Басты  /  мақалалар  /  ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Қайыржан ТӨРЕЖАН
7098
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАҺАРМАНДАРЫ Қазақ халқы «елім» деп жауға шапқан батырларын қашанда дәріптеп, ерекше мәртебе берген.

 Ұлы Отан соғысы кезінде 500-дей қазақстандық қан майданда көрсеткен көзсіз ерліктері үшін КСРО батыры атағын алды, оның ішіндегі жүзден астамы қазақ ұлтынан болды. Халық батырлары тек соғыс кезінде ғана емес, бейбіт өмір кезінде де шығып жатыр. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған соңғы 25 жылда Қазақстанның тәуелсіздігі мен бостандығы үшін, азаматтардың қауіпсіздігі үшін ерлік жасаған, игілікті іс атқарған өнер, мәдениет, құқық қорғау, қорғаныс саласында жүрген 26 азамат Халық қаһарманы атағын алды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін 20 отандасымыз Қазақстанның Еңбек Ері деген жоғары дәрежелі атаққа ие болды. Халық қаһарманы атағы 1993 жылы ресми түрде бекітілген. Бұл екінің біріне беріле бермейтін аса құрметті, мәртебелі атақ. Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі Халық Қаһарманы, Қазақстанның Еңбек Ері атақтары бір деңгейде бағаланады. Халық Қаһарманы мен Қазақстанның Еңбек Ері атақтарын алған адамдарға «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендері бірге тапсырылады. Тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһармандары мен Еңбек Ерлері әр салада қайталанбас ерлік көрсеткен еліміздің мақтанышы, халқымыздың өнеге тұтатын құрметті азаматтары. Ел – батырларын білуі тиіс. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін Халық Қаһарманы атағын алған азаматтар туралы ресми деректерге сүйене отырып, қысқаша мәліметтер беріп отырмыз.

Ең алғашқы Халық Қаһарманы атанған – армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат НҰРМАҒАМБЕТОВ. Кеңес Одағының батыры, әскери қайраткер, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке Тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштерін қалыптастыру жолындағы ерен еңбегі үшін 1994 жылдың 23 мамырында Халық Қаһарманы атағы берілді. Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Нұрмағамбетов 1942 жылы әскер қатарына шақырылып Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майданында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы бас штаб академиясын бітірген білікті қолбасшы тәуелсіз Қазақстанның қарулы күшінің негізін қалады. 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992-1995 жылдары ҚР Қорғаныс министрі, армия генералы. 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған.


  Инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Ахат КҮЛЕНОВ – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген азаматы. Еңбек жолын қарапайым қызметкер жолынан бастап, Өскемен қорғасын-цинк ком­бинатының президенті қызметіне дейін көтерілді. Кеңестік Социалистік Республикалар одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық Қаһарманы атағының иегері атанған жалғыз инженер. Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту орденімен және тағы басқа медальдармен марапатталған. Ахат Күленов 95 өнертабыс пен 36 жалпы экономикалық тиімділігі 100 млн теңгеден артық оңтайландырғыштық ұсыныстардың авторы. 130 ғылыми еңбегі бар. А.Күленовтың шығармашалық және жетекшілік қабілетінің арқасында әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет құрамында қорғасыны бар шикізатты мүлде жаңа өңдеу тәсілі КИВЦЭТ – үдерісінің қондырғысы жасалып, меңгерілді. А.Күленов өндіріс қалдықта­рынан сирек кездесетін металл өндіруді ұйымдас­тырушылардың бірі. 1985 жылы жартылай металл шикізаттарын кешенді пайдалануды арттыруға мүм­кіндік беретін өте тиімді экстрациондық үдерістерді әзірлеп, енгізгені және Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында сирек кездесетін металл өндіргені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.1994 жылы өндірісті басқаруда ерекше сіңірген еңбегі үшін, әлеуметтік мәселелерді шешудегі қосқан зор үлесі үшін А.Күленовке Халық қаһарманы атағы беріліп, Алтын жұлдыз тапсырылды.


 Ұлы Отан соғысы кезінде Бас штабтың арнайы тапсырмасымен Украина жерінде партизан отрядтарын құрып, «Вася» деген атпен атағы шыққан соғыс ардагері Қасым ҚАЙСЕНОВ 1995 жылдың 24 сәуірінде Халық Қаһарманы атағына ие болды. Бұл жоғары атақ Қасым Қайсеновке ІІ дүниежүзілік соғыста жау тылында көрсеткен көзсіз ерліктері үшін берілді. Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, аты аңызға айналған әйгілі партизан Қасым Қайсенов 1941 жылы қарашада Оңтүстік-Батыс майданның штабында, басқыншылардың қолында қалған Украина жерінде партизан отрядын құру бойынша арнайы тапсырмамен жау тылына түсіріледі. Ол жерде Қайсенов Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарды. 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Чехословакия, Румыния аумағында партизан қозғалыстарына қатысты. Соғыс аяқталған соң елге оралып, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің президиумы аппаратында жауапты қызметте болды. Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қасым Қайсенов соғыс кезіндегі партизандардың жанқиярлық ерліктері шынайы суреттелетін он шақты кітап жазып артына мұраға қалдырды. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілге аударылған. «Богдан Хмельницкий», «Отан соғысы», «Чехословакия партизандары», Украинаның «За заслугу» орден-медальдармен марапатталған.


 Халық қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші – Роза БАҒЛАНОВА. Роза апамыз өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Роза Бағланова осы ансамбль мен майдандарға гастрольге шығып, алғы шепте өнер көрсетіп, жауынгерлердің рухын көтерген. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысты. Соғыс пен бейбіт заманда халықты ерекше дауысымен жігерлендіріп, рух сыйлаған әншіге бұл атақ 1996 жылы табысталды. Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шетел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындайтын жезтаңдай әнші. 1946 жылы Мәскеуде өткен бүкілодақтық эстрада әншілер конкурсының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен бүкіл дүниежүзілік Жастар мен студенттердің фестивалінің лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы секілді ордендерімен, Шапағат медалімен марапатталған. 
  Халық Қаһарманы атағы 1995 жылы Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыш, генерал-майор Тоқтар ӘУБӘКІРОВКЕ берілді. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Ар­мавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1975-1976 жылы Мәскеу сынақ-ұшқыштар мектебін, одан кейін 1979 жылы Авиация институтын бітірген. Техника ғылымдарының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. 1976-1992 жылы Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның сынақ-ұшқыш міндеттерін атқарды. Осы тұста ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. Келесі жылы жүріп келе жатқан авиатасушы крейсердің бортына «МиГ-29к» реактивті ұшағын алғаш қондырған Тоқтар Әубәкіров болды. 
1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарышта өткізген мерзімі – 7 күн 22 сағат 13 минут. «Мир» орбиталық кешенінде қазақстандық ғарышкер биотехнология, металлургия, медицина салалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді, Арал теңізі басейніне ғарыштан зерттеу жасады. Содан кейінгі жылдарда Тоқтар Әубәкіров Қазақстан­дағы ғарыштық даярлығын зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. 1992-1993 жылдары ҚР Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993-1994 жылдары ҚР Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары лауазымдарын атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің 12 шақырылым депутаты, ҚР Жоғарғы кеңесінің 13 шақырым депутаты, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің 3-шақырылым депутаты болып сайланған. Қазақстан­ның – Халық Қаһарманы, Қазақстанның ғарышкер-ұшқы­шы атағын алды, Отан орденімен марапатталған. Бұған дейін Кеңес Одағының – «Герой Советского Союза» атағы (1988), «Золотая Звезда» медалі (1988), «Знак Почета» (1987), «Ленин» (1988), «Заслуженный Летчик-испытатель КСРО» (1990), «Летчик-космонавт КСРО» және «Октябрьская революция» ордендерімен (1991) марапаттталған. Сондай-ақ Австрия Республи­касының «Алтын Крест» орденімен 1988 және 1993 жылы екі мәрте марапатталды.


  1995 жылы Халық Қаһарманы атағына ие болған тағы бір ғарышкер – генерал-лейтенант Талғат МҰСАБАЕВ. 1974 жылы Рига азаматтық авиация инже­нерлері институтын бітірген. Қазақтың екінші, ал әлемнің 309-ғарышкері 1987-1990 жылдары азаматтық авиация­сында ұшқыш, ұшақ командирі қызметтерін атқарған. Техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев алғаш ғарышқа ұшқан (Союз ТМ-19) сапарында ғарышта 126 күн, ал 1998 жылы «Союз ТМ-27» ғарыш кемесімен екінші рет ұшқанда «Мир» стансасында 208 күн болды. Бір айдың ішінде ашық ғарышқа 30 сағат 8 минут шыққан ғарышкер ретінде Гиннес рекордтар кітабына кірген. 2000 жылы техника ғылымдарының кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін біраз жылдар Ресей ғарыш мекемесінде қызмет етті. 2005 жылдан бастап Қазақстан – Ресей бірлескен кәсіпорын «Бәйтерек» акционерлік қоғамының бас директоры болды. 
2007 жылы Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, 2014 жылдың тамызынан бастап ҚР Инвес­тициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 
Қазақстан Республикасының – Халық Қаһарманы (1995), «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы (1995) және «Герой Российской Федерации» атағы (1994), «Лётчик-Космонавт РФ» (1994) атағы, «Отан» ордені (1998), «Барыс» 1-дәрежелі ордені, «Астана» медалімен (1999); Ресей Федерациясының – «Дружба народов» ордені (1991), «За заслуги перед Отечеством» 3-дәрежелі ордені (1998), «За заслуги перед Отечеством» 2-дәрежелі орденімен; Австрия Республикасының – Австрия Республикасының орденімен, Америка Құрама Штаттарының – «Ғарышқа ұшқаны үшін» NASA медалімен (1998) марапатталған. 


Осыдан отыз жыл бұрын, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВ 1992 жылы ақталып, 1996 жылдың 9 желтоқсанында Халық Қаһарманы атағы берілді. Қайрат Рысқұлбеков 1986 жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне қатысқан. 1987 жылдың қаңтарында Рысқұлбековті Мойынқұм ауданында ұстап, оны желтоқсан оқиғасы кезінде алаңда қайтыс болған С.Савицкийдің өліміне кінәлі деп табады. Қазақ КСР-і Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы 1987 жылы 16 маусымда Рысқұлбековті ең қатаң жазаға кеседі. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы кеңесі президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ белгісіз себептермен Семей түрмесінде жатқан Рысқұлбеков құпия жағдайда қаза тапты. Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы соты пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. 1996 жылы оған Халық Қаһарма­ны атағы берілді. 


Қазақтың әйгілі күйші компо­зиторы, дирижері, қа­зақтың музыкалық мәде­ниетіне өшпес із қалдырған Нұрғиса Тілендиевке 1998 жылы Халық Қаһарманы атағы берілді. Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВ Мәскеудің П.Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін бітіргеннен кейін 1953 – 1961 жылдар аралығында қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етті. Одан кейінгі жылдарда қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде бас дирижер, көркемдік жетекші болды. 1964-68 жылдары Абай атындағы Опера және балет театрының директоры, 1968-81 жылдары Қазақфильм киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет істеді. 1981 – 1998 жылдары «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрін құрып, бас дирижер қызметін атқарды. 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы Нұрғиса Тілендиев қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. 

Сахна саңлықтары арасынан Халық Қаһарманы атағына ие болған – Қазақстанның халық әртісі, режиссер, қоғам қайраткері Әзербайжан МӘМБЕТОВ. Халық Қаһарманы атағы оған 1998 жылы қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Әзербайжан Мәмбетов 1970 жылы Қазақстанның, 1972 жылы Қарақалпақстанның және 1976 жылы КСРО Халық артисі атағына қол жеткізген сахна майталманы. 1952 жылы Алматы хореография училищесін тәмамдаған соң, 1957 жылы Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының (қазіргі Мемлекеттік театр өнері академиясы) режиссерлік факультетін бітірген. 1957 – 1995 жылдары Қазақтың мемлекеттік академия, драма театрында режиссер, директор, Мосфильм киносту­диясында стажер-режисер, Қазақфильм студиясының көркемдік жағын басқарушы, бас режиссер қызметтерін атқарған. 1981 жылдан бастап Қазақ театр қоғамының (қазіргі Қазақстан театр қайраткерлері одағының) төрағасы, 1996 жылдан президенті болды. 1999 жылдан Ақмола облысы қазақ музыкалы драма театрының көркемдік жағын басқарады. Оның жетекшілігімен қойылған комедия, трагедия жанрындағы қойылымдар, либреттолары қашанда халықтың көңілінен шықты. Бірнеше көркем фильмнің режиссері. Отан, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. 


 Екінші дүниежүзілік соғыста алғашқы болып Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВҚА 1999 жылы 7 мамырда Халық Қаһарманы атағы берілді. Соғыс ардагері бұл атақты қан майданда көрсеткен ерлігі үшін алды. Рақымжан Қошқарбаев – Ұлы Отан соғыс ардагері, лейтенант, Берлин шабуылына қатысып, Жеңіс туын тіккен батыр қазақ туралы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте көп жазылған. Қызыл Армия Берлинді алған кезде ол өзінің взводымен алдыңғы шепте жүрді. Король алаңына, «Гитлердің үйіне» бірінші болып жеткен барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаев арақашықтытығы 360 метр болатын Рейхстагка Жеңіс туын тігу туралы бұйрық алды. Ол өзінің жігіттерімен жауынгерлік бұйрықты бұлжытпай орындап, жауып тұрған оқтың астымен Рейхстагқа жетіп, Қызыл туды тікті. Рақымжан Қошқарбаев соғыстағы ерліктері үшін жауынгерлік Қызыл ту, 1 дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Берлинді алғаны үшін, Варшаваны азат еткені үшін медальдарымен мара­патталған. 
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін кезінде ерліктері КСРО тарапынан ескерілмей қалған бірқатар батырымызға құрмет көрсетілді. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қазақ қызы Хиуаз ДОСПАНОВАНЫҢ ерлігі бағаланып, 2004 жылы қазақтың батыр қызына Халық Қаһарманы атағы берілді. Хиуаз Доспанова ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан. Хиуаз Доспанова түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. 300 рет жауынгерлік ұшуға шыққан Хиуаздың ұшағына оқ тиіп 14 рет құлаған. Төрт мәрте ауыр жарақат алған. Фашистік Германиямен шайқаста көрсеткен ерліктері үшін ол Қызыл жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері және көптеген медальдармен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді. Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова 2008 жылы 86 жасында дүние салды.


 Халық Қаһарманы атағына екінші ие болған армия генералы Мұхтар АЛТЫНБАЕВ. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Респуб­ликасы Парламент Сенатының депутаты, армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа Халық Қаһарманы 2006 жылдың 6 ма­мырында берілді. Оның қысқаша өмір­баянына тоқталсақ, Армавир жоғары әскери ұшқыштар ӘШҚ училищесін 1977 жылы, КСРО маршалы Г.Жуков атындағы ӘШҚ Әскери командалық академиясын 1985 жылы бітірді. Саяси ғылымдарының кандидаты. тәуелсіздік алғаннан кейін Мұхтар Қапашұлы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес жаңадан құрылған егеменді мемлекеттің Қарулы Күштерінің қалыптасуына белсене қатысты. 1992 жылы ӘШҚ әскерлерінің қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, 1993 жылы Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, 1996 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болды. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды.

азақстанның ең жоғары, ең мәртебелі наградасы саналатын Халық Қаһарманы атағына Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде әр саланың ерекше еңбегімен көзге түскен 30-ға жуық үздік қызметкерлері, қоғам қайраткері мен соғыста ерлік көрсеткен батырлар ие болды. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовке Халық Қаһарманы атағын табыстады. Медицина ғылымының дамуына үлес қосқан академик Мұхтар Әлиев Халық Қаһарманы жоғары атағына ие болды. Әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін 2008 жылы Халық Қаһарманы атағы берілді. Сондай-ақ Халық Қаһарманы атағы Қарағанды ғылыми-зерттеу совхозы – ауылшаруашылығы институтының директоры Александр Христенкоға, РФ ұшқыш-ғарышкері Юрий Маленченкоға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Бақтораз Бейсекбаевқа, Алексей Кулаковқа, Мәулен Қалмырзаға, Мурдин Таиповқа, Қазақстанға еңбек сіңірген құрылысшы Аким Атмачидиге, академик, Қазақстан ҰҒА президенті Шафик Чокинге, өрттен адамдарды құтқарған қарулы күштер офицері Азамат Жумадиловқа, террористермен күресте ерлік көрсеткен полиция қызметкері Газиз Байтасовқа берілді. Тәуелсіздік жылдарында қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев, мектеп директоры Аякүл Мирзаева, «Интеграция» халықаралық қорының басқарма төрағасы Сергей Терещенко, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов сияқты қоғамға еңбек сіңірген азаматтарымыз Қазақстанның Еңбек Ері деген құрметті атаққа ие болды.