Басты  /  мақалалар  /  БІРЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТІК

БІРЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТІК

Айқын-ақпарат
3286
БІРЖАН БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТІК Биіктік. Бейбіт күндегі бейқам көзбен қарасаң, бұл – кәдімгі құзар шыңы көкке қол созған тау немесе жапан түзде жантайып жатқан жауырыны жалпақ жота.

Ал соғыс жағдайында осынау «биіктік» деген бір ғана сөздің әскери мағынасына қасыреті қалың қаншама мазмұн сыйып кетер еді.

Тасасынан тажал төнген биіктікті бағындырсаң – жаудың беті қайтып, майдан шебі алға жылжиды, ал бағындыра алмасаң – жігерің мұқалып, жер жастанғаның. Қарыс қадамға қадалып, жан алысып, жан берісу де – сол үшін. Сондықтан да, биіктіктің мұндағы мәні – қарша бораған ажал оғы мен қиямет оты, қызыл қан мен көз жасы, ерлік пен өрлік, өмір мен өлім, қазаның азабы мен жеңістің кермек дәмі... Бірақ, өкіндіретіні – жанқиярлықпен бағындырылған сол биіктердің «бағасы» өзін-өзі ақтап па еді?!.

Бұл – Ауғанстан жеріндегі талай биіктік басында болған қанды қақтығыстарды көріп, кеңес өкіметінің осы бір қисынсыз қателігін көңіліне түйген Біржан Белғара бауырымыздың айтылмай кеткен ойы іспетті...

Ал егер тіршіліктің өзін теңеу дейтін көркем ұғымға сыйдырсақ, ол да бәсекелі биіктіктерден тұрмай ма? Оларды бағындырудың да сарсаңға салар сан салмағы бар. Алайда, кей кездері жанталасып, биіктік деп бағындырғанымыздың өзі томпиған төбе ғана болып шығатыны немесе аласұрмай-ақ, шынайы биіктің шырқау шыңына шыққанымызды өзіміз сезбей қалатын сәттеріміз аз ба?

Десек те, осынау өмірде еңсере алған әрбір белесімізді бір-бір биіктік деп қарасақ, Біржан бауырымыз өзінің қысқа болса да, жарқын ғұмырында талайымыз қолымызды тұрмақ, көзімізді де жеткізе алмаған биіктерді бағындырып кеткен сияқты...

Жаны нәзік жаужүрек

Жамбыл облысы Талас ауданының С.Шәкіров атындағы ауылында дүние есігін ашқан ол он екі ұл-қыз өрбіген үлкен отбасынан шыққанымен, бала жасынан Шынбике әжесінің бауырында өскендігінен шығар, Байғара әкей мен Мәйкөн шешемізді «тәте-жеңеше» атап кеткен екен. Кейіннен ұшқан ұясына қайта оралып, ата-анасына қарасып, бауырларына бас-көз болып жүргені де зерек те жігерлі болып, ер жеткен оның ерте есейіп, жауапкершілік жүгін жастай сезінгендігін аңғартса керек.

Тіпті, жүрегінің түгі болса да, жаны нәзік текті ұлдың жақындарын аялап, жандарын жаралағысы келмегендігінен болар, әскери борышын өтеуге ауыр шайқастар жүріп жатқан ауған жеріне түскені туралы бастапқыда әскери мекеме жасырып бақса, кейіннен өзі де туыстарына тіс жаруға құлықты болмаған көрінеді. Әуелі анасының өзі баласының екі жыл бойы оқ пен оттың ортасында болып қайтқанын кейіннен кездейсоқ білген. Тіпті, бірге оқып, қатар жүрген жылдар ішінде рухы биік, намысы берік, ақжарқын досымыздың соғыс жайынан сөз қозғап, ол туралы естеліктерімен бөліскенін өз басым ешуақытта естімеппін...

Қоғам өміріне мектеп жасынан араласып, баспасөзге белсене үн қосып үлгерген ол кәмелетке толған кездің өзінде-ақ дайын тұрған журналист екен. Бірақ, мектептен кейін белгісіз себеппен өзге мамандық бойынша ресейлік бір жоғары оқу орнына түсіпті. Алайда, әскерден оралған соң көңілі қаламаған кәсіпті игеруден бас тартып, жанына жақын журналистикасын меңгеруге КазГУ-ге келеді.

Сөйтіп, бәсекелі ордадағы білім бәйгесіне жастығына қарамастан, өмірлік тәжірибесі толысқан, өзіндік қөзқарасы қалыптасқан азамат болып қосылып еді.

Жолбарыстай топ бастап...

Бекзат болмысына тән алғырлығы мен ашықтығы, батылдығы мен бауырмалдығы оны студенттік ортада ерекшелендіріп тұратын. Тамаша таланты мен қағылез қабылеті арқылы аламанды бастай алатын шын арғымақ екенін де көп ұзамай айналасына мойындатып үлгерді. Терең білімі мен қажыр-қайратына сүйеніп, тек қана алға ұмтылатұғын. Тіпті, қайсар мінезі мен өткір өжеттігі «мен» деген талай мықтының мысын да басып тұратын.

Арғымақ демекші, курсымызға бір топ ұл-қыздармен бірге дайындық бөлімінен келіп қосылған ол алғашқы күні-ақ тобымыздың старосталығына ұсынылған-ды. Бірақ, балалық шалалығымыз шығар, күндізгі бөлімге бірден түсу бақыты бұйырғандар «сельхозкада» бір-бірімізге етене бауыр басып үлгергендіктен, «подкурсниктерге» бастапқыда жатырқай қарап, оның сайлануына белсене қарсы шыққандардың бірі мен едім.

Кейіннен, қателескенімізге көзіміз жетпек тұрмақ, жолбарыс бастаған топ мүшелерінің де жолбарысқа ұқсап бой түзей бастайтындығындай, тізігінді қолына алып, ыстық-суығымызға төзіп, бірге бөліскен Біржандай адал да адуын топбасшымыздың арқасында біз де жалымызды күжірейтіп жүруге жарап едік. 

Қазір ойлап отырсам, көпшілігіміз жастықтың жайлауын алаңсыз аралап, балдәуреннің бал дәмін армансыз татып жүрген сол бір шақта Біржан еркелеуге де, еркінсуге де өзіне өзі ешқашан ерік бермеген екен. Өткіншіге бой алдырмай, біз үшін алыстардағы елестей, қол жеткізу мүмкін еместей болып көрінетін әлдебір биіктерді бағындыруға батыл талпыныс жасап жүретін. Сондағы балғындау санамызбен оның арманының асқақ, мақсатының биік екенін саралаппыз ба?..

Өмірден ұққаны ма, әскерде шыныққаны ма, әйтеуір уақыт шіркінді сағызша созбай, шұғыл шешім қабылдап, шалт қимылдай білетін Біржан қай мәселеге де маңызына қарай басымдық бере білудің шебері еді. Бұл ретте талайымыз тәуекел ете алмайтын бірқатар өмірлік сұрақтарды да оңтайлы шешті.

Көпшілігіміз оқу бағдарламасымен ғана әлек болып жүргенде, ол нысанаға алған барлық мақсаттарын қатар игеріп жүргені анық. Әуелі, өмірге ертерек бейімделіп, «үйі жоқтың күйі жоқ» екендігін мықтап ескергендігі ме, курстастар арасында алғашқы болып өз баспанасына қол жеткізген де осы Біржан еді.

Алғашқы курстарда-ақ «Жетісу», «Өркен» сияқты басылымдарда қызмет етіп, теориялық білімін тәжірибемен барынша ұштастырып жүрді. Ертерек отау құрды, сәбилі болды. Сөйтіп, отбасы алдындағы жауапкершілігін алдыңғы орынға шығарғаны ма, әлде жас мемлекетіміздің қалыптасу үрдісіне үлес қосуға өзінің пісіп-жетілгендігін сезінгені ме, сырттай оқу бөліміне ауысып, біржолата мемлекеттік қызметке араласуға бел буды.

Жанашыр болып жөн іске

Алғаш Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетке қатардағы маман болып барған ол бұдан былайғы еңбек жолында бірқатар салалық министрліктер мен мемлекеттік мекемелерде жемісті жұмыс жасап, түрлі басшылық лауазымдар атқарды.

Қандай қызметте жүрсе де, ел мүддесіне, ұлт тағдырына қатысты кез келген мәселеге ұсақ-түйек деп қарамай, бұқараға бағытталған баянды бастамалардың шынайы жанашыры бола білді. Бастаған ісіне жанын салып, жүйелі жүргізетін ол кіріскен шаруаның шын мәнісінде шырайы кіретін. Әдемі де мәнерлі сөзбенен «тау тұрғызбай»,  салиқалы сөзін ілкімді ісімен дәлелдеп, жарқын жаңалықты жаһанға жөнімен және жарасымды жарқырата білетін Біржан болатын.

Білікті басшы, мемлекетшіл тұлғаға айналып, өзі араласқан әрбір игілікті іске халықтың мәдени-тарихи құндылығы деп қарап, мемлекеттің баға жетпес қазынасы ретінде бағалаған ол өзінің қажырлы іс-әрекетімен шын мәнінде ұлтының патриотына айналып еді.

Белгілі публицист-қаламгер ретіндегі қазақ журналистикасының алтын қорына қосқан оқшау ойлы, санаға сілкініс салар сүбелі дүниелері – өз алдына бір төбе. Кейіннен филология ғылымдарының кандидаты ретінде ғылымға да тереңдей зейін қойып, осал тұсымыз болып тұрған ана тіліміздің мәселесін баспасөзбен үндестіре зерттеп, өміршең нәтижелерін тәжірибемен сабақтастыра білді. Оның тау төңкерердей тұлғалық табандылығы да әсіресе осынау тіл мәселесінде анық аңғарылған.

Білмегенге кінә артып, үйренбегенді жата жазғырмай-ақ, нақты бастамаларға батыл кірісіп, байыппен жүзеге асыра бастады. Бірнеше жыл қатарынан Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығын басқара жүріп, тілші-ғалым ретінде қазақ тілін жедел үйренудің оқу-әдістемелік кешендерін жасады. Мұнымен шектеліп қалмай, тілді оңтайлы оқытудың Тұжырымдамасын тізіп, Стандартын сәйкестендіріп, Типтік бағдарламасын белгілеп берді.

Осындай қажырлы да қарымды қадамдарымен-ақ білмегеннің білуге ынтасын оятып, үйренбегенді үйірге қосып еді. Қала берді, осындай орасан еңбегімен мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің мәртебесін лайықты деңгейдегі беделді биікке көтеріп, осы салада өзінің өшпес те өрнекті ізін қалдырып кетті десем, артық айтпаспын.

Өмірдің өзіне өктемдік еткендей...

Қайсыбір қиындықты дереу тізгіндеп, тығырықтан жол тауып, ахуал атаулыға үстемдік ете алатын Біржанның бойындағы даралығы - кең мағынадағы қожайындық қасиеті еді. Әсіресе өз еліміздегі, өз жеріміздегі өгейліктің кез келген көрінісіне ымырасыздығымен ол, қажет болса, кейде өмірдің өзіне өктемдік етуге даяр тұрғандай әсер қалдыратын. Тіпті, осындай асыл мұратты барша қазақтан күтетін Біржанның оттай жүрегі «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!» – деген жалынмен буырқанып тұрғандай көрінетін.

Дәл осы тұста өмірімді күрт өзгертті демесем де, өмірлік көзқарасыма айрықша әсер еткен сонау студенттік шақтағы есімнен кетпес екі естелік ойыма оралды...

Соңғы курста отау құрып, баспана тауқыметін шындап тартқан кез тұғын. Пәтер жалдауға жағдай жоқ. Оқу орнымыздың отбасылы студенттерге арналған екінші жатақханасын қанша жағаласам да, көккөз коменданттың жылы қабағына жарымадым. «Күрделі жөндеуге жабылады» деп, жартылай бос жатаққа жолатар емес. Қыс болса, қылышын қайрап, қорада тұр.

Осылай тығырыққа тіреліп, әбден діңкелеп жүргенде бір күні Құдай айдап, Біржанның жолыға кеткені. Еңбекке араласып кетсе де, бөпелі отбасымен осында тұрып жатқан кезі еді. Жұмысына асығып тұр екен, жайыма жылдам қанықты да:

  • Кешке кел. Көреміз, - деп, қысқа қайырып, кете барды.

Кешке коменданты құрғырды қайдан тауып, қалай көндіретінімізге көзім жетпесе де, «көреміз» деп, сенімді айтқан жалғыз сөзі жанымды жылытып, уәделі уақытта ұшып жеткен едім. Әдеттегісіндей аңқылдай қарсы алып, асқа отырдық. Кішкентай Басикосын – Ақберенін алдына алып, әңгіменің тиегін беймарал ағытқан Біржаным ешқайда асығар емес. Тіпті, менің маңызды мәселем барын да есінен шығарғандай. Дана апайдың қаймақ қосылған қою шәйі таңдайыма татқанымен, батқаны қиын болып, қипықтап мен отырмын.

Шәй мәселесін жәймен бітіріп, дәлізге шыққанда да сабырлы қалпынан танбаған. Сөйтсем, Бекең ешкімді іздемей-ақ, ешкімнен сұрамай-ақ, шешімі қиын шаруамды күтпеген жерден бас-аяғы бес-ақ минутта шешіп тастайды деп кім ойлапты?! Бос бөлмелерді таңдап жүріп, бірінің есігін құлпын жұлып, серпи ашты да:

- Міне – бөлме. Көшіп кел де, тұра бер, - дегені.

Ауызбен айтып жеткізе алмайтын бақыттан басым айналып, қалайша құлап қалмағаныма әлі күнге дейін таңым бар. Тіпті, қонақжай қожайын құсап, қойма-бөлмеден шығарып берген тұрмысқа қажетті жабдықтың барлығын әпсәтте екі жақтап тасып алдық.

Қуанышым қойныма сыймай тұрса да, алаңдаушылығымды аңғарған Біржан батылдау болмасам, барды ұқсата алмайтыныма да, бұйырғаннан оп-оңай айрылатыныма да көзімді ап-анық жеткізіп еді.

- Біріншіден, - деді ол, - жатақхана жөндеуге емес, басқа мақсатта жабылады деген сөз бар. Екіншіден, заң бойынша тұрғындарға әлі балама баспана ұсынылған жоқ. Үшіншіден, мәселе түпкілікті шешілгенше, отбасылы студент ретінде мұнда тұруға толық құқылысың.

Осыны шегелеп тұрып түсіндірген ол рәсімдеу мәселесін комендантпен өзі шешетіндігін айтып, естен шала-шарпы айрылған мені шығарып салған.

Сөйтіп, әне-міне жабылады десе де, заңды (!) тұрғыны атанып, жылға жуық тұрақтаған осынау құтты мекеннен келіншегім екеуміз дипломымызды қорғаған соң ғана, қол ұстасып аттанып едік. Содан кейін арада біраз уақыт өткенде жатақханамыздың ғимараты әуе компаниясының кеңсесіне айналып шыға келгендігіне куә болғанбыз... 

***

Студент үшін шаңырақтың шаттығын шәкіртақымен ғана шалқыту мүмкін болмай, жалақысы жақсы жұмыстың да ретін таппай қиналып жүргенде, «құл базардың» пайдасы туралы әдемі әңгіме айтқан бір жолдасыма ілесіп, «есектің артын жусақ та», қаражат таппақ ниетпен еңбек биржасының алдына барғанымыз бар.

Жалдану дегеннің жабайы сиқын көргеннен-ақ, көзіміз шыққан. Тоқтай қалған көлік атаулыға лап қоятын мұндағы жұрт жұмыс берушіге жан ұшыра таласады екен. Шаруаның жайы мен құнына келіскендер әлгілердің артына мінгесіп кетіп жатыр десек те, бұл жердің біз сияқты бөтендермен бөлке нандарын бөлісе қоймайтын білегі жуан «бастықтары» барын байқадық. Сөйтіп, күні бойы далақтап, шаужайға қанша жармассақ та – еш жолатпай қойғаны.  

Көк тиындық құны болмаған өзімнің бейшара тірлігіме кешке қарай қатты қамығып қайтқан мен қапалы көңіл-күйімді Біржанмен бөліскенмін. Сонда табыссыз оралғаным тұрмақ, сол жаққа барғанымның өзіне ашуын жасырмаған ол:

- Болашағың зор жоғары білімді маман ретіндегі мақсат-мүмкіндігіңмен отбасыңа ғана емес, еліңе, халқыңа әлдеқайда орасан пайда әкеле алатындығыңа сенсең, неге өткінші қиындыққа бола жігеріңді білек күшіңе жеңдіруге тиіссің?! Бойыңдағы қымбат қасиетті болмашыға айырбастама! Ең алдымен өз тағдырыңа өзің қожайын болып, өзіңді жете бағалай біл. Өмірдегі өз орныңды дәл тауып, өзіңді соған лайықты ету өз қолыңда, - дегенге саятын қатқылдау сөзді сүйектен өткізе айтып еді... 

Сондағы азаматтығымен қуатымды қайрап, жігерімді жаныған Біржан тиістіні талап ете білу және өзіңе деген сенімді жоғалтпау сияқты өмірдің баға жетпес екі қағидасын санама сіңіріп, олардың аштықта құйқа жегендей немесе жығылғанда қолтықтан демегендей болып, жадымда мәңгілікке жатталып қалғаны анық.

Көңілден кетпес келбеті

«Сыйласқанның құлы бол» деп, елгезек болмысымен баршаны бауырына тартқан Біржанды білген кез келген адамның ойына ең алдымен оның келісті кісілік келбеті, жайсаң мінезі түсері сөзсіз. Кездесе қалғанда қашанғы қалпымен құшағын жайып, жайдары күлкісі мен қалжыңын сыйлайтыны, жылы қошеметімен көңіліңді көкке көтеріп, мерейіңді өсіріп, жігерлендіріп тастайтын мырзалығы қандай-ды?

«Еңкейгенге еңкей, әкеңнен қалған құл емес, шалқайғанға шалқай, пайғамбардың ұлы емес» дегенді жиі айтып, жадына түйген оның бойынан қателікті кешіре білер кеңдік те, кемшілігіңді түзей жүрер жөндік те, сонымен қатар, көңілжықпастықтан ада, ащы да болса шындықты бетке айтар тура бидей турашылдық та молынан табылатын.

Сөйткен Біржанның артында асқар таудай әкенің атын ардақтап, аманатын арқалайтын саналы ұрпақ қалды. Бүгінде тарих ғылымдарының докторы, профессор атанып отырған жан жары Данагүл Махат екеуі тәлімді тәрбие беріп өсірген ұлдары Ақберен еліміздің Ұлттық банкінде жауапты қызметке араласса, Ақәділ отандық ордалы оқу орнында магистрлік білімін жалғастыруда. Әлмұхаммедтей қылықты немересі өсіп келеді. Аллаға тәуба, асыл азаматтың орнында бары оңалып, ұрпағының өсіп-өнгені де, бастаған ісінің жалғасын тауып жатқаны да – дәтке қуат, көңілге медеу.

Ал бүгінде арамызда болса, ердің жасына келіп отыратын досымыз өзінің өмірдегі өрелі биіктігін басымдықпен бағындырып үлгергені анық және өз қолымен өшпестей етіп, өз есімін жазып кеткен сол мәртебелі биігінде мәңгілікке қалатыны да ақиқат. 

Серікқали МҰҚАШЕВ