Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әлемде тамақты талғап, дұрыс ішуден қай ел алда тұр?

Әлемде тамақты талғап, дұрыс ішуден қай ел алда тұр?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1599
Әлемде тамақты талғап,  дұрыс ішуден қай ел алда тұр? Зерттеулерге назар аударсақ, Нидерланды мемлекетіндегі халықтың жағдайы жақсы көрінеді. Ал ең нашар тамақтанатын ел Чад елінің тұрғындары болып шықты.

Адамдардың тамақ ішу талғамын саралаған кезде, мына мәселелер алға шығатыны белгілі. Олар ең алдымен нені жейді, қандай тағамды қалайды және тамақ ішу мөлшері қандай? Бұл мәселе біріншіден, кез келген мемлекеттегі халықтың өмір сүру деңгейімен байланысты екені сөзсіз. Ал Нидерланды халқының шын мәнінде, жағдайы жақсы ма? Олардың өмір сүру деңгейі жоғары болса, бұл қандай мәселеге қатысты болып отыр? Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Нидерландыда азық-түлік тағамдары мен көкөністің бағасы басқа елдермен салырмалы түрде қарағанда өте төмен. Бірақ бұл елде де алаңдатарлық жағдай бар. Ел халқы кейінгі кезде тым семіріп барады. Егер белгіленген норма индексі 18-25 аралығын көрсетсе, Нидерландыда бұл 30-ға жетіп тұрғанға ұқсайды. Тамақты дұрыс ішу жөнінен қалған орындарды Франция, Швейцария, Дания, Швеция, Австрия, Бельгия, Ирландия, Италия, Португалия мемлекеттері алған.

Ал Чадтың елінің жағдайы неге шатақ? Зерттеу барысы көрсеткендей, Чад елінде күнкөріс қамы төменгі деңгейде, өйткені айлық жалақы аз да, азық-түліктің бағасы жоғары. Кедейліктің қамытын киген елде салмағы аз балалар өте көп. Өйткені тойып тамақ ішпеген бала қалай семіз болсын?! Чадпен қатар тұрған ел – Эфиопия мен Ангола. Одан кейін Йемен мен Африка елдері тұр.

Ал қай елдің халқы тойымды тамақ ішеді? АҚШ-та бар тағамды сатып алуға тұрғындардың мүмкіндігі мол. Қолжетімді баға Исландияда, ал Мадагаскар мен Анголада жағдай нашар, көкөністің бағасы жоғары. Осындай қарама-қайшылықтар халықтың тұрмыс деңгейін төмендетіп отыр. Африка елдері осылай кедейлікпен өмір сүріп, күнкөріс қамы үшін жанталасып жатса, мұнайлы елдердің мұңы басқа. Мысалы, Сауд Арабиясында халықтың 18 пайызы семіздік пен диабетпен ауырады, Кувейтте тұрғындардың 42 пайызы толық. Мұндай жағдай АҚШ пен Египетке де тиесілі. Мұнда тұратындардың үштен бірі семіздік сырқатына шалдыққан.

Жалпы, семіздік мәселесі әлемде өте өзекті болып тұр. Әрине, мұның бәрі тамақтанудан екені сөзсіз. Сонымен қатар қимыл-қозғалыстың аздығы да семіздікке апарып соғуда. Өмір сүру деңгейі орта дәрежеге жататын Мексика мен Венесуэллада толық адамдар көп. Десек те, Бангладеш, Непаль және Эфиопия халқы мұндай сырқаттан ада. Мұндағы қала көшелері мен ауыл, деревньяларда семіздер жоқтың қасы. Жалпы, тегінен бе, жоқ тумасынан сондай ма, ол жағы белгісіз. Ал белгілісі, соңғы үш елдің өмір сүру деңгейі өте жоғары деуге келмейді. Тойып тамақ ішпеген адам қалай толық болсын?! Ең бір қызығы, Науру аралында тұратын халықтың 71 пайызы семіз. Аралда тұрып та арық жүруге болады. Мұндай жарты арал мемлекеттің барын өзге жұрт білмесе де, қозғалысы ауырлау елдің тұрғындары өз өмірлеріне разы. Дүниеде қарны тоймағанның қадірі болмайды. Әрине, бұл жағынан Үндістан елінің жағдайы өте нашар. Мысалы, Үндістандағы балалардың 44 пайызы тоя тамақ ішпейді, олардың салмағы тиісті деңгейінен өте төмен. Қазіргі таңда бұл әлемдегі ең төменгі нәтиже болып отыр.

Әлемдегі тұрмыс деңгейінің төмендігін ең алдымен жұмыссыздық мәселесінен іздеу керек. Халықаралық еңбек ұйымы мамандарының мәліметтеріне қарағанда, қазір әлемде 10 миллионнан астам жұмыссыз бар. Алдағы онжылдықта төрткүл дүниедегі жұмыссыздар саны 50 миллионға жетуі мүмкін. Күніне 2 доллар айлық алатын отбасы мүшелерінің саны жақын уақытта 1,4 миллиард адамға жетпек.

Демек, бұдан шығатын қорытынды, кедей адам үйіндегі барын жейді. Ал байлар таңдап, талғап, тамақтың нәрін жейді.