Басты  /  мақалалар  /  Текті жердің ұрпағы

Текті жердің ұрпағы

Айқын-ақпарат
1526
Текті жердің ұрпағы «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясының Бас директоры Алмат Тұрсынов хақында

Әке ғибраты
Журналистік қызмет бабымен өткен отыз бес жылға жуық мерзім ішінде Қос­танай өңірінің барлық аудандары мен қалаларын араладым. Әрине, олардың әрқайсысының өзіндік орны мен ерекше­ліктері бар.
Дегенмен де, мен үшін Қарасу қашан да ыстық көрінеді. Осы ауданның адам­да­ры­мен туған-туысқанымдай араласып кет­тім. Өткен жылдары аталған жерде бүкіл өмірін Қазақ еліне арнаған абыз қарттармен жүз­десіп, олардың ғибратты сөздерін естідім. 
Сол қадірменді ақсақалдардың ара­сында Жанәбіл аға өзінің салмақты сөзімен, байыпты да өнегелі мінезімен кімді болсын бірден баурап алатын. Осы ардақты тұлға бүкіл саналы ғұмырын туған жерін көр­кейтуге бағыштады. Талай жауапты қыз­меттерді атқарып, еңбегімен кейінгілерге үлгі көрсетті.
Сонау Ұлы Отан соғысы кезінде жап-жас жігіт қанды майданның бел ортасында болды. Сөйтіп, өзінің батылдығы мен қайсарлығын танытты. Қазіргі Қарасу ауданының мәртебесі биік, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы барлық күш-қайратын аямай жұмсады.
Ол біз секілді інілеріне де ерекше іл­типатпен қарады. Сол өңірге барған сайын ақсақалға арнайы сәлем беріп, кішілік ізетімді білдіретінмін. Ағамыздың жүзі сол кездері жадырап, елдегі жаңалық пен өзгерістерді жасырмай баяндайтын. 
Өзім осы киелі шаңырақтың перзентінің бәрін дерлік білемін. Бүгінгі кейіпкерім Алмат Жанәбілұлымен де ағалы-інідей сыйласамыз. Сол алғаш кездескен уа­қыттың өзінде оның кіндік қаны тамған өңірге деген ерекше жанашырлығын, патриот­тығын айқын сезетінмін. 
Оның сөйлеген сөздерінен әке мен ананың тағылымды тәрбиесі көзге ұрып тұратын. Қазақы тәрбие алған жігіт өзімді қашанда жылы жүзбен қарсы алып, ілтипат танытатын. 
Ол кәсіпкерлікпен ерте айналысты. Заман мен уақыт тынысын тамыршыдай дөп басып, құрдастарының арасында іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Есімі күллі елімізге мәшһүр болды. 
Бұл күндері бауырымыз «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясының басшысы. Алайда Алмат өзін басқалардан жоғары қойған емес. Ең бастысы, асып-тасу дегенді білмейді. Өзін қашанда бірқалыпты ұстайды. Мұның бәрі де кезінде отбасында қаланған игі тәрбиенің жемісі. 

Қарасуды жер жәннатына балайды
Баршаға мәлім, еліміз егемендік алып, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мере­кесін тойлағалы отырмыз. Егер мем­ле­кетімізді өзге алпауыт елдер мойындап, бізден үлгі алып жатса, ол ең алдымен Елбасының көрегендігі мен кемеңгер саясатының арқасы. 
Президенттің бастамасын күнделікті жұмысында қолдап, оған дер кезінде үн қосып жатқан туған жердің марқасқа жігіттері де аз емес. Солардың бірегейі бүгін әңгімемізге арқау болып отырған – қостанайлық Алмат Жанәбілұлы Тұрсынов. 
Ол үшін киелі мекен Қарасу – жер жәннаты. Сондықтан да оны түлетіп, мәртебесін асқақтатуды өзінің перзенттік парызы деп санайды. Жұмыс бабымен алыс сапарға шықса, қайта оралғанша бойын жерге деген сағыныш билейді.
Қазақ «көз қорқақ, қол батыр» дейді. Сонау 90-жылдардың бел ортасында республикада ауыл шаруашылығы саласын оңтайландырып, осы арқылы оны тиісті деңгейге көтеру жайы қолға алынды. Сол кездері Алмат белді бекем буып іске кіріскендіктен «Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компаниясы құрылған. (Басы 2 бетте)
Нақтылап айтатын болсақ, ол 1996 жыл-тын. Міне, содан бері де арада аттай 20 жыл зулап өте шықты. Осы кезең ішінде Алмат Жанәбілұлы басқаратын ұжым тек астықты Қостанай облысына ғана емес, барша Қа­зақстанға кеңінен танылды. 
Компания басшысының бойындағы бар­лық асыл қасиеттері жарқырап көрініп, үлкен ұжым қысқа мерзімде ауыл шаруа­шы­лығы тауарларын өндіретін бірден-бір ірі кәсіпорынға айналды. 
Алдағыны болжай білетін дарынды жігіт астық өсіру мен ет өндірісін нығайтуға байланысты бірқатар тың жобаларды қолға алып, оның мүмкіндігін айналасына іс жүзінде дәлелдей білді. 
Табыс ешқашан да маңдай терсіз келмейді. Ол үшін де қаншама ойланып, толғанды. Сан саланы қамтитын кәсіпорын жетекшісі туған республикамызбен қатар, алыс-жақын елдердегі іскер азаматтармен де тығыз байланыс жасады. 
Мемлекетімізге танымал агроөнеркәсіп­тік кешен қазіргі таңда бітік егін өсірумен бірге, көрген көзді қуантар асылтұқымды малды да ұстайды. Оның қарамағындағы мамандар «Мал баққанға бітеді» деген қағиданы берік ұстанады. Алмат өзіне де, өзгеге де жоғары талап қояды. Соның ар­қа­сын­да компания жылдан-жылға жоғары та­бысқа жетіп, дайындалатын тауардың са­пасы әрдайым тұтынушының көңілінен шығады. 
Осы арада үлкен компанияның құра­мын­­да астық өсіретін 9, тікелей мал бор­дақылайтын 6 ірі шаруашылық, жоғары сапалы ұн өндіретін 2 кәсіпорын және ет өндірумен айналысатын «Қарасу-ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. 
Бұлардың барлығы да қазіргі заман талабына сай келетін өндірісі қуатты ба­за­мен және ауыл шаруашылығы қондыр­ғы­ларымен қамтамасыз етілген. Бұл жө­нін­де кезінде беделді басылымдарда жазылып, теледидарлардан көрсетілген еді. 
Тың ізденіс – табыс кепілі 
Жоғарыда баяндалған ком­па­нияға қарайтын ұжымдарда болған кісілер қаншама тың ізденісті өз көздерімен көріп, көңілдеріне түйері хақ. Зерделі қауымға белгілі, жалпы елімізде астық өсіру­мен қатар мал шаруашылығын өр­кендетуге де айрықша назар аударылып жатыр. 
«Қарасу» сауда-өнеркәсіптік компа­ниясының негізгі табыс сыры – уақыттың тамырын дөп басып, соған дер кезінде үн қосуында, істің көзін тауып, бас дирек­тордың білікті кадрларды орта мақсатқа жұдырықтай жұмылдыра білуінде десек орынды болар. 
Осы арада мына бір жұртшылық наза­рын аударар жайға да азды-көпті тоқ­тала кеткеніміз жөн шығар. Бұл күн­дері ком­панияның шаруашылығында 6 мыңға жуық асылтұқымды ірі қара күтімге алынған. Әу бастан етті болып келетін ақ бас сиырдың салмағы орта есеп­пен 400 келіге жетеді. Содан кейін оларды ком­панияның Қос­танай қаласындағы ет өңдеу кешеніне жеткізеді. Осы арада бір ғана «Қараман-К» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қарайтын мал бор­дақылау алаңында 3 мың қара мал бағымға алын­ғандығын тілге тиек етсек, көзі қа­рақты оқырман көп жайды түсінер деген үміттеміз.
Әрине, іскер азамат жайлы әңгіме қоз­ғағанда ол басқаратын компанияның құ­рамындағы «Қарасу ет» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі мал өнімдерін өңдейтін, ет, шұжық және консерві шығаратын бірден-бір ме­ке­ме. Ол жерде бір ауысымда 35 мың кон­серві, 10 тоннаға жуық шұжық, тар­тылған ет және басқа да жұрт тұтынатын тағамдар әзір­ленеді. Бұл ұжымда тәулігіне 24 тон­наға дейін өнім шығарып, сатуға то­лық жағ­дайы бар. 
Аталған жауапкершілгі шектеулі серік­тестіктігі бұл күндері шұжықтың 140 түрін шығара алады. Сонымен қатар дастар­қанның сәні мен берекесін келтіретін қазы-қарта, жал-жая, консервіленген, оралған ет өнімдері де жеткілікті. Жалпы, мұнда жылына 900 тон­на өнім өнідіріледі екен. 
Осы арада мына бір жайға да айрықша на­зар аудара кеткеніміз жөн секілді. Бұл да көпшілікті елең еткізері сөзсіз. Себебі, компания 2011 жылы Қарасудың түбіндегі Қараман ауылында органикалық қал­дық­тар өңдейтін кешенді де іске қосқан-ды. 
Ол Қазақстанда ешбір баламасы жоқ өндіріс орнында жылына 800 мың текше метр электр қуатын өндіруге қауқарлы. Қара­пайым тілмен айтқанда, кә­дімгі мал қиын далаға тастамай, одан тоқ өндіріп отыр. 
Өз елінің нағыз патриоты
Кәсіпкерлікпен тікелей айналысып келе жатқан азаматтар бизнестің әлеу­меттік жауапкерлігі дегеннің халық үшін ерек­ше маңызын түсінеді. Өйткені, мем­лекет басшысы оған айрықша назар ау­да­рып отыр. 
Кейіпкеріміз Алмат Жанәбілұлы Тұр­сынов әрқашан да жұртшылқтың қамын ойлайтын қамқор жан. Туған елінің нағыз патриоты. Соңғы біраз жылдың бедерінде өзі басқаратын іргелі компания салауатты өмір салтын жандандыру мақсатында бірнеше жаңа спорт кешенін тұрғызды. Өйткені, Бас директордың өзі жастайынан спорт десе, «ішкен асын жерге қоятын» шы­мыр да әбден шыныққан жігіт. 
Сондай-ақ ол жерлестерінің күнделікті өмірінде ерекше орын алатын балабақша, мектеп, ойын-сауық орталықтарын, тұр­ғын үй құрылысын, мейрамханалар салуға да қаржыны аяған емес. Ол қашанда «алтын алма, алғыс ал» де­­­­ген қағиданы берік ұстанады. Еңбек ада­мы табысты да жемісті, әрі алаңсыз жұ­мыс істеуі үшін оларға қолайлы жағ­дай ту­­ғы­зу керек деп есептейді. 
Міне, осындай қамқорлыққа бөленген өз саласын жетік білетін мамандар жыл өт­кен сайын табыстарын еселей түсіп, мем­лекетіміздің экономикасын өркен­де­ту­­ге атсалысып жатыр. 
Алмат Жанәбілұлы өнегелі отбасының ие­сі. Жан-жары Сәуле екеуі төрт қыз бен бір ұлын кішкентайынан ұлттық рухта тә­лім-тәрбие берген. Алдыңғы перзенттерін құт­ты же­ріне қондырды. Бір қызы мек­теп­ті Алтын белгімен аяқтап, таңдаған жоға­ры оқу ор­нына түсті. Ұлы да мектепті тә­мәм­­­дап, ата-анасының сенімін ақтауға тал­­пынып келеді. Сүт кенжелері әлі өз­де­рі­мен бірге тұрады. 
Міне, кезінде кешегі майдангер, Қара­су­­дың бәйтерегі атанған Жанәбіл ағамыз өз­­ге ұлдарымен қатар осы Алматтан да үл­кен үміт күтетін. Әкенің тілегі толы­ғы­мен орындалды. Бұл күндері осы перзенті ха­лық алдында өте беделді. Тәуелсіз елі­міз­­дің Қостанай өңіріндегі бір тірегіне айна­л­ды. 
Қазақтың барлық кәсіпкер жігіттері дәл осы Алматтай болса, егеменді мем­ле­ке­­ті­міз­дің мәртебесі бұдан да асқақтап, абы­рой-беделі барынша шарықтай түсер еді. Туған же­рін түлетіп отырған інімізді алдағы уа­қыт­­­та да тек алғы шептен көргі­міз келе­тін­ді­гін жасырмаймыз.

Шоқан Әмірханов, досы:
– Алматты кішкентай кезінен білемін. Биыл ердің жасы 50-ге толды. Екеуміздің әкеміз көңілдері жарасқан дос болды. Үлкен компанияның басшысы болса да әлі күнге дейін туған бауырдай сыйла­са­мыз. 
Ол мектепте орысша оқыса да, әрдайым тек ана тілінде сөйлеуге тырысады. Қа­зақылығы мен ұлтжандылығы кейінгі­лер­ге өне­­ге боларлықтай. Туған жерінің мақ­та­­ны­шы деуге әбден тұрарлық. Адами қа­сиет­те­ріне келсек, кішіпейіл әрі иман жүзді. Өзі­нің мүмкіншілігі болса да, бала­лық шағының ізі қалған Қарасуда ғұмыр кешіп жатыр. Бұл оның қара­па­йым­дылығын көр­се­теді. Өзі жергілікті мешіттің жана­шы­ры. Есімі өңірге белгілі меценат. 
Оразалы ЖАҚСАНОВ