Басты  /  мақалалар  /  ЫРЗЫҒЫ – ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚТА

ЫРЗЫҒЫ – ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚТА

Айқын-ақпарат
1292
ЫРЗЫҒЫ – ЫЖДАҺАТТЫЛЫҚТА Алғаш рет Мереке Құлкеновтің өзінің жеке басын емес, көгілдір экрандағы бейнесін көрдім.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында қазақ телевизиясындағы жастарға байланысты бағдарламалардың бірін жүргізіп, өзінің ұстамдылығымен, алдындағы аудиторияны қиындықсыз меңгере білуімен жұрт назарына ілікті. Ол замандарда республикадан берілетін телевизиялық арналар қаралымы  қазіргідей мол емес, қалың көрерменнің көзін байлап, көңілін алаңдататын телеарна жалғыз-ақ, сол баяғы қазақ телевидениесі еді. Яғни, оның экранына шығып жүрген бейнелер көрермендерге жақсы танымал болып  қалатын.

Осылайша, өзінің тележурналистік қырымен жұртшылық назарына іліккен жас жігіт кейін уақыт өте келе жазушылық қы­ры­мен де көзге түсіп, жазу өнерінің қиын да қызықты соқпағынан табылды. Көркем әде­биетке тәуекел етіп келгеннен кейін, өз қолтаңбасын айқындап алу қай қаламгерге де оңайшылыққа соға қоймай­тыны белгілі. Мереке Құлкенов топыр­латып көп жазып тастайтын қаламгердің тобынан емес, бірақ әр жазғанына жауап­кершілікпен қарай білетіндігі оның сөз өнерін қалай қадір тұтатынын аңғартса керек. Бұл жағдайды жазушының «Жібек жел», «Таңғы самал», «Үрей» тәрізді санау­лы прозалық кітап­та­ры­на қарап, көз жеткізе ала­сыз. Қай шығар­масын алсаңыз да өзегінде өмір шындығы жататындығы, сөйлем құ­рау­­ға үнемі жа­уап­­­кершілікпен қарауға ты­ры­сатын­дығы замандас жазушының әде­биет­тегі ұста­нымынан хабар бере алады. «Үрей» про­залық шығармалар жинағы жа­йын­да көп заман бұрын білдірген пікірім со­дан бері қаншама уақыт өтсе де, әлі де сол күшінде.
Телевидение қызметінен ауысқан Ме­ре­ке Құлкенов мерзімдік баспасөз реда­к­ция­ларында көп жылдар лауазымдық жұ­мыс­тар атқарып, қазақ көсемсөзінің ай­ды­­нында өзінің азаматтық үнін, қалам­герлік ұста­ны­мын қалдырып отырды. Ел-жұртына пуб­ли­цист ретінде танылып, қоғамдық өмірдің жекелеген ділгір мәселелеріне қалам тарту­дан қаймыққан емес. Өткен ғасырдың сек­се­нінші жыл­дарында замандас қаламгермен бір ұжы­м да, атап айтқанда, «Қазақ әде­биеті» газе­тінің редакциясында қызметтес бол­удың сәті түсті. Жазушыны жақыннан айқы­ны­рақ біле бастаған тұсым да осы. Өзіне бе­ріл­ген тапсырманы қынжылмай, мұқият орын­­­­дауға тырысуы – жас буын журналис­тер­ге ғана емес, жекелеген заман­дас­тарына, қа­тарластарына да үлгі болатын.
Редакция басшылығы тапсырған жұ­мыс­­­қа жүрдім-бардым емес, ықыласпен қа­­­рап, берілген тапсырманы дәл де нақты орын­дауға тырысуы кейінгі буын өкілдеріне ға­на емес, қатарластарына да үлгі еді. 
Менің бағамдауымша, оның журна­лист ре­тінде әсіресе жарқырап көрінген тұсы мер­­­­зімді баспасөзде бас редакторлық қыз­мет атқарған жылдары еді. Кеңес импе­рия­сы тарайтынның алдында «Жа­лын» журна­лы­ның, одан кейін рес­пуб­­ликадағы ұлт жа­на­шырларының ор­га­ны тәрізді міндет ат­қарған  «Ана тілі», «Еур­Азия» газеттері мен республикалық «Таң Шолпан», «Бала би» журналдарының бас редакторы қыз­мет­­­терін атқара жүріп, қоғамдық жұмыс­тар­ды қатар алып жүрді. 
Осы беделді басылым беттерінде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мате­риал­дар­дың жиі орын алуы бас редак­тордың аза­мат­тық позициясымен толық қабысып, үн­десіп тұрды деп айтуға болады. «Ана тілі» га­­зет­інде заманауи өзек­ті мәселелер жө­нін­де жариялаған кө­семсөз үлгілері мазмұндық тереңдігімен де назар аударады.
Баспасөздің рөлі күшті, жазылып алу­шы­лар санының әлі олқы түсе қоймаған ке­зінде аталған басылымдар халықтық дең­гей­дегі үлкен мақсаттардың үдесінен шы­ғып жүрді. Жалпы басылымды дұрыс ұйым­дыстыра білудің машақаты мен рухани ләз­заты өз алдына үлкен әңгімеге лайық қой.
«Ана тілі» газетінде оқырман қауы­м­ның жа­дында жақсы сақталған шара­лардың бірі бір­неше жыл бойы қатарынан өткізіліп тұрған  «Ана тілі» аруы» атты байқау еді. Бұл шараның ең мәйекті де маңызды жері – қазақ тілінің жандануына, қазақтың ұмы­ты­ла бастаған салт-дәстүрі мен әдет-ғұ­р­пын жаңғыртып отыруына байланысты бол­­ғаны анық. Бір ауыз сөзбен айтқанда, осы шаралар қазақтың қазақ болып қалуы үшін ұлттық идео­ло­гиямызға қосылған үлес болып саналды десем, асыра бағалағандық болмас. Өйт­кені табиғатынан ұлтжанды, қай­раткер журналистің бұл бағыттағы жос­пар­лары қалың қауымның көңілінен шық­қа­ны сөзсіз. 
Өз қаламының қуатын драматургия са­ла­­сында да байқап көрген Мереке Құл­ке­нов­тің өзі үшін жаңа жанрды игерудегі бұл қа­дамы да сәтсіз болған жоқ. Оған дәлел – атақ­ты ақын Махамбет Өтеміс­ов­тің шие­леніске толы трагедиялық өміріне арналған «Бас» драмасының ҚР Мәдениет минис­тр­лігінің екінші дәрежелі жүлде­сі­мен атап өтілуі. Осы арада қаперге сала кеткеннің артығы болмас, драматургия дегеніміз – кез келген қаламгердің илеуіне көне қоймай­тын, жалына қол апартпайтын асау жанр. Бір қарағанда оңай көрін­генімен, оның жан­рлық талап­тарының үдесінен шыға білу­дің қаншалықты оңайға түсе қоймай­тын­­дығын өзге қа­лам­герлердің жекелеген тә­жіри­бе­лерінен білеміз.
Ал Мерекенің бұдан кейін өмірге келген «Махаббат мұнарасы», «Жәңгір хан» атты пьесалары белгілі прозашыдан тәп-тәуір драматург шығатынын иша­ра­лағандай еді. Бірақ көптеген ұйымдастыру жұмыстары алдынан күтіп тұрған қалам­гердің драматур­гия­ның соңынан шам алып түсуіне мүмкін­дігі шектеулі болды ғой деп жобалаймын. 
КСРО сияқты алып империяның ыды­рау­ына орай келген ел тәуелсіздігі ұлт зиялыларының алдынан жаңа мүмкін­діктер ашты. Ғылыми ойлар аумағында «ақтаң­дақ­тар» аталып кеткен кезеңдерді зерттеу жұ­мыс­тары жазушыдан азаматтық бел­сен­ділікті талап еткендей болды. Осыған дейін беттерін шаң басып, қалың жұртшылықтың назарынан тасаланып жатқан деректерді аршып жеткізу жұ­мыстары азат елдің ұр­пағы алдындағы қасиетті парыз екендігін те­рең түсініп, осы мәселеге белсене кіріскен зия­лылардың қатарында Мереке Құлкенов те жүрді. Оның «Халел Досмұхамедовтың өмі­рі мен қызметі», «Қазақстан» деп ата­ла­тын еңбектерінің және т.б. публ­ицис­ти­ка­лық шығармаларының сәтті шығуы осын­дай табан ақы, маңдай тердің нәтижесі деп біл­геніміз абзал.
Бір ауыз сөзбен  айтқанда, Мереке Құл­ке­нов – көркем әдебиетпен қатар, қазақ көсемсөзін де дамытуға үлес қоса отырып, ұлт мүддесі жолындағы қоғамдық өзекті ша­­раларды ұйымдастырып, бұл тарапта да өзінің азаматтық позициясын айқындап ке­ле жатқан алғыр заман­дасымыз.  


Нұрдәулет АҚЫШ,
филология ғылымдарының докторы