Басты  /  мақалалар  /  Бүгін-Тау күні

Бүгін-Тау күні

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
2679
Бүгін-Тау күні 2003 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 57-ші шешімімен белгіленген 11 желтоқсан күні Халықаралық Тау күні (International Mountain Day) атап өтіледі.

Бас Ассамблеяның қарарында таулы аймақтардың тұрақты дамуына бағытталған ерекше өзекті мәселелер белгіленген.Жер шарының шамамен төрттен бірін алып жатқан таулар адамдардың 10 пайызға жуығының баспанасы.

Таулар алып жатқан көлеміне, құрылымына, жасына қарай: жота, тау жүйесі, тау массиві, таулы қырат, таулы үстірт, тау сілемі болып бөлінеді. Аралықтарындағы аласа көтерілімдер, оларды бөліп тұратын ойпауыттардың (тауаралық ойпаңдар, тау аңғарлары, т.б.) бір-бірімен үйлесуінен тілімделеді.

Таулы аумақтың негізгі географиялық заңдылығы – ландшафтың биіктік белдеулілігі (биіктік белдемділік) анық көрінеді. Тауларды биіктігіне қарай аласа (1000 м-ге дейін), орташа (1000 – 3000 м), биік таулар (3000 м) деп бөледі. Дүние жүзіндегі ең биік тау – Гималайдағы Эверест (8848 м), Қазақстандағы ең биік тау – Хантәңірі (6995 м).

Әсіресе Алматылықтар үшін Іле Алатауының орны бөлек. Оның тамаша шатқалдары аптаның демалыс күндері тауға құмар жандар мен серуенге шыққан отбасылардың сүйікті  демалысына мекеніне айналады. Таудың саф ауасы, ит тұмсығы өтпейтін қалың ну орманы, шыршалары, аршалары, көлдері мен өзендері қалалықтарды таңғалдырумен келеді.

Тіпті, тау демалысын ұйымдастыратын жастар арасында арнайы топтар құрылған. "Таурест" деп аталатын саяхат тобы - жастардың тауға деген сүйіспеншілігін оятып келеді. Топ жетекшісі, ҚазҰУ студенті Бексұлтан Ануаровтың айтуынша, тауға саяхат жасау ғана емес, оның тазалығына да мән беріп келетін көрінеді.

Бексұлтан сондай-ақ, бұл топтың қатары күн сайын толығып келе жатқаның, жастардың тау спортына деген қызығушылығы жоғары екенін айтады. Әсіресе таусүйер жастардың ортақ алаңына айналған "инстаграмм" желісі бүгінде үлкен күшке ие болып отыр.

Алматының Алатауы - еліміздегі альпенистердің түлеп ұшқан алғашқы баспалдағы. Елбасының өзі бастаған тау альпиниадасы бүгінде бұқаралық сипат алып, жыл сайын белгілі маусымдарда "Нұрсұлтан", "Абай", "Жастар", "Амангелді" шыңдарына шығу жарыстары өтіп тұрады. Ал "Құмбел", "Ә.Бөкейханов", "Шымбұлақ", "Үш би" шыңдарына әр апта сайын қалалықтардың табаны тимей кетпейді.

Шыңдарға шығу табандылықты, тиянақты техникалық дайындықты талап етеді. Сондықтан, тауға шығарда барлық қағиданы жете орындаған тиіс. Қауіпсіздік болған жағдайда ғана, биік шыңды еңсере аласыз!  

Ендеше, Алатауымыздың тамаша табиғатын бірге аралап көрейік, аялайық, өз қолымыздан келгенше қадір-қасиетін біле жүрейік!

 

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

суреттерді түсірген автор

P.S. Суреттер "Айқын.кз" сайтының авторлық құқығында.

Қандайда бір мақсатта көшіру, тарату,

жариялау сайттың рұқсатымен ғана шешіледі