Басты  /  мақалалар  /  Абыз домбыра, аңыз күй

Абыз домбыра, аңыз күй

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
2653
Абыз домбыра, аңыз күй «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы жанданып келеді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Мәдениет қайраткері, доцент Мұрат Әбуғазының «Қазақтың домбыра өнері» атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарық көрді. Бір ай бұрын күйші-зерттеушінің құрастыруымен майталман домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтың орындауындағы Қазанғап күйлері мен төл туындылары жинақталған «Күй дастан» атты ноталық кітап қалың оқырманға ұсынылған болатын. Бұдан бөлек, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы фольклор кабинетінің меңгерушісі, профессор Қайырғазы Төленнің «Көне Бытығай» партитуралар жинағы мен кафедра студенттерінің Моңғолияға жасаған экспедициясы нәтижесінде жазылып алынған күйші Сейіт Жұмажанның орындауындағы «Қасқа жүйрік» СД альбомы да таралымға түсіп отыр. Аталған топтамалардың тұсаукесер рәсімі Мұрат Әбуғазының «Абыз домбыра, аңыз күй» атты шығармашылық концерті барысында жүзеге асты.

«Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, әнші-ұстаз Рамазан Стамғазиев қол астындағы оқытушылардың айтулы сахналарда өнер көрсетіп қана қоймай, педагогтық жұмыс пен ғылыми ізденісті қатар алып жүрген іскерліктеріне тоқталды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Қа­был Халықов «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасына Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев басшылыққа келгелі бірқатар жұмыстар атқарылып, студенттер мен оқытушылар ара­сында тың серпін пайда болған­ды­ғын атап өтті. «Академия ректоры Бибігүл Нүсіпжанова шетелде іссапарда жүргендіктен, бүгінгі кешке қатыса алмады. Дегенмен кафедра өміріндегі маңызды іс-шараға сәттілік тілеп, алдағы уақытта да қолдау білдіруге дайын екендігін жеткізуімді сұрады. Бұл жинақтарды біздің академияның ғана емес, ұлттық музыка өнерінің үлкен жетістігі деп қабылдауға болады» деді Қабыл Халықов. 
Мұрат Әбуғазының айтуынша, Сәдуақас Балмағамбетовтың орындауындағы Қазанғаптың күйлері мен төл шығармалары күйшінің 75 жылдығына орай жарық көріпті. Ал «Қазақтың домбыра өнері» – он жыл бойы зерттелген кешенді еңбек. Кітап үш тараудан тұрады. Домбыраның шығу тарихынан бастап, орындау­шылық өнердің әдіс-тәсілдері, байырғы атаулары, аңыз күйлер мен халық күйлері қамтылып, даму кезеңдеріне қарай жіктелген. Дәстүрлі күй мектептері мен жет­кізушілері және аспап жасаушы шеберлер мен зерттеуші ғалымдар туралы да деректер суреттерімен қоса беріліпті. «Кітаптың бекітіл­ген көлеміне байланысты қолым­дағы бүкіл материалды толық сый­дыру мүмкін болмады. Деген­мен қазақтың домбыра өнеріне қатысты бірталай мәліметтер мен жүзге тарта күй нотасы жария­лан­ды. Алдағы уақытта кейінгі буын композиторлардың басын қосып, толық нұсқада халық назарына ұсынамыз деген ойдамын» дейді Мұрат Әбуғазы. «Дәстүрлі музы­калық өнер» кафедрасы фольклор кабинетінің меңгерушісі, про­фессор Қайыр­ғазы Төлен:
– Кафедра студенттерімен жыл сайын экспедицияға шығып тұрамыз. Соңғы екі жыл қатарынан Моңғолия өңірін аралап, жер­гілікті күйшілердің орындауын­дағы қазақтың ән-күйлерін жазып алдық. Сол сапардың жемісі ре­тінде «Қасқа жүйрік» жинағы қол­дарыңызға тиіп отыр. Моңғо­лия­ның дәулескер күйшісі Сейіт Жұ­мағанұлы әр күйдің тарихын әңгіме­леп, орындап шығады. Жоба продюсері Рамазан Стамға­зиев, Айгерім Тайғұлова, жетек­шілік еткен өзім және кафедра оқы­ту­шысы Сырым Нұрмолдин, құрас­тырып, музыкасын жазған Мұрат Әбуғазы. Ал «Көне Быты­ғай» пар­титуралар жинағына фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерге лайықтап түсірілген ән-күйлер мен шығармалар енді, – дейді.
«Көне Бытығай» жинағы ту­ралы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Мұхтар Өтеуов. «Қазіргі таңда республикамыздың түкпір-түкпірінде фольклорлы-этнографиялық ансамбльдердің саны жыл сайын көбейіп, олардың орындаушылық шеберліктері мен репертуарлары да күрделілене түсуде, бұл қуанарлық жай. Алайда уақыт талабына сай баспа бетінен жарық көрген арнайы фольклор­лы-этнографиялық ансамбльдерге жазылған партитуралар, әдістеме­лік нұсқаулар мен оқу құралдары жоқтың қасы деуге болады. Ал ансамбль жетекшілері үшін бұл ауадай қажет дүние» деген пікірде.
– Халқымыздың ғасырлар бойы жасаған музыка мәдениеті – қазақ халқына ортақ біртұтас рухани мұра. Әлі де хатқа түспеген, қағаз жүзін көрмеген музыкалық мұрамыздың ел ішінде мол екені сөзсіз. Сондықтан қазақтың ән-күйлерін, қазіргі композиторлар мен дүниежүзі халықтарының шы­ғармаларын өңдегенде, түгелдей этнографиялық немесе қазіргі замандық шығарма ретінде қол­данбай, осы екі үлгіні бір-бірімен үйлестіре білу керек. Қазіргі за­ман­ғы және ұлттық үлгілердегі үйлестіру бағыты, біріншіден, музыкалық материалдарды іріктеп ала білумен ерекшеленсе, екін­ші­ден халық ән-күйлерін өңдегенде олардың ладтық және гармо­ния­лық құрылымын сақтай отырып, халықтық әуендердің ішкі нәрін қазіргі заманға кәсіби деңгейде лайықтап түсіру. 
Алайда соңғы кездері шағын ансамбльдерге түсірілген шығар­малардың жұтаң екендігін, халқы­мыздың аса бай ән-күйлерінің өз дәрежесінде өңделіп, кәсіби ма­мандардың қолынан шықпағаны байқалады. Ансамбль репертуары сапасы жағынан халқымыздың өскелең тілегіне сай, эстетикалық тілегін, мейірін қандырарлықтай дәрежеде болуын талап етеді. Сондықтан репертуар мәселесі ансамбль үшін шығармашылық жағынан елеулі, маңызы бойынша зор болып есептеледі. Сол себепті, ансамбль жетекшілері бір түйінге табан тірегені абзал. Осы орайда «Көне Бытығай» жинағы осындай ой-талапқа толыққанды жауап беретіні сөзсіз. Айта кету керек, Қайырғазы Төлен республикамыз­дағы білікті де, білімді маман, өзі­нің көпжылдық тәжірибесін ха­лыққа кеңінен насихаттаушы. Фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерге лайықтап түсірген ән-күйлер мен шығармалары рес­публикамыздағы халық аспаптар ансамбльдерінің репертуарларын байыта түсер деген ойдамын, – дейді Мұхтар Өтеуов.