Негізгі бет  /  мақалалар  /  Универсиаданың ресми тикет-офисі ашылды

Универсиаданың ресми тикет-офисі ашылды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
738
Универсиаданың ресми тикет-офисі ашылды MegaAlma-Ata ойын-сауық кешенінде 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ресми тикет-офисі ашылды.

 Ашылу рәсіміне Универсиаданың жұлдызды елшілері, спортшылары, өнер майталмандары, танымал блогерлер мен тележүргізушілер қатысты. Шара барысында жиналған қауым арасында сыйлықтар мен Универсиада билеттері ойнатылды.  

 

2017 жылғы Универсиаданың тикет-офисінің ерек­­шелігі, мұнда әлеуметтік қорғалмаған азамат­тар­ға билет сату жүзеге асырылады. Яғни арда­гер­лер, мүгедектер және студенттер жеңілдетілген ба­ғамен билет алады. Бұл жерде билеттерді ауыстыруға, қайта өткізуге, шот-фактура алуға, ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға болады. 2017 жыл­ғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру мен өт­кізу дирекциясы директорының айтуынша, осын­дай әмбебап тикет-офистің болуы аса маңызды. «Біз үлкен шараларда қолданылатын барлық ұсыныс­тар­ға, стандарттарға, талаптарға мән беруге тырыстық.  Мұндай тикет-офистің болуы қарапайым кассаларда қиындықтар мен мәселелер туындамауы үшін аса қажет. Универсиаданың болашақ қонақтары үшін жайлылық тудырмақ», – дейді дирекция директоры.
Қазіргі уақытта, Универсиаданың барлық сайыс­тарына билеттер сатылуда. Сондай-ақ кейбір спорт түрлерінің жартылай және финалдық билеттері са­ты­лымда. Алматы қаласы бойынша  – Б.Шолақ спорт сарайы, Республика сарайы, Мемлекеттік цирк, «Меломан» дүкендерінде және Астана қаласы бойын­ша «Хан Шатыр», «Меломан» «Керуен», «Мечта», My Town орталықтарында сатылуда. Бұдан бөлек би­леттерді онлайн-сатылым арқылы Универ­сиа­да­ның ресми www.almaty2017.com сайтынан,  Kassir.kz, Ticketon.kz, Bilet.meloman.kz, Biletiastana.kz және Koncertyastany.kz арқылы алуға болады. Билеттер сату бойынша біріңғай call-орталықтың телефоны: +7 /727/ 346-6-346.
Естеріңізге сала кетейік, XXVIII Дүниежүзілік қыс­қы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақ­пан аралығында өтеді. Қысқы Универсиада бағ­дарламасына 12 спорт түрі енген. Олар: мәнерлеп сыр­ғанау, шорт-трек, тау шаңғы, сноуборд, биатлон, шаң­ғы сайысы, шайбалы хоккей (ерлер,әйелдер), кер­линг, трамплиннен шаңғымен секіру,  шаңғы қос­сайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл. Бұл бәсекелерде 2 мың спортшы бақ сынайды. 3000 ерікті жұмылдырылады. Отандық және шетелдік 30 мың турист келеді деп күтілуде. Телетрансляцияны 80 елден 1 млрд халық тамашаламақ.