық фестивальдің лауреаты, Дина Нұрпейісова атындағы респуб­ликалық байқаудың жүлдегері. 
Бағдарлама барысында домбыраға арналған «Арнау», «Ұстазға», «Түркімен сазы», «Ақжелең», «Сал домбыра» күйлері орындалды. «Мұхиттай әнші қайда», «Аңсаған арман», «Шіркін, Жайық» әндері мен фольклорлы-этнографиялық ансамбль және халық аспаптар оркестріне арналған «Шаттық даласы», «Көктем-думан», «Элегия», «Күзгі әуен», «Жастық дәурен», «Наурыз» шығармалары да тыңдарман ықыласына бөленді. Осы ән-күйлері топтастырылып, 2010 жылы «Куаныш вальсі» партитуралар жинағы, 2015 жылы «Асыл мұрам – ән мен күй» атты оқу құралы жарық көріпті. 
Кеш қонағы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Серік Закария, «Құлансаз», «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ күйші-композитордың өмірлік серігі, халықаралық және республикалық сайыстардың лауреаты, домбыра кафедрасының аға оқытушысы Баян Игілік автордың «Батыр ана» күйін, ал қыздары Мадина мен Динара әкеле­рінің екі флейтаға шығарған «Жастық дәурен» шығармасын тарту етті. 
Кеш соңы Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғы­на арнайы жазылған «Арманым – Астана» әнімен қорытындыланды.