Басты  /  мақалалар  /  КІТАП НАРЫҒЫНА МАРКЕТИНГТІК СТРАТЕГИЯ ҚАЖЕТ

КІТАП НАРЫҒЫНА МАРКЕТИНГТІК СТРАТЕГИЯ ҚАЖЕТ

Айқын-ақпарат
3348
КІТАП НАРЫҒЫНА МАРКЕТИНГТІК СТРАТЕГИЯ ҚАЖЕТ «Кітап – асыл қазына, рухани азығың». Десек те, бүгін кітап оқитындар қатары сиреді деген пікір жиі айтылады. Расымен солай ма? Оған не себеп?

Ресми мәліметтер бойынша, республикамызда жалпы 5 мыңдай кітапхана бар. Елдегі кітап қоры 640 мыңға көбейген. Алайда кітапсүйер қауымның қажеттілігін өтей алып отырмыз ба? Еліміздегі кітап нарығы қандай деңгейде?

Таяуда Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысы өтіп, әлеуметтік-мә­дени даму комитетінің жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасын тал­қылағаны белгілі. Аталған заң жобасында кітап басу, тарату ісіндегі кейбір кемшіліктердің орнын толтырып, дұрыс жолға қою көзделіп отыр. Оның ішінде, мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптарды 2 мыңнан 5 мың данаға дейін ұлғайту және қаламгерлердің шығар­маларына берілетін қаламақы көлемін көбейту мәселелері назарға алынды. Тіпті ол үшін мемлекет бюджетінен 1 жарым миллард теңге де қарастырылып қойған. Бұл қуантарлық жайт. Дей тұрғанмен, заманауи кітап нарығы дамымай тұр, яғни, кітап басу, тарату, оқырман жинау ісі бір жүйеге келтірілмеді. 
Бұл тұрғыда Ұлттық кітап палата­сының қызметкерлері кітап нарығы, кітап шығару, оны тарату және респуб­ликадағы кітап оқу мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізіп тұрады. Мәселен, былтыр барлығы 5508 кітап пен кітап­шалар жарыққа шыққан екен, жалпы таралымы 18 миллионнан асады. Негі­зінен, еліміздегі баспа өнімдерінің 80 пайыздан астамы – оқулықтар. Былтырғы жылы басылып шыққан кітаптардың ішінде алғашқы қатардан білім туралы және көркем әдебиеттер (балалар әдебиетін қосқанда) орын алған. Кітап палатасына келіп түскен жалпы кітап санының 32,1 пайызы білімге арналса, 15,3 пайызы көркем шығармалар үлесіне тиген. Яғни, бірінші сегмент бойынша кітап саны 476 атауға артса, екіншісінде 125 атауға азайған. Бұған қарап, біліммен байланысты оқулықтардың басылуына көбірек көңіл бөлінгенін, ал көркем әдебиеттердің жылдан-жылға азайып отырғанын байқауға болады. Ал жалпы тақырып бойынша шыққан кітаптардың саны артқан. Мысалы, Қазақстан тарихы бойынша 12,2 пайыз, дінге қатысты 14,6 пайыз кітап басылыпты. Сондай-ақ былтыр балалар әдебиеті 2014 жылмен салыстырғанда 7 есеге өскен. 
Ескеретін жайттардың бірі, әлі де отандық кітап нарығында шетелдік, әсіресе, ресейлік кітаптардың саудасы басым түсіп отыр. Мамандардың ай­туынша, кітап сататын мекемелер сөре­лерінің 65-90 пайызын Ресей басы­лымдары толтырып тұр. Көп жағдайда отандық кітаптар таралымы аздық етеді, я болмаса, басылған кітаптардың дені кітапханалар мен мектептерге ғана жетеді. Десек те, отандық кітаптарымыз Мәскеудегі кітап дүкендерінің бірінде сатылады екен.
Жалпы, республикадағы барлық аймақтарға кітап таратуды тежеп отырған факторлардың бірі – логистика. Мәселен, бөлшектеп сатудың жолға қойылмауы кітап ісінің дамуын тежейді. Негізі кітап тарату ісін баспалар, кітапханалар, кітап­тарды бөлшектеп сатумен айна­лысатын сауда бөлімдері жүзеге асырады. Алайда нарықтағы басылымдардың барлығын кітап дүкендері сатып ала алмайды. 
Мемлекеттегі кітап нарығын, оның оқылуымен таралу жағдайын кітап дү­кендерінің санына қарап та көруге болады. Олай болса, басылым саудасын кеңейтуге, оқырман тартуға мүдделі мекемелердің қатары қаншаға жетіп отыр? Былтырғы статистика бойынша, республикамызда кітап саудасымен айналысатын 160 мекеме жұмыс істейді. 2014 жылмен салыстырғанда 9 жекелеген кітап дүкеніне қысқарған. Оған қоса, мұндай дүкендердің басым бөлігі негізінен Алматы, Астана, Қарағанды, Шығыс Қазақстан аймақтарында орна­ласқан. Ал басқа өңірлерде кітап саудасы тіптен кенжелеп тұр.
Соңғы жылдары елімізде электронды кітап нарығы дамуда. Яғни, ғаламтор арқылы кітап тарату ісі біріздендіріліп келеді деуге болады. Ол жерден түрлі жанрдағы кітаптар мен басқа да баспа өнімдерін табасың. Тапсырыс берушіге арнайы курьерлік қызмет те қарасты­рылған. Алайда интернет сауданың авторлық құқықты бұзу, бәсекелестікке қабілетсіз ортаны қалыптастыру сияқты кемшін тұстары да жоқ емес. 
Қазір де бірнеше интернет дүкендері бар – «Орман», Flip.kz, Setbook, «Книжный Эльдорадо», т.б. Сондай-ақ Kitap.kz –Қазақстанның ашық кітапханасы көңілге қонымды. Бүгінгі күні «Қазақстанның ашық кітапханасы» қорында түрлі бағыттағы 500-ден аса автордың 4 мыңға жуық кітабы жинақ­талған. Сондай-ақ мектеп бағдарла­масындағы «Қазақ әдебиеті» пәнінде оқытылатын 130 автордың 1500-ден аса шығармасын қамтыған аудиохрес­то­матиямен толыққан. Бұл жоғары сынып оқушыларынан қарттарға дейінгі барлық оқырмандар үшін тұтас бір әдеби әлеммен табысып, туындылардың аудионұсқасын тегін тыңдауына бірден-бір мүмкіндік.
Ал республикамыздағы ірі жоғары оқу орындарының баспалары өз өнімдерін интернет-дүкендер арқылы таратады. Одан бөлек, Қазақстан Ұлттық элек­тронды кітапханасымен қатар, елімізде ірі кітапханалардың 22 сайты жұмыс істейді. WikiBilim (Википедия) Қоғамдық қоры да интернет арқылы кітап тарату ісіне айтарлықтай үлес қосты.
Жалпы, елімізде электронды кітаптар саны жылдан-жылға артып келеді. Десек те, қаншама кітап жарық көргеніне қарамастан, кітап оқу мәдениеті әлі де төмен.Бірнеше баспатабақпен басылып шығатын кітапқа деген қызығушылықтың төмендеуі жаңа технологиялардың қарқынды дамуымен, нарыққа элек­тронды кітап басылымдарының енуімен байланысты. Саясаттанушы Эдуард Полетаев: «Әлеуметтік желілер халық пен кітаптың арасын алшақтатып жіберді» дейді. Мысалы, Ресейдің кейбір өңірле­рінде, басқа да дамыған шетелдердегі автобус, метро сияқты қоғамдық көлік­терде кітап оқып отырған жұртшылықты жиі кездестіруге болады. Бізде көбіне жастардың кітап оқуға деген қызығу­шылығы оқу бағдарламасындағы кітап­тармен ғана шектелген. 
Қазақстандағы кітап ісі негізінен мемлекеттің тікелей қолдауымен дамып келеді. Дегенмен, бұл саланың жетіл­діретін тұстары бірталай. Мәселен, халықтың кітапқа деген қызығушылығын қалай арттырамыз? Кітап ісін қайтіп жандандырамыз? Ол үшін ірі халықаралық кітаптар көрмесіне қатысып тұрудың да маңызы зор. Сол себепті, бүгінде кітапты насихаттау мақсатында түрлі шаралар мен акциялар ұйымдастырып тұрады. 
Отандық кітап нарығында кездесетін мәселелерге тоқталатын болсақ, кітап құнының қымбаттығы, біраз қалаларда баспалар мен кітап дүкендерінің аз болуы, баспа өнімін тарататын және кітап басып даярлайтын жоғары дәрежелі мамандар­дың тапшылығы, отандық полиграфия базасының жабдықталмауы, кітап сау­дасын арттыратын маркетингтік страте­гияның жоқтығы сияқты мәселелер аталмыш саланың дамуын тұралатып тұр. Шынымен де, бізде жаңадан жарық көрген кітапты жарнамалау, қалам иесін насихаттау жұмыстары жолға қойыл­маған. Ал кейбір елдерде мұның барлы­ғымен әдеби агенттіктер айналысады. Сол жұмыстың арқасында көпке белгісіз жазушыны атақтыға, жаңа шығарманы танымалға айналдырмақ. Ендеше, біз үшін де бұл ойланарлық нәрсе. 
Жалпы, кітап ісін қолға алып, зерттеу жүргізіп отыратын ҚР Ұлттық мем­ле­кеттік кітап палатасы еліміздегі кітап ісі саласындағы жетекші ұйымдардың бірі. «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітап палатасы – ұлтымыздың жады, халқымыздың тарихы, тасқа басылып, хатқа түскен әрбір сағаты, тәулігі, айы мен жылы деуімізге болады» деген екен белгілі жазушы Дүкенбай Досжан. Кітап палатасына алдағы жылы 80 жыл толмақ. Осы уақыт ішінде Кітап палатасы Қазақ­станның мемлекеттік библиография, баспасөз статистикасы, библиография­лық анықтама беру және Халықаралық стандарттық нөмірлер (ІSBN, ІSSN) тағайындайтын ғылыми, рухани орталық ретінде қалыптасып, соңғы жылдарға дейін стандарттық нөмірлер беріп отыр­ды. Бүгінде мұндағы Мұрағат қорында 
4 436 980 баспа өнімі сақтаулы. Оның да кітаптарды тіркеу, ретке келтіріп отыру, санитарлық тазалық жүргізіп тұру сияқты жұмыстары көп. Мұндай шаруаларға кейде студенттерді де жұмылдырсақ құба-құп болар еді. Яғни, руханият, мәдениет салаларында еңбек ететін «Жасыл ел» студенттер жасағы тәріздес жастар отрядтарын қалыптастырса, сол арқылы студенттерге еңбекақысы төленетін болса тамаша болар еді. Әзірге ондай арнайы бағдарламалар жоқ. Бірақ болашақта мәдениет саласына қамқорлық жасауда мұндай бастамалар өмірге келерінен үміттенеміз. Сондай-ақ ұзақ жылдар бойы сақталатын кітаптар үшін қаражат төленіп отырғаны дұрыс деп ойлаймын, себебі, ол да бір заман үрдісі. Әрі көненің көзіндей болған кітаптардың заманауи тәсілдермен сақтау үшін оған тиісті қаражат қарастырылып, күтіп-бапталып отырғаны жөн деп есептейміз. Әрине, бұл енді көкейде жүрген ойлар ғана. Жүзеге асуы уақыттың еншісінде екені анық. Бір білетініміз кітап ұлттың қазынасы.
Адамның басқа тіршілік иелерінен басты айырмашылықтарының бірі – ойлай білетіндігі болса керек. Ал француз ағартушысы Дени Дидро: «Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлауды да тоқтатады» деп бекер айтпағаны анық. Келешек ұрпақ ойлауды тоқтатып, адамнан қайтадан аңға айналып кетпеуі үшін, бүгіннен бастап кітаптың қадірін арттыра білгеніміз жөн.

Жәнібек КӨРПЕБАЕВ,
ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директорының 
бірінші орынбасары