Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Айқын-ақпарат
1377
ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ Қазір технологияның қарыштап дамыған заманы. Күніне түрлі техниканың тұсауы кесіліп, олардың адам өміріне етене араласуы соның дәлелі.

Сондықтан кеше ғана мүмкіндігіне қарап таңдай қаққан дүниенің бүгін ескіріп, ал бүгінгісінің орнын ертесіне-ақ жаңасы басып жатқан осынау шақта инновациялық дамудың маңызы аса жоғары. Сол себепті де Елбасымыз бұл салаға үнемі ерекше көңіл бөліп, оны дамытуға барлық жағдайды жасап келеді. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған жас өнертапқыштар арасындағы республикалық NURINTECH инновациялық жобалар байқауы соның жарқын көрінісі. Өйткені аталған байқау партия Төрағасы, Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған болатын. Кеше байқау қорытындысы жарияланып, партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед жеңімпаздарды марапаттады.

Қашықтықтан басқарылатын робо-қол

 


 

NURINTECH байқауының басты мақсаты – жастарымыздың ғылым-білімге және ин­новацияға деген қызығушылықтарын арттыру және келешегі жарқын жобаларды жүзеге асы­руға қолдау көрсету. Шара барысында «әлеу­меттік маңызы бар инновация», «технос­тарт», «үздік жас ғалым», «жастар инновация­лық жобасы» және «перспектива» аталымдары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анық­талды. Сондай-ақ белсенді жас өнер­тап­қыштарға да арнайы сыйлықтар тағайын­дал­ға­нын атап өткен жөн.
Еліміздің әр түкпірінен байқауға қатысуға ниет білдірген 1000-ға жуық өтініш келіп түсті. Олар негізінен жасыл энергетика, хи­мия, биология, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруа­шылығы, медицина, робот техникасын жасау, кө­лік және IT-индустрия саласындағы инно­ва­циялық жобалар. Солардың арасынан ше­шуші кезеңге бүгінде сұранысқа ие, эко­но­ми­калық жағынан тиімді және мейлінше же­­тіл­дірілген 30 жоба іріктелініп алынды. Жеңім­паздарды анықтау үшін арнайы тәуелсіз комиссия құрылып, оның құрамына белгілі отан­дық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ха­лық қалаулылары, мемлекеттік орган және биз­нес-қоғамдастық өкілдері енді. Атап айт­қан­да, жас өнертапқыштардың жұмысын Ұлт­тық инженерлік академиясының пре­зи­денті Бақытжан Жұмағұлов, Ұлттық био­тех­нологиялық орталықтың бас директоры Ер­лан Раманқұлов, Ұлттық технологиялық даму жөніндегі орталық төрағасының орынбасары Дәурен Сәбденов, Astana Innovations жоба­сының жетекшісі Нұрсұлтан Қалдыбаев, «Кас­перский лабораториясының» өкілі Ви­талий Ли, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасы төрағасының орынбасары Мұрат Әбе­нов, Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бек­тұрғанов, Білім және ғылым вице-министрі Асланбек Әмрин, Денсаулық және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов және тағы басқа белгілі тұлғалар бағалады.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рә­сімінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары инновацияға салынған ин­вестицияның кейін еселеп қайтатынына ерек­ше назар аударып: «Елбасымыздың индуст­риялды-инновациялық даму бағдар­ла­масы Қазақстанда мыңнан астам жаңа кәсі­по­рындардың іске қосылуына себепкер бо­лып қана қоймай, көптеген жаңа тех­­но­логиялар мен инновацияға өріс ашты. Бүгінде бүкіл қа­зақстандықтар дәл осы ірі ин­новациялық тех­нологиялармен айналысу­да. Әсіресе, елі­міздің «ЭКСПО-2017» халық­ара­лық көрмесін өт­кізуі осы бағыттағы даму­ларға үлкен серпін берді», – деді.
Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жуыр­да ғана біз президенттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының кезекті белесіне куә болдық. Елбасы бір мезетте 23 жаңа ауқымды өндіріс ошағын іске қосты. Олар­дың баламасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда жоқ. Мемлекет бас­шы­сының бұл мега-жобасының арқасында жұмы­сын бастаған кәсіпорындардың жалпы құны 4,5 трлн теңгеден астам қаражатты құрай­ды. Жүз мыңнан астам жаңа жұмыс ор­ны ашылды. Сол себепті де Елбасымыз ин­дустрияландыру Қазақстанның басым бағыты екенін үнемі айтып жүреді. Соған орай партия Лидері NURINTECH байқауын жариялаған болатын. Сондықтан отандық жас ғалымдар мен өнертапқыштар Президентіміздің инно­вация­ны дамытуға бағытталған саясатының бас­ты қолдаушылары болуы тиіс. Біздің бүгін­гі жетістіктерімізді Елбасының ерен еңбегі мен Тәуелсіздіктің арқасы», – деп барша қа­тысу­шыларды Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойымен құттықтады.
Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер палатасының төрағасы Абылай Мырзах­ме­тов өз кәсібімен биік белестерді бағындыр­ған еліміздегі барлық кәсіпкерлер жас өнер­­­тап­қыш­тарға қолдау көрсетуге дайын екенін айт­ты. Сондай-ақ ол: «Сіздер, өздеріңіздің жас­тықтарыңызға қарамастан, жаңашыл, ин­новацияға құмар, батыл жансыздар. Бүгінде елі­мізде қолға алынған барлық бастамалар бо­лашақ үшін, яғни жастар, сіздер үшін жа­салуда. Елбасымыз да инновацияға ерекше мән беріп, барлық салаға жаңа технологияны ен­гізуді тапсырды. Бүгінгі байқауды соның ая­сында атқарылып жатқан көп жұмыстардың бі­регейі деуге болады. Бүгін «Нұр Отан» пар­тиясы болашағына бей-жай қарамайтын, ғы­лым-білімге құштар жастарға әрі қарай же­тілулері үшін мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте біз болашақта байқаудың жүлде қорын кө­бейтуге әзір екенімізді жеткіземін», – деді.
Байқау қорытындысы бойынша 20 қа­тысу­шы жүлделер мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Атап айтқанда, Гран-при мен бас жүл­де – 2 млн теңгені қарағандылық жас ға­лым, алғашқы отандық дронды құрастырушы Нұржан Есмағамбет еншіледі.
Ал «Ең үздік жас ғалым» аталымы бойын­ша «Техногенді және гидроминералды ши­кізат­тан уранды бөліп алудың сорбционды тех­нологиясы» атты жобасымен өскемендік Ай­гүл Сәдуақасова үздік деп танылды. Бұл ата­лымда екінші орын «Фитопрепараттар жа­саудың технологиялық және биофар­мацев­ти­калық аспектілері» атты жобасымен қатысқан алматылық Ақнұр Тұрғымбаеваға бұйырса, үздік үштікті «Наноқуысты SiO негізіндегі жаңа нанотехнологиялар» атты жұмысын ұсын­ған астаналық Әлия Әлжанова түйіндеді.
«Жастар инновациялық жобасы» ата­лымында павлодарлық мектеп оқушылары Әлішер Жанболат, Данияр Серіков және Мақ­сат Байғазы жеңімпаз атанды. Олар «Брайль пернелері мен дисплейі» атты жобасын ұсын­ған болатын. Аталған аталымда астана­лық сту­дент Мұхтар Мұқашев (Assistant мобильді қо­сымшасын жасау») 2-орын алса, үшінші орын алматылық жас ғалым Жәнібек Салға­рин­ге («Қорған» жаяу жүргіншілер жолағының қауіпсіздік жүйесі») бұйырды.
«Перспектива» аталымында алматылық мек­теп оқушылары Никита Носков пен Да­нил Прохоренко («Жолдағы қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жүйесі») – 1-орын, тағы бір ал­матылық мектеп оқушысы Иван Крепак («Block ақылды құлып») – 2-орын және аста­на­лық оқушы Адамбек Шортай («Қашық­тық­тан басқарылатын робо-қол») 3-орын алды.
«Техностарт» аталымы бойынша 1-орын – Са­ғыныш Нүркімбаевқа («Әмбебап жел энер­гетикасы қондырғысы»), 2-орын – шы­ғысқазақстандық Ер-Тарғын Тілеукеновке («Қатты нанокомпозитті жабын алу техноло­гиясын»), ал 3-орын тараздық Ернұр Әбутәлі­пов­ке («Жеңілсалмақты керамикалық кірпіш тех­нологиясы») бұйырды.
Ал «Әлеуметтік маңызы бар инновация» ата­лымында алматылық Мәулен Бектұрғанов («Қол­дың бионикалық протезі») жеңімпаз атан­са, оның жерлесі Динара Молдағалиева («Nanoweb наноторын жасау») – 2-орын, көк­шетаулық мектеп оқушысы Аида Ысқақова («ПЭТ (полиэтилентерефталат) бөтелкелерін өндеу арқылы машина модельдерін жасау») 3-орын алды.
Барлық 1-орын иегерлеріне – 1 млн, 2-орын­ға – 500 000, ал 3-орын алған қатысу­шыларға 250 000 теңгеден сыйақы берілді. Сондай-ақ «перспектива» аталымы бойынша жеңімпаз атанған қатысушыларға Қазақстан­ның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары­ның бірінде оқуға мүмкіндік беретін білім гран­ты қарастырылғанын айта кетейік. Сон­дай-ақ бұлардан басқа тағы бес қатысушыға «Арнайы сыйлық» аталымы бойынша ноут­бук, планшет сияқты бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Еламан ҚОҢЫР,
суреттерді түсірген Рустам АМАНТАЙ


 

 

ПІКІР

 

 

Нұржан ЕСМАҒАМБЕТ, 
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің лаборатория жетекшісі:

– Жас өнертапқыштар ара­сында алғаш рет өткізілген NURINTECH республикалық бай­қауында «Дрондар желісі» ат­­ты жобамның жеңіске жет­ке­ні­не өте қуаныштымын. Бай­қау­­дың Елбасы, «Нұр Отан» пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ті­ке­лей тапсырмасымен ұйым­дастырылуы да оның бәсі жоғары екенін аңғар­тады.
Таяуда ғана, яғни 1 желтоқсан күні өткен респуб­ли­калық жастар фо­румына қатыстым. Сол кезде мен Мем­лекет басшысына Қара­ғанды қаласындағы робот тех­никалары және зияткерлік машиналар ла­бо­ра­ториясында құрастырылған отандық дронның соңғы үлгі­сін сыйладым.
Бұл дрондар топырақтың ылғалдылығы мен құра­мын анықтауға, жоғалып кеткен адамдар мен үй жануар­ларын үлкен аумақта іздеуге бағытталған. Қа­зіргі таңда мұндай құрылғыларды бұдан да кең ау­қымда қолдануға болатыны белгілі. Біздің дронның ше­телдікілерге қарағандағы басты айырмашылығы ба­ғасының арзандығында, сапасында және қатты жел ке­зінде де жұмыс істеуінде.
Осы ретте Қазақстанда жас ғалымдарға барлық жағ­дай жасап, осындай байқаулар арқылы мате­риал­дық қолдау көрсетіп отырған Елбасына айрықша ал­ғысымды айтамын. Соның арқасында бүгінде елімізде көп­теген жас өнертапқыштар өз жобаларын сенімді жү­зеге асыруда. NURINTECH байқауы да сондай қол­даудың бірегейі деп білемін. Сондай-ақ бұл жас ға­лымдарға жетістікке жету жолында негізгі саты бол­мақ.


Айгүл СӘДУАҚАСОВА, 
«Өскемен су арнасы» мемлекеттік мекемесінің инженер-лаборанты:

– Ғылым саласында жүрген жас мамандар үшін «Нұр Отан» пар­­­тиясы өткізіп отырған NURINTECH байқауы маңыз­ды қозғаушы күш болып та­бы­ла­­ды. Себебі, бүгінде өнер­тап­қыш­­тарға өз жобаларын жүзеге асыру үшін айтарлықтай қара­жат керек. Бұл тұр­ғыда атал­ған байқауды таптырмас те­тік дер едім.
Мен өз жобамда фосфор, кремний сынды бұрын қол­данылмаған қолжетімді әрі арзан материалдардың кө­мегімен өндіріс қалдық­тарынан уранды тиімді айыру мүмкіндігін зерттедім. Қазақстанға бұл тәсілді металлургия саласында жемісті қолдануға болады.
Мінеки, осы жобам арқылы бүгін жеңіске жетіп отыр­мын. Қазылар құрамындағы жоғары білікті ма­ман­дардың бұл бағасы маған артылған жауапкершілік деп білемін. Жеңіп алған жүлдемді ғылыми жұмысым­ды одан әрі жетілдіруге жұмсаймын. Отандық жас өнер­тапқыштарға осындай зор мүмкіндік туғызған Ел­басына және «Нұр Отан» партиясына ерекше алғы­сымды білдіремін.


Әлішер ЖАНБОЛАТ, 
Павлодар қаласындағы Дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы:

– Бұл байқауға біз «Смарт­фон­дарға арналған дисплей жә­не Брайль пернелері» жо­ба­сын ұсындық. Оны менен бө­лек, тағы екі сыныптасым бірі­гіп дайындадық. Бұл жобаны қолға алуымыздың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі әр қазақстандыққа то­лық­қанды өмір сүруі үшін мейлінше өз үлесімізді қосу.
Осы жоба арқылы біз зағип жандар мен компьютер, смартфондар арасындағы кедергіні жойып, экраннан кез келген мәтінді еркін оқуға, ғаламтордың мүмкін­дік­терін толық пайдалануға жағдай жасауды көздедік. Сондай-ақ біздің жобамыз арқылы кез келген көңілі қа­лаған жан Брайль тілін меңгеруге мүмкіндік бар.
Жоба көп шығынды қажет етпейді. Біз барлығы 15 мың теңге жұмсадық. Сондықтан байқаудан жеңіп ал­ған қаржыны бұдан да кең ауқымды жобаларды жү­зеге асыруға жұмсаймыз.
NURINTECH байқауы ғылымға қызыққан мектеп оқу­шыларына да өз ойларын сәтті жүзеге асыруға мүм­кіндік беріп отыр. Осындай тың бастаманы қолға ал­ған партияға ризашылығымызды білдіреміз. Мұның бәрі – Елбасымыздың ерен еңбегінің, тәуелсіздігіміздің арқас­ы. Ғылым мен білімге барлық жағдай жасалған тәуелсіз мемлекетте туған жас буын ретінде мен өзім­нің Қазақстан азаматы екенімді мақтан тұтамын.


Ер-Тарғын ТІЛЕУКЕНОВ, 
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің оқытушысы:

– Мемлекет басшысы Қа­зақ­станда инновациялық үде­ріс­ті қолдауға барлық жағдай жа­салып, заманауи инфрақұры­лым жасақталғанын әрдайым ай­тып жүреді. Мен жас ғалым ретін­де бұған өте қуаныштымын.
Мен еліміздің ірі индустриалды-өндіріс­тік ор­талық­тарының бірі Шығыс Қазақстан облысының ту­масымын. Бүгінде біздің өңірдегі кәсіпорындар жаңа, инновациялық технологияларға зәру. Егер осы бас­тама жүзеге асар болса, өндіріс бағасы арзандап, өнім­нің сапасы артар еді.
Сол себепті, мен өз жобамда қатты нанокомпозитті жабын алу технологиясын зерттедім. Бұл технология Шы­ғыс Қазақстан об­лысындағы металл өндірісі және ма­шина жасау саласының жұмысын жандандырады де­ген ойдамын.
«Нұр Отан» партиясы өткізіп отырған NURINTECH байқауы ойлап қана қоймай, сол ой­ла­рын жүзеге асырып, бәсекеге қабілетті инновациялық өнім дайындайтын жас ғалымдарға арналған. Бұл –  біз сияқты жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Осының бәрі Елбасының салиқалы саясатының, тәуел­сіз­дігіміздің жемісі.
Бүгінгі жетістігім менің ғылымға деген құштар­лығымды арт­тырып, ерекше жігер берді. Сол себепті барша ұйымдас­тырушыларға алғысымды жеткіземін.


Айдана ЕСЕНОВА, 
Алматы технологиялық университетінің оқытушысы:

– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жә­не ауылшаруашылық шикізаттарын өндеу – бүгінде Қазақстанды жаңғыр­ту­дың басым бағыттарының бірі. Бұл жө­нінде Елбасымыз да әрдайым айтып жү­реді. Сондықтан да мем­лекеттік бағ­дар­­­ламалар арқылы бірінші кезекте ши­кізатты өндеуге бағытталған зама­науи технологиялар мен инновацияны қол­дауға көңіл бөлінеді. Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған NURINTECH республикалық ин­новациялық жо­балар байқауында дәл осындай жобаларға ба­сымдық бе­рілгені көңіл қуантады.
Байқауға мен экологиялық таза, сапалы, отандық өнім – түйе сү­тінен жасалатын йогурт өндіру жобасын ұсындым. Бұл жо­ба сүт өнімдерін өндіретін компания басшыларының қызы­ғу­шылығын тудырады деп сенемін.
Осы ретте жас ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында ұйым­дастырылған байқау үшін «Нұр Отан» партиясына, оның Төрағасы Елбасына алғысымды білдіремін. Бүгін жүлдеге іліккен қатысу­шылардың жобалары жеңіске лайық. Байқаудан жеңіп алған қара­жатты тиімді жұмсай білсек, жобамызды же­тілдіре түсуге мүмкіндік мол. Сондықтан ғылым саласында жүр­ген барша замандастарыма сәт­тілік тілеймін. Сондай-ақ атал­ған байқау дәстүрлі шараға ай­налады деп сенемін. Себебі, отан­дық ғылымды қарқынды дамытуға осын­дай бастамалардың бе­рері мол.

 

Адамбек ШОРТАЙ, 
Астана қаласындағы №56 мектептің 11-сынып оқушысы:

– Мен роботехникамен бұрын­нан бе­­рі айналысамын, сондықтан жаңа жо­­бамды осы сала төңірегінде құрас­тыр­­дым. Болашақта роботтар адам­­­дар­мен қатар барлық с­а­ла­да еңбек етеріне се­не­мін.
Менің жобам – 3D принтерде қ­а­шықтықтан бас­қарылатын адам қолы­ның 3D моделі. Нақтырақ айт­сақ, сенсорлық қолғапты киген кез келген адам қаш­ықтықта қолдың моделін басқара алады. Ро­бо-қол әр саусақтың қимылын мүлтіксіз қайталап, орын­­дайды. Оны жарылғыш заттарды залал­сыз­дан­дыру, әскери ұрыс қимылы, улы химиялық заттармен жұ­мыс істейтін орта сияқты түрлі салада қолдануға бо­лады.
Жас ғалымдарға мол мүмкіндік берген NURINTECH бай­қауы үшін Елбасына және «Нұр Отан» партиясына алғысымды біл­діремін.


Аида ЫСҚАҚОВА, 
Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:

– Қазіргі таңда қатты қал­дықтарды қайта өндеу ең өзек­ті және маңызды эколо­гия­лық мәселе болып табы­ла­ды. Жыл сайын адамзаттың қолданатын азық-түлік көлемі артып келеді. Соған сәйкес қалдықтар да көбейіп отыр.
Мен өзімнің жобамда Қазақстанда жоғары сұра­нысқа ие болатын ыңғайлы пластик заттарды қайта өндейтін машинаның прототипін құрастырдым. Пластик заттарды тұтынатын ортаның кең ауқымды екенін ескерсек, бұл бастаманың болашағы зор деп білемін.
Мен үшін NURINTECH байқауының финалына шығу – үлкен мәртебе. Осындай мүмкіндік бергені үшін барша ұйымдастырушылардың жұмыстарына сәттілік тілеймін.


Ақнұр ТҰРҒЫМБАЕВА, 
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің оқытушысы, PhD:

– Тәуелсіз жылдары Қа­зақ­­стан ме­дици­на және фар­мацевтика саласында ай­тар­лықтай жетістікке жетті. Елде соң­ғы кәсіби құрал-жаб­дық­тармен жаб­дықталған заманауи медициналық ор­талықтар салынып, ел игілігіне берілді. Қа­зіргі таңда қазақстандық дәрігерлер ме­дициналық техноло­гия­ларды қолдану арқылы күрделі оталар жасауда. Отандық фармацевтикалық зауыттарда шетелде үлкен сұранысқа ие теңдесі жоқ дәрілік препараттар өндірілуде. Осы жетіс­тіктердің барлығы отандық ғалымдардың өлшеусіз үлесі­нің арқасында жүзеге асуда. Менің фито дәрі-дәрмектерді өн­діруге бағытталған ғылыми жобамның байқауда жоғары ба­ғаланғанына қуаныштымын.
Мен бақ сынаған аталымда қаншама мықты жобалар қа­тыс­ты, бірақ солардың арасында жобам озық шығып, «Нұр отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының қо­лы­нан грант алдым. Бұл жобамның, жалпы ғылыми-зерттеулерім отандық медицинаның дамуына үлес қосады деп сенемін.


Әлия ӘЛЖАНОВА, 
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты:

– Әр жас ғалымға өз жоба­ларының мемлекет тарапынан қол­дау тапқаны маңызды. Қа­зақстанда жас ғалымдар-дың жобаларын көрсете алатын алуан түрлі алаңдар бар. NURINTECH байқауы солардың бірегейі.
Менің жұмысымда микросызбалар мен сәулелі диот­тарды өндіруде кең таралған микроэ­лектро­ни­каға қажет жартылай өткізгіш матрицаларды жа­сау­дың нанотехнология тәсілі зерттелген.
Елбасының сарабдал саясатының арқасында елі­мізде өндіріс орындарында жұмыс істей алатын жо­ғары білікті мамандардың тобы қалыптасқан. Сон­дықтан NURINTECH сияқты байқаулар креа­тивті және білімді жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Нұр Отан» партиясының басшылығына осын­дай байқау ұйымдастырғанына алғысым шексіз. Жобамның жоғары бағаланғаны менің таңдаған жолымды дұрыс екенін дәлелдейді.


Ернұр ӘБУТӘЛІПОВ, 
Тараз мемлекеттік университетінің студенті:

– Мен Тараз мемлекеттік уни­­верситетінің 2-курс сту­ден­тімін. «Нұр Отан» партия­сы жас ғалымдар арасында NURINTECH инновациялық жобалар байқауын жария­ла­ға­нын естігенімде бірден ба­ғым­ды сынауға бел будым.
Жобаны зерттеуге уақыт тапшы болғанымен ма­ған достарым мен ұстаздарым көмектесті. Ұйым­дастырушылар тарапынан жобамды таныстыруға шақыру келгенде қатты қуандым. Байқау барысында әділқазылардың жобамды жоғары бағалағаны маған ерекше жігер берді.
Алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқау барлық қа­тысушылар үшін үлкен тәжірибе болғанын сөзсіз. Олар осы байқауда жинаған тәжірибелері болашақта инновациялық салада түрлі жобаларды жүзеге асы­ру­да үлкен көмек болары анық.