Басты  /  мақалалар  /  Соқыр сенімге арбалғандар

Соқыр сенімге арбалғандар

Айқын-ақпарат
1655
Соқыр сенімге арбалғандар ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының дәріс залында Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқарма «зерттеу және талдау орталығының» бас сарапшысы Құмашев Асхат Шеризатұлымен кездесу ұйымдастырылды.

Бірінші курс курсанттарыменөткен кездесуде соңғы кездері жақанда жиі айтылып жүрген «жихад» сөзі әңгіме болды.

Бүгінде  арабтың  бұл сөзіне  біздің  қоғамныңда құлағы  үйренді. Бірақ байыбына бармай жатып «жихад» десе шошитын болды, дүрлігетін болдық. Жер жүзінде жарылған  бомбалар  мен жанкештілердің  бей адами әрекеттерін жихад деп бағалайтын болдық. Өйткені, исламға күйе жаққыштармен әсіре діншілдер бұл ұғымды тек соғыспен байланыстыратынды  шығарды.

Қасиетті құранда жихад сөзі 35 жерде жазылғанымен, 4 жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Сондықтан соңғы кездері теріс ақпараттың  кесірінен көбі жихадты қару алып соғысу деп бір жақты түсінеді. Ал  исламтанушылардың  айтуынша,  жихад әуелі өзіңді түзету, ішкі дүниеңді жүрегіңді тазарту, болмысыңды қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыру, қысқасы нәпсіңмен әрдайым үздіксіз күрес деген сөз.

Алайда, кең ойламай, кем ойлайтын кейбір қандастарымыз қазір тар түсініктің шыңырауынан шыға алмай Отанын қорғап отбасын асыраудың орнына қолына қару алып шекара асты.

Бізбен әңгімесінде Асхат Шеризатұлы Сирия жерінде жүздеген қазақ азаматының жүргенін айтты. Олар ежелгі шам жеріне қалай кетіп қалды, қандай жолдар арқылы жетті?  Ол жерге балашағаларын шұбыртып шетелге шығып кетулеріне кімдер мүмкіндік берді?

Енді маманның деректеріне сүйене отырып біртіндеп түсіндіріп көрейік. Бізге белгілісі бұл отбасылар Сирияға бір уақытта бәрі бірдей өре түрегеліп көшіп кетпеген, әуелі біреуі кеткен араға бірер ай салып оның соңынан бірнешеуі ілескен.Бұны әлгі жастардың ата-аналары да растап отыр екен.

«Қандай жолдар арқылы кетті?» дегенге тоқталсақ. Олардың шекара бұзып теңіз кешкен ештемесі  жоқ, кәдімгі әуежай арқылы кеткен. Бұлар билетті бірінші Түркияға алған себебі, Қазақстан мен Түркия арасында визалық режим жоқ. Сапардың мақсаты деген бағанға туризм депкөрсетсең, болды. Одан қалды, бұлар жалғыз кеткен жоқ ғой, жанында әйелі құшағында бала-шағасы болды. Мұндайда кім жаман ойлауы  мүмкін Түркияға отбасымен кетіп барады,  бұларды ары кетсе, турист деп қабылдайды. Құзырлы органдағыларда солай ойлауы мүмкін. Бұдан түсінеріміз, Сирияға аттанғандар  өздерінің пейілдерін былайғы жұрт біліп қоймас үшін кішкентай жәудір көздерді бүркеніш ретінде пайдаланған. Қош сонымен «Шам» жеріне қалай кетіп қалғаны, қандай жолдар арқылы жеткенін түсіндіргендей болдық.

Әңгіме  барысында  бас сарапшы бұл отбасылар  не үшін кетті, бұларды кім арбады,  қалай құрыққа түсірді деген сияқты бірнеше сауалға жауап берді.

«... Не үшін кетті, не себепті?» деген сұраққа кейбіреулер әлеуметтік жағдайдың төмендігін алға тартады. Алайда, Сирияға кеткендердің көбі орта тап, енді бірі бай қуатты отбасынан  шыққаны анықталып отыр. Бұдан бөлек бұл топтың Сирияға дейінгі шығынын қандайда бір шейх, иә әмір көтермеген өздері қалтасынан төлеген. Арбауға қалай түсті? Осы сұраққа жауап таппақ болып Сирияға аттанғандардың әрқайсысын жеке-жеке зерттеп көргенбіз. Ешқандай діни оқу орнын бітірмеген, ешқайсысы керек десеңіз, көбісінің намаз бастағанына жылда толмаған. Бұл кісілерге ең алғашқы ұстаз интернет болған. Сол жерде намазды, оразаны қалай ұстау керек екенін үйренген. Сосын жылтың етіп шыға келетін сілтемені басып көрген, барлық  пәле осы жерден басталған. Ауғанстан, Шешенстан, Дағыстан соңғысы - Сирия. «Мұсылмандарды қырып жатыр, жойып жатыр» деген сарындағы сюжеттерді көрген. Одан кейін шат арқылы бұған біреулер  жазады,  жолығады, «ұлы уағызға» еліту осы кезден басталған. Мұндай уағыздар бір күнмен бітсе жақсы ғой, таңды - таңға ұрып тек осындай желіктіретін елітетін тақырыптар айтыла береді, тозақ кәпірлерді жою мәселесі ғана сөз болады. «Апта бойы осындай ғана әнгімені тыңдай берген адамнан ес кетеді» дейді мамандар. Сирияда жүргендердің екі сөзінің бірі -  жихад. Осы сөзді естіген кезіңізде көз алдыңызға не елестейді? Қару, соғыс. Бұл  жастарда солай түсінеді. Алайда, түпкі мағынасы басқа еді мұның. Дұрыс түсініктегі жихад – ол ең әуелі өзіңмен күрес бойыңдағы қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттермен күресу болып табылады», - дейді шекарашылармен әңгімесінде Асхат Құмашев.

Жалпы дін туралы, оның ішінде ислам діні туралы түсінігіміз жеткілікті деп айта аламыз ба? Өкінішке қарай, қоғамдағы кейінгі кезеңде көрініс тапқан келеңсіз оқиғалар керісінше жауап беруге мәжбүрлейді. Бүгінгі діни маманмен болған әңгімемізде көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап таптық. Олай болса, радикалды діни ағымдардың алдын алу үшін мұндай біліктімамандармен кездесудің маңызы зор.

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының баспасөз хатшысы