Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ресей Ливияға аттана ма?

Ресей Ливияға аттана ма?

Айнұр Қазыкенова
1219
Ресей Ливияға аттана ма? Қарашаның соңғы күндері Мәскеуге тосын «қонақ» келіп кетті. Бірақ ол жөнінде ешқандай ақпарат құралдары жазбады. Неге? Белгісіз.

Тек араға апта  салып израильдік Debka.com сайты  ғана  әлгі  «қонақ»  жөнінде сыр ақтарды. Тіпті  не үшін келгенінде  хабардар  етті. Келген  қонақ Ливия армиясының Бас  қолбасшысы фельдмаршал  Халифа  Хафтар болатын. Оны  Ресей  Қорғаныс  министрі, Сыртқы Істер  министрі және Қауіпсіздік Кеңесі  басшысы қабылдады. Не  айтылды, қандай  құпия  мәселе  тақыланды? Бұл жұмбақ. Дегенмен  израильдік сайт, мына  бір мәселе  жөнінде  кеңірек  тоқталып өтті. Ол Ресейді Ливия  жерінде  де әрекет  етіп  жатқан  террорлық  топ «Ислам  мемлекетімен»  бірлесе  күресуге  шақыруы. Сондай-ақ, Сирия да  ғана  емес, Ливия  жерінде де  әскери база ашуына мүмкіндік  беру.  Қысқасы, Ливияның теңіз жағалауында  орналасқан ең  ірі  қала Бенгазида Ресейдің әскери  кемелері мен   ұшақтары тұруына рұхсат  беру. Фельдмаршалдың бұл  ұсынысына  Ресейдің күштік құрылым  министрлері не айтты, келісім берді  ме? Оны  алдағы уақытта көре  жатармыз. Ливия армиясының Бас  қолбасшысы фельдмаршал  Халифа  Хафтартың өз  жерінде  Ресей  әскерилерін көргісі  келетінінің жөні бар. Өйткені Ирак  пен  Сириядағы  соғыстан  шаршап, жараланған «Ислам мемлекеті» тобының  содырлары қазір Ливия  жеріндегі базаларда  демалып,  ем алып, соғысқа  дайындықтар  жүргізіп  жатқаны  белгілі. Тіпті ара  тұра Ливия әскери бөлімдеріне де  қарсы  қанды  жорықтар  ұйымдастырып қояды. Онсыз да Кадафиден  кейінгі  Ливияның мемлекет  болу  болмауы  қыл  үстінде  тұрғанда  бұл да үлкен соққы. «Ислам мемлекеті»  тобымен жанжалдасуға  Ливияның қарулы күштерінің шамасы  келе  бермейді. Өйткені 2011 жылы Муаммар Каддафиге  қарсы   соғыста НАТО күштері Ливияның Үкімет әскерін, әскери  техникаларын  аяусыз талқандаған. Ал  тозығы шыққан әскердің «Ислам  мемлекеті»  тобымен  күресуі оңайға соқпасы  анық. Демек осының  бәрін жіпке  тізген және Сирия  жерінде Ресей арнайы әскери  топтарымен техникалары  қандай күшке  ие  болғанын  сырттай  бақылаған  фельдмаршал  Халифа  Хафтар амалсыз  Ресейден көмек  сұрағаны  шындыққа  сай  деуге  болады. Ал оның өтемі  ретінде Бенгазиден база ашуына  рұхсат  беріп отыр. Екіншіден,  Муаммар  Каддафидің билік  құрған тұсында Батыс елдеріне шекесінен қарап,  Солтүстік Африкада  гүлденген   мемлекетке айналған Ливия 2011  жылы НАТО-ның  соққысынан күйреп қалды. Нақтылайтын  болсақ, Батыс  елдері сөзін  жүре  тыңдайтын Ливия  арыстаны  Каддафиді құрту  үшін  әрекет етті. Ақыры түбіне  жетті. Гүлге айналған Ливия күлге айналды. Тайпааралық  соғыстар өршіді. Ливия  бөлшектеніп кетудің алдында тұрды. Бұған «Ислам мемлекеті» тобының содырлары қосылды. Демек  қазір Ливия  өте қиын жағдайда. Сондықтан  КСРО  кезінен  жақсы қарым-қатынас орнатқан  Ресей  Ливияға  дәл  қазір  өте  қажет. Көмегіне  зәру. Сайттың көрсеткеніне  қарағанда, фельдмаршал  Халифа  Хафтар 2008  жылы Каддафи тұсында  қару-жарақ  алу  жөнінде  болған шартты қайтадан  жандандыруға  күш  салғанға  ұқсайды. Ол  кезде Муаммар  Каддафи Ресейден  құны 2 миллиард  доллар болатын  12 Су-35  әскери  ұшағын, 48 Т-90С  танкін, зениттік –зымырандық С-125 «Печора», «Тор-М2Э» және С-300ПМУ-2 кешендерін   өзге де  толып жатқан атыс  құралдарын алуға   келісім  жасасқан еді. Бірақ  белгісіз  себептермен кейінге  шегерілген. Онан  кейін  2011 жылы «Араб көктемі»  деген атқа  ие  болған  толқулар  басталды, соңы Каддафидің басын  жұтумен аяқталған. Арада  біраз  уақыт  өткізіп  барып фельдмаршал  Халифа  Хафтар  соны жаңғыртқысы  келеді. Сонымен  қатар НАТО  тарапынан  ба, әлде террорлық  топтар  тарапынан  ба,  болатын   тосын жағдайлардан  құтқарушы һәм  жарылқаушы  ретінде  Ресейді  көргісі келеді. Сондықтан Ресейге  арнайы  сапрамен  келді,  кетті. Бұған  Ресей  не  дейді? Ұсынысты  қабыл ала  ма? Белгісіз. Бірақ соңғы  бірер жылда заманауи  қаруларын  Сирияда сынап, әр  жерде әскери  база ашуға «тәбеті»  тарта бастаған Ресей  Ливия Бас  қолбасшысының  ұсынысын    жерге  тастамасы  белгілі. Өйткені Таяу Шығыс,  Балқан  түбегі, Солтүстік  Африкада  Ресейдің  үлкен мүддесі бар. Демек,  алдағы  уақытта Бенгазида Ресейдің әскери  кемелері мен ұшақтары  пайда  болып  жатса,  таң қалуға  болмас.  Дәл осы тұста  мына  бір  жағдайға  назар аудармасқа  болмайды. Жақында  ғана  Калининград қаласының түбінен көтерілген Ресейдің әскери  Су 35С  ұшағы бүкіл  Батыс  Еуропаны басып өтіп, Гибралтар бұғазына  дейін ұшып  барып қайтуы  тегіннен тегін емес. Бұл Ливияға  баратын  жолды барлау  болса  керек-ті.