Негізгі бет  /  мақалалар  /  Порошенконың отставкаға кететіні ақиқат па?

Порошенконың отставкаға кететіні ақиқат па?

Айнұр Қазыкенова
1087
Порошенконың отставкаға кететіні ақиқат па? «Көп ұзамай Украинада билік ауыспақ» деп жазады ресейлік «Дни ру» сайты. Бұл жөнінде Жоғарғы Раданың бұрынғы депутаты және Новоресей парламентінің бұрынғы спикері Олег Царев мәлімдеген.

Оның  айтуынша, Украина  билігінде құпия отырыс  болған.  Оған  қатысқандар Укриана ІІМ Арсен Аваков, Бас прокурор Юрий Луценко, Қауіпсіздік  кеңесінің басшысы Александр  Турчинов  және президент  Петр Порошенко. Басқосуда Украинадағы қазіргі  жағдай тілге тиек  болған. Барлығы бір ауыздан Украинадағы  жағдай өте «апатты»  деп  шешкен. Алдағы уақытта  жағдай бұдан  да ушыға бермек. Осы мәселені ортаға  тастаған күштік  құрылым басшылары Порошенкоға  «елдегі жағдайды  не ретте, не  болмаса, орныңнан кет. Өзге адам биік  тұтқасын ұстасын»  деген  ультиматум қойған  секілді. Бұған Порошенко: «Елдегі тәртіпті өздерің жөндеңдер»  деп  жауап беріпті-мыс.  Яғни,  жауаптың  астарында  «Мен биліктен кетемін»  деген сөз  жатқаны  анық. Қысқасы, алдағы уақытта Петр  Порошенко «денсаулығының қиындауына байланысты»  деген желеумен президенттік тақты  тастамақ. Ал  оның орнына  таласатындар кім  болмақ? Бұл  жөнінде Олег Царев  былай  дейді: «Таққа  талас бұдан  кейін Арсен  Аваков пен Юлия Тимошенко  арасында  болмақ. Бірақ ІІМ Аваков полиция мен ұлттық гвардияның   арқасында  билікті  басып алуы мүмкін». Жалпы  Ресейлік «Дни  ру»  сайтында  жарияланған бұл  ақпарат  қаншалықты  шындыққа  жанасымды екені белгісіз. Бірақ  бір анық  дүние, Укриана  билігі  үміт еткен Хиллари Клинтон  АҚШ-тағы  президенттік  сайлауда  жеңіліп қалды. Ал Дональд Трамп Украинаны  шетке  ысырып  тастап,  Ресеймен арадағы  жағдайды жақсартуға  күш  салмақ екенін   мәлімдеп  те үлгерді.  Демек, президент  Порошенкоға  бір  тықыр  расында таяған сықылды...