Негізгі бет  /  мақалалар  /  Орталық Азиядағы өмір сүруге ең қолайсыз қалалар

Орталық Азиядағы өмір сүруге ең қолайсыз қалалар

Айқын-ақпарат
1302
Орталық Азиядағы өмір сүруге ең қолайсыз қалалар Британиялық Independent басылымы Business Insider бизнес порталына сілтеме жасай отырып, өмір сүруге ең қолайсыз деп танылған қалалардың тізімін жариялады.

Ең қызығы, бұл тізімге Африка құрлығындағы қалалардан бөлек, Орталық Азия елдерінің төрт бірдей астанасы еніпті.

Business Insider порталы талдау компанияларының үлгісімен жыл сайын ең нашар қалалар мен елдердің тізімін жасап отырады. Бұл тұста назарға мына критерийлер алынады: саяси және әлеуметтік тұрақтылық, экономика, әлеуметтік-мәдени ахуал, медицина мен денсаулық сақтау саласы, білім беру жүйесі, көлік, тұрғын үй мәселесі, сондай-ақ, демалыс орындары мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері.

Биыл өмір сапасының индексі бойынша әлемдегі ең ірі консалтингтік компанияларының бірі – Merker дүниежүзінің 230 елінің ішінен 27 мемлекетті ерекше талдауға алған. Өмір сүру үшін ең нашар қалалардың 26 орнында Ташкент тұр. Басылымның жазуынша, «Соңғы жылы бұл орталықазиялық қала терроризмнің ұяшығына айналды. 2015 жылы Ташкентте соңғы 11 жыл ішінде АҚШ-тың елшілігіне бірінші рет шабуыл жасалды. Ал үкімет әлі де күшейіп бара жатқан экстремизммен күресіп келеді». 23 орында – Түркменстан астанасы Ашхабад. Басылымға сенсек, бұл қаланы үкімет қатты қадағалайды. «Жұмыс орындарының басым бөлігі мемлекеттік кәсіпорындарға келеді. Өкінішке қарай, нашар мемлекеттік менеджменттің кесірінен ел астанасы су тапшылығын сезінуде, бұл қала тұрғындарына көп қолайсыздық туғызады, себебі мұндағы ауа температурасы 2015 жылдағыдай Цельсий бағамы бойынша 47,2 градусқа дейін жетуі мүмкін» - деп хабарлайды Business Insider.  

         21 орында – Бішкек. Қырғызстан астанасын бизнес портал былай суреттеген: «Елдің экономикалық орталығының өзінде кедейшілік деңгейі өте жоғары. Ал ел үкіметі «Ислам мемлекеті» (ИГИЛ) ұйымының өкілдерімен күрес жүргізіп жатыр».

Рейтингте 19 орынға жайғасқан Душанбені шетелдік басылым «кедейлік жайлаған, энергоресурстарға мұқтаж қала» деп таныған. Тіпті, басылымның хабарлауынша, бұл түйткілдер бүкіл ел үшін үлкен мәселе боп тұр.

Рейтингтің алдыңғы бестігінде Судан, Гаити, Йемен мен Орталық Африка Республикасының қалалары тұрса, бірінші орынға Ирак астанасы – Бағдад орналасқан.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ