Негізгі бет  /  мақалалар  /  АДАМ ҚҰҚЫҒЫ АЙРЫҚША НАЗАРДА

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ АЙРЫҚША НАЗАРДА

Айқын-ақпарат
868
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ АЙРЫҚША НАЗАРДА Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның алқалы жиынына қатысты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығына және Халықаралық адам құқықтары күніне арналған іс-шараға Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов, Бас прокурор Ж.Асанов, БҰҰ Даму бағдар­ламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Н.Шимомура, Еуропалық одақтың Қа­зақстандағы өкілдігі басшысы Т.Христеа, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдар­ламалар офисінің басшысы Д.Сабо қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сө­зінде Қазақстан Президенті демокра­тиялық институттарды, БАҚ-ты дамыту, азаматтарымыздың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау – тәуелсіз Қазақ­станның дамуының маңызды шарттары деп көрсеткенін айта келе, оның адам құқықтарын қорғау саласында барлық азаматтық қоғам институт­тарымен сын­дарлы және әріптестік ынтымақтастық орнатуға ерекше мән беретінін жеткізді.
Г.Әбдіқалықова Қазақстан Рес­публикасының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуы қарсаңында адам құқықтары саласындағы мәселелерді талқылау айрықша өзекті екенін айтты.
Отырысқа қатысушылардың баян­дамалары мен сөйлеген сөздерінде Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы мен қолданыстағы заң­да­рында кепілдік берілген адам құ­қықтары мен бостандықтарын іске асыру, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін халықаралық стан­дарттарға сай жетілдіру мәселелері талқыланды.
Алқалы жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының бес институттық реформасының, сондай-ақ Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттардың құқық қорғау тетіктерін жетілдіру мен адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы ерекше маңыз­дылығын атап көрсетті. Талқылау бары­сында сөз сөйлеген халықаралық және отандық сарапшылар Қазақстан­дағы құқық қорғау тәсілдеріне оң баға берді.
Соңында Мемлекеттік хатшы БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы, Астанадағы Еуропалық одақтың өкілдігі мен ЕҚЫҰ-ның бағдарламалар офисі сияқты халықаралық инсти­туттарға, сондай-ақ үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарына адам құқықтарын қорғау саласындағы сындарлы ын­тымақтастық үшін ризашылық білдірді.