Негізгі бет  /  мақалалар  /  БІЛІМ САПАСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

БІЛІМ САПАСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ

Айқын-ақпарат
1139
БІЛІМ САПАСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ БАСТЫ ТЕТІГІ «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары балабақша, орта мектептер, колледж бен жоғары оқу орындарының лицензия алуы мен мемлекеттік аттестациядан өтуіндегі кемшіліктерді анықтады.

Партияның орталық аппаратында сайлауалды бағдарламаның «Білім» бағыты бойынша өткен кезекті комиссия отырысында Білім ордаларының лицензия алу мен мемлекеттік аттестациядан өту проблемалары талқыланды. Жиынға Парламент Мәжілісі депутаттары, Білім және ғылым министрлігі мамандары, ЖОО ректорлары, қала мен облыс әкімдері, аймақтық Білім бас­қармаларының жетек­шілері, сондай-ақ салалық қоғамдық және үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері қа­тысты. Видеоконференция форматында өткен алқалы отырыста білім саласының күн тәртібіндегі бірқатар келелі мәселелері көтерілді. 
– Лицензия, мематтестация мен халық­аралық аккредиттеу мәселелері – білім сапасын бақылаудың басты тетігі. Бұл – еліміздің «Білім туралы» заңымен реттеледі. Әлемдік аккредиттеуден өткен мемлекеттік ЖОО білім бағдарламаларының есептік реті 2016-2016 жылдарға арналған Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдар­ламасын жүзеге асыру жөніндегі партияның сараптау және бақылау көрсеткіштерінің тізіміне енді, – дейді Комиссияның партия­лық жетекшісі Әбдіманап Бектұрғанов. 
Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділда­ева білім беру мекемелерінің соңғы үш жылдағы аттестациядан өту мен лицензия алу бойынша сараптама қорытындысын ұсынды. Де­путаттың мәліметіне сүйенсек, кейінгі уақытта мектепке дейінгі мекемелер аттестациядан өтпеген және бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп отырған. Мәселен, 2014 жылы аталмыш білім ошақтарының 540-ы қажет аттестатын алса, 120-сы бұл тексеру­ден өтпеген. Биыл 449 мекеме сәтті өте алғанымен, 118-і қажет есебін тапсыра алмаған. Балабақшадағы басты кемшіліктер – оқу жоспарының мемлекеттік жалпы білім беру стандартына сәйкес келмеуі, педагогикалық қызметкерлердің білімінің болмауы және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. 
Орта мектептердегі жағдай да мәз емес. 2014 жылғы аттестаттаудан өтпеген білім ордалары 52,3% болған. Биыл бұл көрсеткіш 54,6 пайызға жетіп, тестілеуді тапсыра алмағандардың жыл сайын саны артып отыр. Осы орайда, фракция мүшесі салалық меке­мелер кемшіліктерді түзету мен алдын алу бойынша сараптама жүргізіп отыру керектігін айтты. 
– Лицензия алу мәселесі де кенжелеп тұр. 2014-2016 жылдары өтініш берген 5232 білім ошағының 37,6 пайызының сұранысы қана­ғаттандырылмаған, – дейді Наталья Жұмаділ­даева. Бұған негізгі себеп – оқушылардың білім деңгейінің төмендігі, жұмыс оқу жоспарының стандартқа сәйкес келмеуі, 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілмеуі, базалық білімі бар кадрлардың жетіспеуі мен ауыл мектептеріндегі материалдық-техни­калық базаның әл­сіздігі. Сондай-ақ жаңа үлгідегі кабинеттер мен шеберлік сынып­тарының болмауы, ғаламтор жүйесімен толық­қанды қамта­масыз етілмеуі сала маман­дарының назарына ұсынылды.  
Мұндай жағдай техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде де орын алуды. Аталған білім ордаларының соңғы үш жыл­дағы көрсеткіші 47,9 пайыздан 53,9% өскен. Бұл мәселе турасында депутат «Алматы, Павло­дар, Оңтүстік Қазақстан облыстарының осы бағыттағы барлық дерлік мекемелері аттестаттаудан өте алмаған. Жоғарыда аталған негізгі кемшіліктер бұл білім ошақтарын да айналып өтпеген» дейді. 
Әйтсе де, ЖОО-дағы аталмыш көр­сеткіш жақсы нәтиже берген. Зерттеу жүргізілген үш жылда тексерістен өтпеген оқу орындарының үлесі 90 пайыздан 66,7% төмендеген. Партия фракциясының мүшесі бұл қорытындыға қуану әлі ерте екендігін ескертті. Себебі, сол 3 жылда өтініш берген 3032 ЖОО-ның 85 пайызының сұранысы қабылданбаған. Мұнда тек білім гранттарын  қаржыландырудан бөлек, халықаралық аккредиттеуден өтуге маңыз беру керектігі айтылды. 
Жиын соңында комиссия мүшелері мем­лекеттік құзыретті мекемелерге жол­данатын ұсыныстар тізімін жасады. 
Асыл ТҰМАР